• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 29 Шілде, 2021

Атамұрат Шәменов: Аграрлық салаға түбегейлі өзгеріс қажет

707 рет
көрсетілді

Елімізге қандай аграрлық саясат қажет? Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қандай, Қазақстан ауыл шаруашылығы державасына айналуы үшін бірінші кезекте нендей мәселеге көңіл аударған жөн? Бұл туралы экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменов газетімізге берген сұхбатында ой өрбітеді.

– Атамұрат Мөрәліұлы, Ауыл ша­руа­шылығы министрі Сапархан Ома­ров отставкаға кетті. Агросекторда қор­­даланып қалған проблемалар ве­дом­ство басшысының қызметтен ке­туі­­мен немесе жаңа басшысының қыз­мет­ке келуімен шешілмейтіні белгілі. Жаңа министр енді қай мәселеге көбі­рек назар аударуы керек деп ойлайсыз?

– Дәлірек айтсақ, отставкаға кеткен жоқ, отставкаға жіберді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі соңғы уақыттары мүлгіп жүрген кейбір министрлер мен әкімдерді селт еткізді. Бұл тәжірибе өз міндетін орындай алмай жүргендерге сабақ және ескерту деп түсіну керек. Шет мемлекеттерде қоғам қалт жібермейтін жағдайлардың беті ашылғанда министрлер өз еркімен отставкаға кетіп жатады. Бізде ондай мәдениет қалыптаспаған. Сондықтан оларды қызметінен босатып, жауапқа тарту өркениетті мемлекеттердің тәжі­рибесі деп түсінген дұрыс. Әлбетте, министр ауысқанымен ауыл экономикасы бірден түзеліп кетеді деуге болмайды, өйткені ауыл жүгін алып жүру бірнеше министрліктің мойнында, бұл жерде әкімдіктердің де рөлі жоғары.

Ең бастысы, аграрлық саясат түбегей­лі өзгеруі керек. Кеңес дәуірінен келе жат­қан ортақ қазанға бидай, ет жіберу саясаты кейінгі отыз жылда экспорттық саясат болып өзгерді. Бұдан халықтың дастарқаны толған жоқ, тек бидайдан алдамыз, ұн экспортынан біріншіміз деген даңғазалықтың бәсін асырып жіберді.

Жалпы, министрдің қызметіне баға беру ойымда жоқ, оған баға беретін – на­рық. Егер азық-түліктің бағасы түсіп, ол қолжетімді болып жатса, импорттың үлесі азайса, бұл саланың жұмысы жақсы жүріп жатқанын көрсетеді. Жақында министрліктің сайтынан азық-түлік қа­уіп­сіздігі туралы мәліметті оқыдым. Рес­публика бойынша негізгі азық-түлік тауарларының 32 түрі бойынша 795 мың тонна көлемінде түрлі азық-түлік тауарларының қоры бар екен, оның жартысына жуығы – сауда орындарындағы тауарлар, ал тұрақтандыру қорларындағы азық – 19,8 мың тонна. Яғни тұрақтанды­ру ресурсының әлеуеті 19 млн адамға шақ­­қанда тек бір килодан келеді екен. Сол 32 түрлі тамақ бойынша жылына әр адамға орташа алғанда 922,4 кг кө­лемінде тұтыну нормасы бекітілген, оған 266 дана жұмыртқаны қосыңыз. Сонда қымбатшылыққа қарсы тұратын қор көлемі қажеттіліктен мың есе аз, ал тұрақ­тандыру қоры қызметіне миллиардтаған ақша жұмсаймыз. Енді басқаша есептесек, әр адамға сәбіз нормасы 23 кг, ал өндіріс қажеттілігі 437 мың тонна, оның 80 пайызы 349,6 мың тонна болады. Ал сәбіз қымбаттағанда оның бағасына интервенция жасағанда, бүкіл азық қоры­мыз оның тек 5,7 пайызын құрайды екен.

Биыл да астық көлемін қысқарту ойларында жоқ, 18,5 млн тонна астық ­жиналады деп алақандарын ысқылап отыр, ол экспортқа кетеді, сонда «Халық не тамақ жейді?» деген сұрақ бүгінгі министрлікті мазалайтын басты мәселе болуы керек.

– Ауыл шаруашылығы дамуы үшін ауыл­дың өзін-өзі қамтамасыз ету ме­жесі кем дегенде 80 пайыз болуы керек. Біз­дегі көрсеткіш қандай?

– Сексен пайыздық меже – әр мем­лекеттің өздері өндіретін азық-түлік­пен халықты қамтамасыз етеміз деген­нен туған мақсат. Бұл меже ТМД мем­лекеттерінің парламентаралық сессия­сында сонау тоқсаныншы жылдары қабылданған. Агроөнеркәсіптік ке­шенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қа­зақстан Республикасының 2005 жыл­ғы 8 шілдедегі №66 заңының 5-бабын­да «Егер республикадағы азық-тү­лік та­уарларының жылдық өндірісі фи­зио­ло­­гиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің сексен пайызынан төмен болса, онда Қа­зақстан Республикасының азық-тү­лік тауарларының түрлері бойынша тә­уелсіздігі қамтамасыз етілмеген деп есеп­теледі», деп жазылған. Сондықтан бұл – заңда шегеленген талап. Бірақ осы көр­сеткішті орындау кезінде көз ал­дау мен әсірелеу көп екені шындық және өлшем қателігінен көп тағам түрлерін пайдалануда өтірік ақпар бар екені тағы рас.

– «Еліміздің батыс өңіріндегі қуаң­­­шылыққа жұт немесе төтенше жағ­дай деп баға берейік, елде төтенше жағ­дай жариялайық» деген пікірді жақ­тайтындар көбейіп барады. Қазір­гі біз тап болған жағдайда адами фак­тордың әсері бар ма, экономист-маман ретінде сіздің пікіріңіз қандай?

– Бүкіл елде төтенше жағдай жария­лау керек емес. Бұл мәселені облыс, тіпті аудан деңгейіндегі ұйымдасты­ру шаруаларымен-ақ шешуге болады. Мысалы, Арал мен Қазалыдағы қуаң­шылық жағдайға тап болған мал ша­руашылықтарына күріш егетін бас­қа ­аудандар шөп дайындап беріп, кө­мектесуге болады, солай жасап та жатыр. Ал Маңғыстаудағы жағдайды Түр­кістан облысы мен солтүстік өңірдегі шөп ре­сурсын жеткізу арқылы қоғам бел­сенділері өздері-ақ шешіп жатқанын ес­тіп жатырмыз. Қазір әр жерден қамыс оры­лып жөнелтілуде, ол өңделмесе 50-70 пайызын мал жей алмайды, қанша аш болса да оның жапырағы желініп, оның түтігі шашылып қалады. Сондықтан бұл жерде үкіметтің көмегі – жедел түрде мал шаруашылығын шөп турағыш агре­гаттармен қамтамасыз ету. Мал ұстау – ­жеке кәсіпкерлік, сондықтан одан пай­да табу жолдарын, болуы мүмкін қиын­дықтарды, тәуекелдерді әр адам өзі есептеуі керек. Әрине табиғаттың қуаң­шылығында Үкімет те қолұшын беріп, ша­руаларды қиындықтан құтқару жолында көмек ұйымдастырғаны жөн.

– Мал азығының резервін мемле­кет­тік тұрғыда жасақтау керек деген пікір көптен айтылып жүр. Қазақ­стандағы мал басының 80 пайызы ұсақ шаруашылықтардың иелігінде еке­ні белгілі. Егер мал азығының мем­­ле­кеттік тұрғыда резервін құрсақ, оның жұмыс тетіктері қалай болмақ?

–Меніңше, мал азығының мемле­кет­тік тұрғыда резервін жасау мүмкін емес, өйткені ол қымбатқа түседі және оның тиімді пайдалану механизмін жа­сау оңай емес. Ертеректе ауыл ша­руашылығында сервистік қызмет көр­сетудің маңыздылығын айтқан болатын­мын. Мысалы, техника жөндеу, өнім өңдеу, тағы басқа да кәсіпті дамыту қажет. Бүгінгі күні дала болсын, қала болсын, қайда шөп бар соны жинау, престеу тиімді шаруа екенін өмір көрсетіп отыр. Сонымен қатар суармалы жайылымдар көлемін көбейту, оған қолдау көрсету арқылы проблеманы ішінара шешуге болады...

