«Елу жылда – ел жаңа» дегендей дәл 50 жыл өткеннен кейін күршімдіктерге жағаның ар жағына көпір үстімен қатынау бақыты бұйырайын деп тұр. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп бастап, «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі шығыстағы меншікті тілшісі Азамат Қасымның мақаласынан кейін жарты ғасыр қатып қалған «сең» қозғалған еді.
Дәл осы мақаладан кейін президентіміз Қасымжомарт ТОҚАЕВ: «Үкіметке ШҚО әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын», деп арнайы тапсырма берген болатын.
Міне содан бері көңілі дархан, пейілі кең, «сабыр түбі – сары алтын деп» жылдар бойы төзім мен шыдамдылықтың нышанына айналған күршім халқының қуанышында шек жоқ. Президентіміздің тапсырмасынан кейін көп ұзамай көпір құрылысының жұмыстары басталып та кетті. Маусым айында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов құрылысы басталған Бұқтырмадағы көпірдің капсуласын салу салтанатты рәсімін өткізді. Дәл қазіргі кезде көпір құрылысына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«ОблШығысЖол» ЖШС-нің көпір құрылысы бойынша орынбасары Нығматулла Абдулхаковтың айтуы бойынша, көпір құрылысына тартылған жұмысшылар үшін 125 орындық жатақхана толығымен дайын. Екінші 125 орындық жатақхананың ішінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір мезетте 120 адамға арналған асхана жұмыс жасап тұр. Жұмысшыларға арналған монша да дайын. Сонымен қатар телефон, интернет желісін орнату жұмыстары жүргізілуде. Көліктерге арналған автотұрак салынады.
Бүгінгі күнге қосымша 400 тонна (диаметрі 1200) және120 тонна тұрба (диаметрі 1380), уақытша көпір құрылысына арналған 800 тонна балка, 350 тонна цемент, 52 дана темір бетонды плиталар жеткізілді. Осы жұмыстармен қатар, негізгі жолдың құрылысы жүргізілуде. Тамыз айының ортасына дейін асфальттау жұмыстары аяқталатын болады.
Құрылыс басында бір цемент зауыты бар. Қосымша тағы бір цемент зауытын салу үшін Алматы қаласынан құрал-жабдықтар шілде айының соңына дейін келеді деп күтілуде.
Қазіргі кезде құрылысқа қажетті 61 әртүрлі маман иелері жұмыс істеуде. Жұмыскерлер негізінен жергілікті тұрғындар. Көпірдің негізгі құрылысы басталған уақытта қосымша мамандықтармен (білікті дәнекерлеушілер, арматурщиктер, ағаш ұсталары-бетоншылар т.б.) жұмыскерлер алынатын болады.
- Жалпы көпір құрылысын салу бойынша жұмыстар жоспарға сай атқарылуда, - дейді Нығматулла Абдуллаұлы.
Рүстем Асқарұлы