Төрт боксшымыз алғашқы жекпе-жегінде-ақ жеңіліп, жер шұқып қалған едік. Бүгін еңсеміз қайта тіктеліп, енді төрт боксшының тілеуін тілеп отырған жайымыз бар. Кеше Қазақстан құрамасының көшбасшылары Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев кеткен есені қайтаратындай қалыпта өнер көрсетті.
75 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромоновпен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Тағы да кешегі сценарий қайталана ма деп алаңдадық. Алайда екінші раундта тез есін жиған Әбілхан қарсыласын нокдаунға жіберіп, басымдықты күшейте түсті. Үшінші кезеңде де қарсыласына бірнеше соққы дарытқанының нәтижесінде, төрешілер жеңісті бірауыздан Аманқұлға берді. Енді ширек финалда Әбілхан Бразилияның өкілі Эберт Консейсан Соузамен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған.
«Бұл менің Олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын соқты. Жалпы, Олимпиадада жекпе-жек оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді. Әрине, құрамадағы жігіттердің жеңілісі көңіл күйімізге кәдімгідей әсер етті. Не дегенмен, олар мықты спортшылар ғой. Біз – бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын. Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бірінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды», деді Әбілхан.
91 килодан жоғары салмақта рингке шыққан Қамшыбек Қоңқабаев Мысыр елінің өкілі Есри Мұстафамен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты.
Қамшыбектің ширек финалдағы қарсыласы ресейлік Иван Верясов болмақ. Егер де Аманқұл мен Қоңқабаев жеңіске жетсе, жартылай финалға жолдама алады.
Қазақстандық садақшы Ильфат Абдуллин 1/16 айналымда нидерландық Стив Виджлермен кездесіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Әзірге Ильфат Абдуллиннің 1/16 айналымдағы қарсыласы анықталған жоқ.
Токио Олимпиадасының жартылай финалына дейін жеткен теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 12-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен кездескен-ді. Тартысты кездесу 2 сағат 44 минутқа созылып, Бенчич 7:6, 4:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Шынында қазақстандықтар Рыбакинаның жеңісіне сенімді еді. Бейсенбінің басты сайысы теннис болып, ел-жұрт Еленаға қарап елеңдеген-ді... Енді Елена Рыбакина Олимпиаданың қола жүлдесіне таласады.
Бұл күні су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Токио Олимпиадасында кезекті рет жеңілді. Ел құрамасы топтық сынның кезекті кездесуінде Испания құрамасына қарсы ойнады. Екі құрама арасындағы кездесу 16:4 (3-0, 6-0, 11-2, 11-4) есебімен испаниялықтардың пайдасына шешілді. Ойын барысында Қазақстан құрамасынан Душан Маркович, Сржан Вуксанович (2) және Михаил Рудай көзге түсті. Енді ұлттық құрама жігіттері 31 шілдеде Черногория командасымен кездеседі.
Токио Олимпиадасында академиялық есуден жартылай финал аяқталды. Қазақстан сапынан аталған санат бойынша жарыс жолына Владислав Яковлев шықты. Нәтижесінде, отандасымыз өз тобында бесінші болып мәреге жетті. 30 шілде күні қазақстандық спортшы D финалына қатысады. D тобына қатысушылар өзара 19-24 орындарды сарапқа салады.
Кеше Олимпиада қалашығына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бастаған қазақстандық спортшылардың екінші легі орналасты. Жеңіл атлетика, еркін күрес, әйелдер күресі, көркем гимнастика, ашық суда жүзу мен бессайыстан сынға түсетін спортшылар ел намысын ойдағыдай қорғайды деген сенім бар. Ендеше қомақты жүлденің де ауылы алыс болмауы керек.