Алтын бесік ауылдардың сәні мен салтанатын арттырып, сүттей ұйытуға, кем-кетікті келістіріп, олқылықтың орнын толтыруға бағалы бағдарламаның баянды шарапаты тиіп тұр.
Үстіміздегі жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бір ғана құрылыс саласында 35 жоба жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 2821,9 млн теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік-тұрмыстық мекемелердің инженерлік инфрақұрылымдары жөнделмек, білім ошақтары күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңаша кейіпке енгізілмек. Таратып айтатұғын болсақ, көптен бері қордаланып қалған мәселелердің бағдарлама арқылы жүргізілетін жұмыстың арқасында шешіліп, кейбір көнерген ғимараттардың қайтадан ел игілігіне жарайтындығы дау тудырмайды. Ел ішінде көңілге алаң туғызған мәселелер аз емес еді. Әсіресе, аудан ішіндегі жол жайы. Биыл көп тілегі қабыл болып, Жақсы ауылының Абай, Степная-1, Степная-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында ауылымыздың бет-бейнесі өзгеріп, әдемі болып қалды, – дейді ел ағасы Омар Қосшығұлов, – қанша күтіп ұстаса да жолдың тозатындығы белгілі. Биылғы жылы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көпшілікке қолайлы жағдай туғызылып отыр. Әншейінде ауылға ешкім көңіл бөлмейді деген пікір айтылып жатады. Неге бөлінбесін, Жақсыдағы жақсы шаруалардан қамқорлықтың қаншалықты мол екендігін аңғаруға болады. Қазір ауыл тұрғындары құрылысты, әсіресе күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын көздерімен көріп отыр.
Айтса айтқандай, бір ғана Запорожье ауылында төрт бірдей жоба қолға алынып, оның екеуі бойынша жұмыс басталып кеткен. Сондай-ақ Лозовое селосында да 5 жоба жүргізілсе, Белағашта 5, Қимада 5 жоба қолға алынған. Тыңғылықты атқарылған жұмыстың арқасында бұл ауылдардың бейнесі еш жерден кем болмайды.
Жақсы ауылының өзінде мамыр айынан бері аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Жоба бойынша бөлінген қаражаттың көлемі 213,9 миллион теңгені құрайды. Бұрын сәл тозып кеткен мәдениет үйінің кіре берісінен бастап, ішкі бөлмелері де жаңартылып, заман талабына сай әрлендіріліп, құлпыртылуда. Алдағы уақытта ойға алған жұмыс түгел аяқталған кезде ауылдың орталығындағы мәдениет үйі тұрғындардың рухани дүниесінің кемелденуіне келісті үлес қосатын орынға айналмақ.
Запорожье селосындағы орта мектептің тек қабырғалары ғана қалған, қалғанының бәрін құрылысшылар қопарып алып тастапты. 1975 жылы салынған екі қабатты ғимарат көптен бері құрылысшының қалағы тимеген соң тозыңқыраған жайы бар екен. Енді жоба бойынша бөлінген қаражатқа мектептің едені, төбесі, терезесі, сыртқы қаптауы, қоршауы, электр желілері түп-түгел ауыстырылмақ. Ауқымы атшаптырым мектеп жанындағы алаң жаңадан қоршалып, абаттандырылмақ. Ауыл балалары мектеп жанындағы спорт залында түрлі үйірмелерге қатыса алады. Қазірдің өзінде еңселі, кең спорт залдың реңі кіріп қалған. Құрылыс жұмыстарымен 45 адам айналысуда. Әуелгі келісім бойынша 8 айда түгел аяқтап шығу керек.
– Құрылысшылар уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр, – дейді құрылыс бригадасының бригадирі Елубай Төлегенұлы, – жалпы көлемі екі мың шаршы метрді құрайтын мектепті жаңадан салып шықтық десе де болғандай. Жұмысқа жергілікті тұрғындар да тартылып отыр. Ал негізгі мамандар өзіміздің бригаданың шеберлері.
Ауылдағы оң оқиға осындай болғанда, аудан орталығындағы қауырт шаруа көз сүйсіндіреді. Жақсы ауылындағы оқушылар үйін жөндеуге қыруар қаражат бөлініп отыр. Шебер қолды құрылысшылар өз міндеттерін тап-тұйнақтай етіп атқаруда. Осындағы №1 және №2 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы ел болашағы үшін жасалып жатқан айтулы қамқорлық деп айтсақ, жарасымды.
Жақсының жағымды жаңалығы аз емес. Мәселен, денешынықтыру-сауықтыру кешені қолға алынған. Оған 585,6 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Шалғайдағы шағын ауыл үшін ақ түйенің қарны жарылған олжа іспетті дүние. Шағын футбол алаңы да салынбақ.
Шоқ жұлдыздай шағын ауыл алға басқан замана қадамымен қатар адымдап, көркейіп келеді. Ел де ертеңіне сенімді. Ең бастысы, сол емес пе?!
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы