Елордалық жастар TikTok әлеуметтік желісіне видео түсіру үшін көпірдің арқасына шығып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталмыш оқиға 26 шілде күні таңертең 04:30-да болған. Полицияға Қабанбай батыр даңғылында орналасқан көпірдің арқасына біреулердің өрмелеп бара жатқаны туралы куәгерлерден хабар келіп түскен. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде аталған фактінің шынайылығына көз жеткізілді. Тәртіп сақшылары 19 және 21 жастағы елорданың үш тұрғынын ұстады. Олар TikTok әлеуметтік желісіне ерекше видео түсіру үшін осындай әрекетке барғанын айтты», деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
«Сарыарқа» ауданының полиция басқармасының учаскелік инспекторлары тәртіп бұзушылармен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша профилактикалық әңгіме жүргізді.