• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2021

Жәрдемақыны заңсыз алғандар

242 рет
көрсетілді

Қарапайым халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақ­сатында қазіргі кезде мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақының түрі көп. Оны түрлі санаттағы азаматтар алып та келеді. Мәселен, былтыр елімізде карантин болған кезде, табысынан айырылғандарға 42 500 теңгеден берілген еді. Сол сияқты көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларға да мемлекет тиісінше көмек көрсетілуде. Алайда Жам­был облысында көпбалалы әкелердің заңсыз жәрдемақы алып келгені анықталып отыр. Өңірде көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде, мемлекетке 14 млн теңгеден аса залал келгені белгілі болды.

Елімізде мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға төленетін жәр­демақының орташа мөлшері 48 мың теңгені құрайды. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жам­был облысы бойынша депар­таменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау кезінде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқорлыққа алынған балалар басқа ата-анасының отба­сында ескерілмеген болса, жиынтық балалар ескерілетінін жеткізді. Өз кезегінде аталған қағиданың 9-тармағына сәйкес, өтініш беруші бірге тұратын балалардың көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау туралы өтінішін көр­сете отырып, балалардың бір­лескен тұрғылықты мекенжайын растайды. Сонымен қатар Аза­маттық кодексінің 16-бабына сәйкес, он төрт жас­қа тол­­маған балалардың заң­ды өкіл­дерінің тұратын жері олар­дың тұр­ғы­лықты жері болып танылады екен.

Сондай-ақ Р.Төлебаев ер­лі-зайыптылар арасында неке бұ­зылған жағдайда ата-анасының біреуімен балалардың бірге тұ­руы сот шешімімен расталатынын айтты. «Алайда бірнеше жәрдемақы алатын аза­мат өті­нішінде балалары өзімен бірге тұ­рады деп көр­сеткенімен, сот шешімімен олар­дың анасымен бірге тұра­тыны белгілі болған», дейді ол.

Бұл ретте «Азаматтарға ар­нал­ған үкіметтен» көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдем­а­қы­ның ата-аналар арасынан тек әкесі тарапынан өтініш біл­дір­гендер туралы ақпарат сұ­ра­тылып, ол тізім бойынша қалалық сот шешімімен сәйкестендіріліп, қаралды.

«Бас тартылған қалған істер бойынша жәрдемақы алушылар артық төленген соманы ерікті түрде қайтаруға міндеттеліп отыр. Зерттеу барысында 27 төлем алушы бойынша 14 млн 337 мың 143 теңге көлемінде ар­тық төлемді құрады. Артық төленген сомадан 150 мың теңге республикалық бюджетке қай­тарылды. Көпбалалы отбасылар, әдетте, аз қам­тыл­ғандықтан, ақшалай қа­ражатты қайтаруды олар бір­тіндеп жүр­гізеді. Сондай-ақ тағы 38 төлем алушы бойын­ша тиісті жұмыс жүр­гізілуде. Ал 18 төлем алушы ай сайын жәр­демақыны алу үшін, берген өтінімдерінде дұрыс емес ақпарат енгізу арқылы бірге тұратын бала­лар санын көбейткен. Атал­ған азаматтардың іс-әреке­тін­де алаяқтық белгілерінің бай­­қа­­луына байланысты, ше­шім қабылдау үшін полиция депар­­­таментіне жолданды», дей­ді атал­ған департаменттің бас­­қарма басшысы Дәурен Омаров.

Расында, бүгінде қоғамда балаларын алға салып, сол ар­қылы көлденең пайда тапқысы келетіндер қатары көбеюде. Бірақ заңды белден басып, оңай олжаға кенелудің ақыры осындай болып отыр. Мамандардың айтуынша, жәрдемақының заңсыз тағайындалуына әкеліп соққан басты фактордың бірі – көрсетілетін қызмет стандартында «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлерінің құ­жат қабылдау кезінде сот ше­шімін талап ету құқығының болмауы екен. Ал еліміздің Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің Еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таң­­да 124 адамның ішінен 59 отбасы жәрдемақыны заңға сәйкес алып отыр.

«27 іс өтініш берушінің бірге тұратыны туралы жалған мәлімет ұсынуына байланысты бас тартылды. Оның ішінде 2 төлем алушы бойынша әкесімен бірге тұрмайтын балаларды есепке алмай, жәр­демақы мөлшерін азайту жағы­на қарай қайта есептеу тура­лы шешім қабылданды», дей­ді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жам­был облысы бойынша депар­таменті басшысының міндетін атқарушы Райхан Назарова.

 

Жамбыл облысы