Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен «АрселорМиттал ТМД» бас директоры Виджай Гойал ҚР Үкіметі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Меморандум Қазақстанның металлургия өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, еңбек және экономикалық салалардағы өсуді көздейді.
Меморандум шарттары бойынша «АрселорМиттал Теміртау» өзін жаңғыртуға инвестицияларды едәуір ұлғайтады, оның инвестициялық келісімшарт шеңберіндегі жиынтық көлемі алдағы 10 жыл ішінде кемінде $3 млрд құрайды, бұл ретте осы соманың көп бөлігі келісім қолданылатын алғашқы бес жылда инвестицияланатын болады.
Құжатқа сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметі халықтың денсаулығын және әлеуметтік тұрақтылығын одан әрі жақсартуға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны және экологияны сақтауға бағытталатын болады.
Кокс химиясы және домна өндірісінде, конвертер цехында және прокат цехтарында күрделі жөндеу жүргізу, №1 және №2 ЖЭО қазандықтарын ауыстыру және жөндеу, жаңа кокс батареяларын салу және іске қосу және басқа да іс-шараларды жүргізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, өзінің барлық өндірістік циклін қауіпсіз, экологиялық, әлеуметтік тұрақтылық мәнінде ауқымды талдау жүргізуді ұйымдастырады, соның негізінде тараптар аталған салаларды одан әрі дамыту жөніндегі бағдарламаларды келіседі.
Меморандум жасасу алдында екі тарап өкілдерінің кездесуі болып өтті, онда өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимыл алгоритмі талқыланды, сондай-ақ өндірісті жаңғырту жөніндегі Жол картасына қол қойылды.
Жалпы меморандумға қол қою тараптарға өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндірістік процестерінің қауіпсіздігін жақсартуға, экологиялық қауіпсіздік талаптарының қағидаттарын сақтауға мүмкіндік береді.