Бүкіл әлем індетпен күресіп әлек болып жатқанда ебін тауып екі асайтын әккілер қалталарын қалыңдатып жүр. Себебі соңғы кезде жалған екпе құжаты мен ПТР-тест нәтижесін жасайтын алаяқтардың қара базардағы саудасы қыза түскен. Бұл сөзімізге БАҚ-та күн сайын «жалған вакцина паспортын жасағандар анықталды» деп аймақтары ғана жаңарып отырған жаңалықтар легі дәлел бола алады.
Таяуда осыған ұқсас тағы бір дерек Түркістан облысында тіркелді. ІІМ Тергеу департаментінің әскери-тергеу басқармасы медициналық құжаттарды қолдан жасап, жалған анықтамаларды сатумен айналысып келген осы өңірдің үш тұрғынын қолға түсірді.
Алаяқтықпен айналысқан үштіктің біреуі – Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі. Олар Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге рұқсат беретін медициналық құжаттарды, соның ішінде Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінің шақыру анықтамаларын қолдан жасап, 3 мыңнан бастап, 8 мың теңгеге дейінгі бағамен сатқан. Ал бұл жалған құжат мемлекеттік шекарадан емін-еркін өтуге мүмкіндік берді.
Полиция қызметкерлері медбикенің тұрғылықты жері мен жұмыс орнын тінту кезінде сатуға дайындалған, алдын ала мөр басылған 1200-ден астам медициналық бланкті тауып, тәркілеген. Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілу үстінде.
Рас, қазір көптің COVID-ке қарсы күрестегі бар үміті – ұжымдық иммунитет қалыптастыратын вакцина салдыру. Алайда арам ниеттілер осы үміттің өзін күдікке айналдырып, пайда табу үшін кейбір «жүрек жұтқандары» тіпті қызметтерін сайттар мен әлеуметтік желілерде жарнама жасау арқылы ашық ұсына бастаған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаровтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған вакциналау паспорттарын немесе ПТР анықтамаларды сату туралы 62 хабарландыру анықталған.
Ведомство өкілі интернет-ресурстарды мониторингілеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп келе жатқанын да мәлімдеді. Бүгінде ІІМ және оның аумақтық бөлімшелерінде жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландыруларды анықтау бойынша тұрақты мониторингтік топтар жұмыс істейді. Жыл басынан бері мұндай топ 144 мың рейд өткізіп, карантинді бұзуға қатысты 22 мың оқиғаның жолын кескен. Сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің жұмыс тәртібін бұзуға қатысты 8,5 мыңға жуық факт тіркелген болса, оның 2 мыңға жуығы той өткізуге қатысты болып отыр.
Соңғы уақытта құзырлы органдар жалған ПТР-тестілері мен вакциналау паспорттарын қолдан жасау және пайдалану фактілерін әшкерелеп, бұл алаяқтықтың алдын алуға ерекше ден қойып отыр. Өйткені вакциналанбаған адамдардың арамызда жүруі, жалған анықтама саудасының қыза түсуі ауруды асқындыра берері айтпаса да түсінікті. Бүгінде ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Қаржылық мониторинг агенттіктері өкілдерінен құрылған ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы жалған вакциналау паспорттарын және ПТР анықтамаларды беру немесе қолдан жасау фактілері туралы ақпарат жинаумен айналысып жатыр.
Күн санап көбейіп бара жатқан бұл кеселге сұраныстың азаймай тұрғаны да көңілге қаяу түсіреді. Басқаша айтқанда, жалған анықтаманы сатып алуға тырысып, алаяқтарға өздері арбалып жүргендер қалыпты өмірге қайта оралудың төте жолынан гөрі, індетті таратудың қатерлі соқпағын таңдаудан танбай келеді. Бұл келеңсіз көрініс жалған екпе алғандармен қоғам болып күресудің өзі өзекті проблема екендігін аңғартады. Осыған орай, ішкі істер органдарының жедел және тергеу бөлімшелері жалған құжаттарды сату фактілерін анықтауға бағытталған түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын қарқынды жүргізуге бел буған. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері медициналық орталықтар, емханалар, вакцина алу пункттерін жіті тексеруде.
Жалған құжат жасатуға қатысты тәртіп сақшылары жыл басынан бері 86 қылмыстық іс қозғаса, оның 39-ы вакциналау паспортын және 47-сі ПТР анықтамасын қолдан жасау бойынша. Қылмыстық кодекстің 385-бабында көрсетілген – жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
COVID-19 адамзат өміріне айтарлықтай өзгерістер әкелді. Қалыпты өмір салтымызға індет өз түзетулерін енгізді. Әлем өзгерді. Дегенмен саналы азаматтардың бәрі де екпіні қатты індетке қарсы күрес жүргізіп келеді. Жалған құжат жасатумен емес, жаппай екпе салдыру арқылы. Ал пандемияның талаптарына мойынсынғысы келмейтіндер эпидемиялық жағдайдың екінші жағын – көлеңкелі тұсын қоюлатып жіберді. Себебі осы аурумен байланысты қылмыстың жаңа түрлері шыға бастады. Жалған құжат жасату, оны сату мен алаяқтық бұрыннан бар болғанымен, адам өміріндегі ең маңызды әрі қымбаты – денсаулықты сан түрлі қитұрқылықпен құрту қай заңнаманың қалпына сыяды екен? Бүкіл әлем індетпен әуре болып жатқанда тығылып той тойлап, жалған анықтама жасатып алып, жұрттың ортасында алаңсыз жүру қылмыспен пара-пар қарекет екендігі санамызға қашан жетеді? Біле білсек, бұл өзімізге өзіміз жасап отырған қастық емес пе?!