–  Мал азығының қорын дайын­дау­ға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласқанын еске түсіре алмай отырмын. Елімізде мал басының 80 пайызы жекенің қолына өтіп кет­кен­діктен мал азығын дайындап, өз­дігімен қысқа қам жасайтын – шаруа­ның өзі. Қазір малынан айырылып, қолына құрық ұстап қалған ауылдағы ағайынға қалай көмектескен дұрыс?

– Мал ұстағаннан кейін оны жем-шөппен қамтамасыз ету жеке адамның жауапкершілігінде, өйткені оның пайдасын тек сол адам көреді. Іздеген адамға шөп, қамыс, жантақ та – малға азық. Оның тек көзін таба білу керек. Шөбі болмаса малын сатады, шөбі көп болса артығын сатады дегендей. Сондықтан жекенің шаруасын мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес. Ал ондаған жылдарда бір кездесетін қуаңшылықта көптің көмегі, мемлекеттің қамқорлығы керек-ақ. Мұндай кезде «Казгидромет» сияқты мекемелердің болжауларына мән беріп жүрген дұрыс.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев жайылымдық жер жайын қайта көтергені белгілі.  Осы­ған дейін бұл мәселе көтерілгенде «мем­лекеттің меншігіне қайтарылсын» деп қысқа қайырылатын. Осы жолы Президент кімдерге бағыттау қажеттігі туралы ашып айтты. Президенттің тапсырмасын орындауды қандай әрекеттерден бастау керек деп ойлайсыз?

– Жер пайдалану құқығы негізінен латифундистер қо­лында, ол кезінде жеке­меншікке беріл­геннен кейін оны қай­тару тек сот ше­шімімен мүмкін болмақ. Оның жолы – мониторинг жасау және игерілмей жатқан жерге салықты өте жо­ғары мөлшерде салу, субарендаға бермеу және басқа мақсатқа сатпау тәртібін енгізу. Сол кезде пайдаланылмай жатқан жердің иелері одан өздері-ақ басын ала қашады.

– Сіз осыдан бірнеше жыл бұрын елімізге аграрлық саясат қажет еке­­нін айтып, бірнеше ұсыныспен шық­­тыңыз. Ауыл шаруашылығы са­ласы бағ­­дарламалардан да, тұжырым­да­ма­лар­дан да кенде емес екенін білеміз. Сіз­дің ұсынысыңыздың жаңалығы неде?

– Сансыз бағдарламалар мен ұзақ мерзімді тұжырым­да­ма­ларды қабылдай берген дұрыс емес. Қазір бізге бір-екі жылда жасалатын шаруа маңызды. Менің ұсыныстарымның негізі – аграрлық экономиканы реттеу мен басқару, яғни мемлекеттік менеджментті, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға ден қою керек.

Жаңа аграрлық саясаттың ерекшелі­гі қазіргідей әр саланы кезек-кезегімен көтеру емес, барлық агроөнеркәсіптік ке­шенді түгел іске қосу. Бізде қазір қа­лай? Бірде 4 мың құдық қазып, мал ша­руа­шылығын өркендету ұраны көтеріледі, одан кейін қойма салу қолға алынып жатады. Ақыр соңында әлгі ұран көтерілген са­лаға көбірек көңіл бөлінеді де басқа сала­лар жетімнің күнін кешіп қалады. Сон­дықтан ауыл шаруашылығының бар­лық саласын бірдей дамытуға ден қою қажет.

«Жаңа аграрлық саясат керек» деп ­жар салғаныма бір мүшел уақыт өтіпті. Өзін ­өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмы­сын өткен жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданы менің ұсы­нысыммен бастаған болатын, оны облыс деңгейіне әкім Гүлшара Әбдіқалықова көтерді, бірақ орталықтан қолдау таппады, өйткені оны түсінген адам болмады. Сондықтан бұл бастаманы Үкімет қолдап, барлық аудан жұмылдырылған жағдайда ғана нәтиже болады, тіпті екі жыл ішінде ауыл экономикасы дүрілдеп кетеді.

Бірінші қадамды шұғыл түрде жаңа аграрлық саясат жариялаудан бастау керек. Оның қажеттілігі – Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 66-ба­бында «Үкімет мемлекеттiң әлеуметтiк-­эко­номикалық саясатының, оның қор­ға­ныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғам­дық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi ба­ғыт­тарын әзiрлейдi және олардың жүзеге ­асырылуын ұйымдастыратыны» айтылған. Яғни алдымен әр салада мем­лекеттік саясат әзірленеді, содан кейін олардың басым бағыттары белгілене отырып жүзеге асырылады деген сөз. Ал аграрлық саладағы саясат Кеңес дәуірінен келе жатқан экспорттық бағыт, яғни өнімді сыртқа шығару, соны дәріптеу.

