Аға лейтенант Ардана Ботай Су-30СМ көпфункционалды жойғышының экипаж командирі ретінде алғашқы жеке ұшуын орындады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Еліміздің Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов дербес ұшуға рұқсат беретін практикалық емтиханды қабылдады.
– Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында Су-30СМ жауынгерлік ұшағында экипаж командирі ретінде дербес ұшуды алғаш рет әйел адам орындады. Оның бұған жақсы дайындалғанын, көк аспанды бағындыруға деген ұмтылысын, жойғыш ұшқыш ретінде мемлекетіміздің әуе шебін күзетудегі міндеттерді орындап жүргенін атап өткен жөн. Ол жауынгерлік авиациядағы әйелдердің ерлермен тең дәрежеде күрделі міндеттерді орындай алатынын дәлелдеді, – деді авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов.
Қазақстандағы әскери авиацияның жалғыз әйел ұшқышы Қарағанды авиабазасында қызмет етеді. Бірнеше ай бойы Ардана Талдықорған қаласындағы авиация базасында арнайы оқудан өтті.
– Су-30СМ ұшағымен жеке ұшу – мен үшін кәсіби тұрғыда қалыптасуға жасаған үлкен қадам. Алдағы мақсатым – ұшу техникасын жақсарту және жер үстіндегі, әуедегі мақсаттарға және топтық ұшулардағы жауынгерлік қолдануға рұқсат алу үшін әрі қарай даярлық бағдарламасы бойынша машықтану дағдыларын пысықтау, – деп Ардана Ботай болашаққа арналған жоспарын бөлісті.
Аталған Су-30СМ – көпфункциялы 4++ буынды жойғыш ұшақ. Ол кез келген ауа райы жағдайында, күндіз-түні әрекет етуге қабілетті. Әуе барлауын жүргізуге, әуеде, жер үстінде және теңізде нысандарды жоюға арналған.
Жоғары маневрлі жойғыш ұшақпен ұшуға рұқсат алу үшін ұшқыш бірнеше ай бойы теориялық білім алып, арнайы Су-30СМ тренажерінде жаттығады, штурман ретінде ұшады. Көптеген сынақ пен емтиханды сәтті тапсырған соң ғана тәуелсіз ұшуға рұқсат алады. Ардана Ботай сондай сынның бәрінен сүрінбей өтіп, алдына қойған мақсатын табандылықпен орындай білді.