Қостанай облысының Полиция департаменті шілденің басындағы ми қайнатар аптап ыстықта өрт тиген орманды сөндіруге атсалысқан ауыл тұрғындарына бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етті.
Шілденің сегізінде «Пригородный» орман шаруашылығында тұтанған алапат өртті ауыздықтауға облыстық төтенше жағдай қызметінің 30-дан астам арнайы техникасы, 100 шақты өрт сөндіруші мен 80 полиция қызметкері жабылған. Алайда өртпен бірге көтерілген күшті желдің екпінімен өршіген қызыл жалынды тойтару мүмкін емес еді. Шарпуы шақырымдық жерді қарыған тілсіз дұшпан аз уақыт ішінде жолындағының бәрін жалмай жылжып, Новоселов, Осинов және Абай елді мекендеріне қауіп төндіре бастаған.
Жағдай ушығып бара жатқан сәтте өрт сөндірушілерге болысуға жергілікті шаруашылықтардың соқа тіркеген тракторлары мен грейдерлері, күрек-кетпен ұстаған жұмысшылары келіп жеткен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», осылайша, дер кезінде келген қосымша күштің көмегімен дүлей өрттің беті қайтып, 300 гектардан астам орман алқабы аман қалды.
Автогрейдер жүргізушісі Абай Үсеновтің айтуынша, өрт кезінде айналаны түгелдей түтін басып, алдағы жол көрінбей қалған. Тек грейдер келіп жол салған соң ғана өрт сөндірушілер орман ішіне өтіп, өрт ошағы мен оның әрі қарай таралу бағытын анықтай алған.
–Әрбір елді мекенде ерікті өрт сөндірушілер жасағы болу керек. Қазір Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Мұндай жасақтарды арнайы киімдермен және өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету жағын да ойластырып қойдық. Олар төтенше жағдай туындай қалған жағдайда жедел қимылдап, тез арада негізгі күшке көмекке келуге тиіс, – деді Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов.
Облыстық Төтенше жағдай департаментінің басшысы Біржан Кәрімов те марапат иелерінің қолын алып, қысталаң сәтте табиғат байлығын қорғап қалу үшін қолындағы техникасы мен бойындағы бар күш-жігерін аямаған өжет тұрғындарға шынайы разылығын білдіріп, алғыс айтты.
Қостанай облысы