• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2021

Ақтөбе облысында 8 мың гектар жерді құрт жайлады

482 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов, басқарма басшысының орынбасары Асылжан Әптиев және облыстық аумақтық инспекциясының басшысы  Бақытғали Шайхиев облыс жерінде таралып жатқан шабындық көбелегіне қатысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz. Брифингтегі ақпараттар «Ақтөбе» газетінің сайтында жарияланған

Зиянкестерді жою үшін химиялық өңдеу жұмыстары басталып кетті. Олар облыстың 8 мың гектар жеріне тарап үлгерген. Бірақ  таралу көрсеткіші күн сайын өзгеріп отырады. Оның 5400 гектары шаруа қожалықтарының жері. Егісі мен бау-бақшасы көп Мәртөк ауданының 4 мың  гектар, Қарғалы ауданының 1800 гектар, Алға, Мұғалжар, Хромтау аудандарының 1000 гектарға жуық жерлеріне улау жұмыстары жүргізілмек. Бұған техникалар бар. Дәрілер де толығымен жеткілікті.

Басқарма басшысының айтуынша, әр шаруа қожалығы өз жерін өздері улауы тиіс. Өйткені мемлекет тарапынан тек шегірткеге қарсы тегін көмек беріледі. Бірақ зиянкестерді жоятын дәрінің 50 пайызын үкімет субсидия қылып қайтарады. Егер шаруа қожалықтары өз жерін улауға техникасы, құралдары басқа да мүмкіндіктері  болмаса, Ақтөбе қаласындағы мекемелердің ақылы қызметіне жүгіне алады. Өрісті улағаннан кейін малға қауіп бар. Сондықтан округ әкімдері бұл жұмысты тиянақты ұйымдастыруы керек. Мал жайылымын өзгертіп, алдын ала халыққа ескертіп, уланған жерлерге белгілер қойылады.

— Фитосанитарлық нормативтерді, фитосанитарлық есепке алу нысандарын, сондай-ақ оларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №584 бұйрығына сәйкес шабындық көбелегін улаудың мынадай тәртібі бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңадан көктеп келе жатқан уақытында  1 шаршы метр жерде 5-10, ал қазіргі кезде 1шаршы метр жерге 20 құрт болса улау керек. Ал облысымыз жеріндегі  шабындық көбелегі  әр жерде әртүрлі. Олар жусан, арамшөп, майлы дақылдар және көкөністерге түсіп отыр. Қазіргі таңда улап жатырмыз, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.

Бұл 8-10 жыл сайын пайда болатын зиянды құрттар. Ауа райының да әсері бар. Жаңбырдан кейін қаулайды. Жақында облысымыздың барлық аудандарына жауын жауды. Одан кейін күн ысыды. Шабындық көбелегінің пайда болып, көбеюіне қолайлы болып отыр. Бір қуанарлығы, әзірге шабындық жерлерде бұл құрттардың белгісі байқалған жоқ.