– Сонда жаңа аграрлық саясат неден басталуы керек?

– Бірінші кезекте елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға басымдық берілуі тиіс. Алдымен өз халқымызды арзан және сапалы тағаммен қамтамасыз ету керек. Содан кейін облыс пен аудандар арасында бір-бірімен артылып қалған өніммен алмасу қажет, яғни ішкі экспорт жұмысын жолға қойған жөн. Содан кейін ғана шетелге өнімдерді экспорттаумен айналысқан дұрыс.

Ал екінші қадамды аймақтар мен қалалардағы азық-түлікке қажет­т­і­лікті анықтаудан бастау керек. Оның негіз­демесін «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нор­маларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика ми­нистрінің Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігімен келісе оты­рып қабылдаған 2016 жылғы 9 жел­тоқ­сан­дағы №503 бұйрығынан алған ләзім. Бұл құжатта 67 тағам түрінің нормасы көрсетілген, ол тағам түрлері тағы басқа құрамдас түрлерге бөлінеді. Осы көрсетілген нормадағы тағамдардың негізінде барлық аудан мен облыста «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнді­рісі мен тұтыну балансын» жасауды шұ­ғыл қолға алу қажет.

Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігі дең­гейін әр ауыл, аудан, облыс және Ауыл шаруашылығы министрлігі біліп отыруы тиіс. Оны есептеу қарапайым арифметика: азық-түліктің барлық түрін бекітілген норма бойынша ауданның халық санына көбейтесіз де әр тағам түрінен өз территорияңызда өндірілетін өнім көлемімен салыстырасыз. Заңға сәйкес оның көлемі кем дегенде 80% болуы тиіс.

– Физиологиялық норма туралы 2016 жылы айтқан едіңіз... Бізде бұл талап қандай норма шеңберінде дайын­далып келді?

– 2005 жылы азық-түлік қауіпсізді­гін қамтамасыз етудің өлшемдері мен негізгі бағыттары негізінде әртүрлі әлеу­меттік топтар үшін азық-түліктің тө­менгі мөлшері айқындалған еді. Әр адам­ға ет өнімдері 33,2 кг, сүт 75 кг, нан өнім­дері 108 кг деп белгіленген болатын. Бірақ физиологиялық норма бекітілме­ді. Әр облыста азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда есептелетін нормада бірізділік болмады, сондықтан төменгі мөлшерді басшылыққа алған жергілікті атқарушы органдар азық-түлік қауіпсіздігін орын­дауда шынайы ақпарат бере алмады. Өнім аз өндірілген соң оның бағасы жыл сайын өсе берді, сөйтіп өзін өзі алдау он жылға ұласқан болатын. Ал 2016 жылдан бастап талап деңгейі айқындалды.

Ал үшінші қадамды халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысын аудан және қала әкімдеріне жүктеуді міндеттеуден бастауға болады. Өйткені аудан көлемінде не егуге немесе қандай малды өсіруге болатынын олар жақсы біледі, еңбек ресурстары да белгілі. Бұл жағдайда Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен басқа орталық мекемелер оларға нормативтік, әдістемелік және қаржыландыру жұмыстарымен көмек­тесуі тиіс.

Ал төртінші қадамда жоғарыда көр­сетілген екінші қадамға сәйкес әр аудан өз қа­жеттіліктерін айқындап алғаннан кейін қай жерге не егуге болады, қандай мал басын асырауға болады дегенді айқын­дап алу керек. Бұл мәселені шешуге аграр­лық ғалымдарды, университеттерді жұ­мылдыру керек. Егін егуге, мал өсі­руге байланысты ұсыныс-пікірлер ғы­лыми тұжырымдармен негізделіп, минис­трлікте бекітілгені абзал.

– Аграрлық саланы қаржыланды­ру маңызды екенін сарапшылардың бәрі айтады. Бұл сала қаржыланды­ру­дан кенде емес. Сіз осыған дейін ма­сылдыққа баулитын және барлық дең­гейде жемқорлыққа жол ашатын субсидия бөлу жұмысын диверсифи­ка­циялау маңызды деген едіңіз. Осы­ны таратып айтып беріңізші? Дәл қа­зір субсидияны қандай формамен алмастыруға болады?

– Субсидияның мүмкіндігін әртарап­тандыру керек. Менің пікірімше, ең тиімді форма – форвардтық келісім­шарт түрінде қаржыландыруды шешу, ал субсидия мемлекет қажеттілігі аясы­на кіретін азық-түлікті өндіруге, тұ­қым шаруашылығы мен мал басын асыл­дандыруға, фитосанитарияға, меди­циналық ветеринария саласына берілуі тиіс. Ауыл еңбеккерлері өндірген тауарларды сату проблемасын шешуден бастасақ, ұтылмаймыз. Қолданысқа өнім паспортын енгізу керек, онда ша­руа қожалықтары, серіктестіктер, же­ке шаруалар өндіретін өнім туралы ақпа­рат жинақталуы тиіс және дайын тауар­лар интернет-сауда принципіне сай тұтынушыларға сатылса да ұтымды.

– Сауданың бұл түрі ортадағы дел­далдардың жолын кесіп, тағам баға­сының өсуіне жол бермейді ғой?

– Жергілікті өнімнің бағасы қала тұтынушыларына жеткенге дейін бірне­ше рет өсетіні белгілі. Делдалдармен қан­ша күрескенмен оны ешкім жеңе алған жоқ, нарық кезінде олар да керек, бірақ тұтынушылардың қалтасын әсіре қағуға Үкімет жол бермеуі тиіс. Сондықтан интернет-сауда, тамақ таситын курьерлер дәмханалардан тамақ тасумен қатар, ­ауылдан таза сүт өнімдерін, қымыз, шұбат, ет әкелуді де жолға қоюы керек. Бұл – нағыз қауіпсіз, бағасы төмен, сапасы жақсы әрі экологиялық таза, табиғи өнім. Бұл ретте өнімді сақтауға басымдық берген жөн. Бюджет есебінен жұмыс істейтін әртүрлі тұрақтандыру қор­ла­ры – қымбат жоба, ондағы сақталған өнім­нің сапасы да нашар болып келеді және оның нарық бағасына әсері шамалы. Сондықтан азық-түлік тауарын өн­дірушілермен белгілі мерзімге дейін өнім сақтауға келісімшарт жасау арқылы бұл проблеманы шешуге болады. Шағын логистика жүйесін қалыптастырып, оған субсидия бөліп тұрған тиімді.

– Агроөндіріс кешенінде мем­ле­кеттік реттеуді жетілдіру керек деген ұсыныстар соңғы уақытта жиірек айтыла бастады...

– Мемлекет шеңберіндегі азық-тү­лік мониторингісіне сәйкес халық тұтына­тын тағамдардың қолжетімділігін қамтама­сыз ету үшін экспортты шектеп, баж салығын көтеру механизмдерін ұтым­ды пайдалану керек. Бірде іс бастап, бірде тоқтап жүрген майда шаруашылықтар­ды ірілендіру процесі маңызды, яғни оларды ұжымдастыруға басымдық бе­ру абзал. Ірі шаруашылықтар коопе­рация және интеграциялық жұмыстар жүргізуге тиімді, оны әкімшілік жолмен емес экономикалық жолмен құру керек. Мұның тиімді жағы – қосымша жұмыс орындары ашылады, әлеуметтік көмек беру жұмыстары жүргізіледі. Бұл іске ғалымдар тартылса, нарық жағдайында өндірісті қалай ұйымдастыру керектігі айқындалады. Қаперге ала жүретін тағы бір фактор, қазіргі уақытта қойшы, малшы, сауыншылар қалтарыста қалды. Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі жұмыс күштері – осылар. Сондықтан во­лонтерлік қызмет, вахталық жұмыс және қажетті техникамен жабдықталған жастар бригадаларын құру артықтық етпейді. Қазір не көп – жоғары білім алса да жұмыссыз жүргендер көп, сондықтан диплом аттестаттаудан өткізіліп, білімсіз диплом алғандарды кәсіптік біліктілік беру арқылы ауыл экономикасына тарт­қан жөн. Жұмысшы кадрларға биз­нес ашуға көмектесу әкімдіктер, «Даму» қо­ры және «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы арқылы жүргізілуі тиіс.