Қазіргі таңда төрткүл дүниеге танымал небір кинорежиссерлердің тырнақалды туындыларының тұсауын кесіп берген Fantasia кинофестивалінің өтіп келе жатқанына биыл ширек ғасыр толмақ. Бұл жолы жерлесіміз, режиссер-дебютант Райымбек Әлжановтың «Мерген» қысқаметрлі фильмі осы халықаралық кинододаға жолдама алып отыр.
Жанрлық картиналарға арналған әлемдегі беделді фестивальдардың бірі – тамыздың 5-і мен 25-і аралығында Канадада өтеді. Алдымен аталған кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен және «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіргенін айта кету керек.
– «Мерген» фильмінің алғашқы көрсетілімі Fantasia кинофестивалі аясында өтетініне өте қуаныштымыз. Монтаждау жұмыстары аяқтала салысымен байқауға жібердік. Осы орайда маған қолдау білдіріп, фильмнің шығуына атсалысқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді режиссер Райымбек Әлжанов.
Фильмнің оқиға желісі XVII ғасырдағы Ұлы даладағы соғыс кезінде өрбиді. Аталған фильмде қаршадай болса да, қолына қару алып, отбасын қорғауға бел буған Мерген есімді баланың өмірі баяндалады.
Фильмдегі басты рөлде Әлихан Әби ойнайды. Сондай-ақ бұл картинаға Райхан Айтқожанова және Дулыға Ақмолда сынды танымал актерлер түскен. Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы облысындағы Түрген шатқалында және «Қазақфильмнің» павильондарында жүргізілді.
Биыл 25-ші рет өткізіліп жатқан Fantasia халықаралық кинофестивалі – әлемдегі жанрлық фильмдерге арналған бірден-бір байқау. Аталған кинофестиваль аясында Квентин Тарантино түсірген «Абыройсыз шата», Тимур Бекмамбетовтің «Түнгі шолғыншы», сондай-ақ «Белгіленген орын» франшизасының бір бөлімінің тұсауы кесілген болатын.
Фестивальдың Radical spirit атты қысқаметрлі фильмдерге арналған байқауына қазақстандық картинамен бірге Ұлыбритания, Мексика, Аустралия, АҚШ, Қытай және Оңтүстік Кореяның туындылары қатысады.
АЛМАТЫ