Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы – бас санитар дәрігер Мәдениет Танауовтың мәліметінше, 25 маусымнан бері қауіпті вирусты жұқтырушылар саны артқан. Мәселен, 1-21 шілде аралығында 5 082 жағдай тіркелген.
– Өткен аптада науқастар саны 1,2 есеге өсті. Қауіпті індеттің жұғу ошағы адамдар көп жиналатын орындар болып тұр. Науқастардың тең жартысы түнгі клубтар, тойлар, еске алу іс-шаралары мен сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында жұқтырады. Сондай-ақ 23,8 пайызы – науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандар. Ал 17,7 пайызының қоғамдық көліктермен жүру кезінде жұқтырғаны анықталды, – дейді М.Танауов.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің айтуынша, күрделі эпидемиялық ахуал қалыптасып отыр. Былтырғы алты айда коронавирус инфекциясынан 110 адам қайтыс болған еді. Ал биылғы қаңтардан бері қайтыс болғандар адамдардың саны 233-ке жетті. Эпидемиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты дәрігерлерге салмақ түсетіні даусыз. Қазір өңірде 6 575 медицина қызметкері бар. Оның ішінде дәрігерлер саны – 1 479, ал орта және кіші медицина қызметкерлерінің құрамы – 5 096 адам. Оның ішінде 375 ақ халатты ауруханалардағы инфекциялық стационарлардың «қызыл аймағында» жұмыс істейді. Тағы 275 қызметкер резервке алыныпты.
Қазір 41 вакциналау бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде жылжымалы 10 бекет бар. Жыл басынан бері вакциналау бекеттеріне таратылған 141 200 доза вакцинаның 93 пайызы игерілген. Өткен аптада тағы да ресейлік Спутник V вакцинасының екінші компонентіне арналған 10 мың дозасы жеткізілді. Ал облыстық перинаталдық және кардиология орталықтарында, облыстық, модульдік, №2 облыстық ауруханаларда, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер аудандық ауруханаларында 8 оттегі стансасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 1 514 пульсоксиметр, 669 оттегі концентраторы, 272 өкпені жасанды желдету, 13 компьютерлік томография, 41 рентген, 4 МРТ аппараттары, 113 жедел медициналық көмек көлігі мен 7 жылжымалы медициналық кешен бар.
Бір айдан аса мерзімнен бері «қызыл аймақтағы» өңірде коронавирус инфекциясын жұқтыру тоқтар емес. Мәселен, 24-26 шілдеде 1 346 адамнан қауіпті вирустың белгісі табылған. Әсіресе, науқастардың саны Атырау қаласында көбейіп барады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, үш күннің ішінде мұнайлы шаһарда коронавирусқа шалдыққан 976 пациент анықталыпты. Сондай-ақ соңғы үш күнде Теңіз кенішінен 103, Жылыой ауданынан 115 науқастың тіркелуі алаңдатпай қоймайды.
Коронавирус жұқтырып, үйінде емделу үшін оқшауланғандар саны да арта түсті. Қазір 3 839 адам үй жағдайында ем-дом қабылдап жатыр. Бұған қоса инфекциялық стационарлардағы науқастар саны 1 325 адамға жетті. Жағдайы нашарлаған 78 науқас жансақтау бөліміне түскен. Оның ішінде 10 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Өңірдегі эпидемиялық ахуал күрделенген соң карантиндік шектеу мен сақтық шаралары қайтадан күшейтілді. Мәселен, барлық деңгейдегі әкімдіктердің қызметкерлері мен келушілер Аshyq бағдарламасын қолданады. Олар коронавирус инфекциясына қатысты мәртебесін көрсету арқылы кіре алады.
– Бұл талап облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық округ әкімдіктерінде жүзеге асырылады. Мұндағы мақсат – адамдардың саулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өңірде сәуір айынан бері Ashyq бағдарламасына кәсіпкерлер тарапынан 812 өтініш түсті. Оның ішінде 781 нысанға QR-код берілді. Келушілерді тіркемегені үшін 13 нысан бағдарламадан екі аптаға шығарылды. Ал 577 кәсіпкерлік нысаны тесттік режімнен өтті, – деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Атырау облысы