Нұр-Сұлтанда рұқсат етілмеген полигондардың үштен бірі азайды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Елордалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, жуырда Ақмола облысының Айналма жолы аумағында, сондай-ақ Байқоңыр ауданында ведомство инспекторлары апатты қоқыс үйінділері бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейд барысында полигондар жойылды.
Өткен жылмен салыстырғанда рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындар саны әкімдік тарапынан күшейтілген бақылаудың нәтижесінде 533-тен 385-ке дейін, яғни үштен бірі азайған.
Естеріңізге сала кетейік, рұқсат етілмеген қоқыс орындары жыл сайын «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ Геопорталының ғарыштық мониторингі арқылы табылып, жойылады.
Биыл 42 мың тоннадан астам қоқыс кәдеге жаратылып, 100-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылды.