Ауғанстанның оңтүстігі мен батысындағы үш ірі қала маңында соғыс өрті өршіп тұр. Өйткені «Талибан» қозғалысының содырлары оларды үкімет күштерінен тартып алуға күш салу үстінде.
«Талибан» содырлары Герат, Лашкар-Гах және Кандагар қалаларына басып кірді. «Талибанның» шетелдік контингент қыркүйекке дейін елден кететінін мәлімдегеннен кейін жойқын шабуылдарға көшкені белгілі. Қозғалыстың операциялары сәтті өтіп жатыр. Мәселен, елдің солтүстігіндегі үкімет әскерін елден қашып кетуге мәжбүр етті.
Жергілікті бұқаралық ақпарат көзі Оңтүстік Гилменд провинциясының орталығы – Лашкар Гахта сенбіде көтерілісшілер губернатордың кеңсесінен бірнеше жүз метр қашықтықта болғанын хабарлады. Олар жұма күні де оған жақындаған, бірақ ауған әскерінің қолбасшысы түнде шегінуге мәжбүр болған содырларға айтарлықтай соққы жасағанын айтқан.
Гератта Tolo News агенттігінің тілшісі қақтығыстар күшейіп, «Талибан» содырлары экономикалық маңызды қаланың оңтүстік аймақтарына кіргенін хабарлады.
Күніне кем дегенде бес жерде ұрыс қимылдары өтіп жатқаны туралы хабарламалар келіп түскен.
АҚШ әлі де әуежайдың айналасын бақылауда ұстап отырған Ауғанстан үкіметі күштерін қолдау үшін әуе шабуылдарын жүргізуде. Әуежай маңындағы БҰҰ ғимаратының күзетшісі жұма күні «Талибанның» әдейілеп жасаған шабуылы салдарынан қаза тапты. Тұрғындар қалада қауіпсіз жер аз, ал кейбір адамдар өздерін қорғау үшін қолдарына қару алып жатыр дейді.
ЕО-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Томас Никлассонның пікірінше, елдегі жағдай нашарлай түседі. Ол «Талибанның» бүгінгі мақсаты – өткенді қайта орнату, яғни Ислам әмірлігін қайта құру деген ойын ортаға салды.