Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет», деп «Қазақстан-2050» Cтратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап айтты. Жолдаудың жалпы тапсырмалары Алматы облысында жүзеге асырылғанымен, бір проблема – Қытай Халық Республикасымен шекаралас Нарынқол ауылы біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып, жастар жұмыссыз қалып, орта буын оңтүстік астананы бетке ала көшіп, тек кәрі-құртаң қарт адамдар мекеніне айналып отыр. Кіндік қаны тамып, өз қолдарымен қалалық үлгіде салған ауылда зейнетақыларымен күн көріп отырған аға буын өкілдерінің ұстанымы: «Ел шекарасын халық күзетеді, біз сол елдігімізден таймаймыз, әгәрәки бақилық болсақ туған жерден топырақ бұйырса ризамыз» дегенге саяды. Міне, сол өңірге арнайы барып жағдайды көрдік, қарапайым халықпен тілдестік. Әңгіме төркіні төмендегідей.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет», деп «Қазақстан-2050» Cтратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап айтты. Жолдаудың жалпы тапсырмалары Алматы облысында жүзеге асырылғанымен, бір проблема – Қытай Халық Республикасымен шекаралас Нарынқол ауылы біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып, жастар жұмыссыз қалып, орта буын оңтүстік астананы бетке ала көшіп, тек кәрі-құртаң қарт адамдар мекеніне айналып отыр. Кіндік қаны тамып, өз қолдарымен қалалық үлгіде салған ауылда зейнетақыларымен күн көріп отырған аға буын өкілдерінің ұстанымы: «Ел шекарасын халық күзетеді, біз сол елдігімізден таймаймыз, әгәрәки бақилық болсақ туған жерден топырақ бұйырса ризамыз» дегенге саяды. Міне, сол өңірге арнайы барып жағдайды көрдік, қарапайым халықпен тілдестік. Әңгіме төркіні төмендегідей.
Медетхан АБИЫРОВ, Нарынқол ауылының тұрғыны, зейнеткер: Нарынқолдың кез келген көшесімен жүрсеңіз қақпадан «үй сатылады» деген жазуды көресіз. Есік-терезесі бекітілген. Ауылда қалған шал-кемпірдің ең жасы мен 71-ге толдым. Қиын болса да бес-он тұяқ малды бағып, ұлтарақтай жер телімін күтіп, қаладағы балаларымның азығын қамдап отырған жайым бар. Төрт жыл бұрын «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Нарынқол ауылының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жер астынан су шығару жұмысы басталған еді. Оның ұзындығы 54 шақырым болатын. Әр үйге жеке су тартылып, барлық жағдай жасалады деген-тін. Сол жұмыс басталып, 19 шақырым жерге жетті де аяқсыз қалды. Су шығару үшін көшелерді қазып, астан-кестеңін шығарып тастады. Ол жерлермен автокөлік түгіл, жаяу адамдардың жүруі мүмкін емес. Ауыл көшелерінің ортасында шодырайып, құдық қақпасы жатыр. Сол құдықтан әр үй тұрғыны өзіне арық қазып су желісін тартып алуы керек екен. Ауыл тасты жерде орналасқан. Зіңгіттей жігіттер көтере алмайтын сол тастарды кемпір-шал қалай көтеріп, қазып үйіне су құбырын тартып алмақ. Бұған тиісті орындар не айтар екен? Нарынқолға «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауызсу тартуға жарияланған тендерді жеңіп алып, әлгіндей әрекетімен елдің есінде қалған «Қарасай құрылыс» ЖШС өкілі ме, басшысы ма Нарынқолға алғаш келгенде қолында күрегі де жоқ болатын. Жұмыс істеу тәсілі солай болу керек, арада аз уақыт өткенде ол екінші фирманы жалдады, сосын әлгі фирма үшінші фирманы жалдады. Не керек содан әлгі басталған жұмыс аяқсыз қалды.
Менің жеке үйім бар, зейнеткермін. Ауылдың жағдайын көтеріп, Парламент Мәжілісінің депутаттарын да құлағдар еттім. Шыны керек шекараны халық күзетеді. Мына заставадағы 30 солдат оны күзете алмайды. Кезінде Нарынқолда 14 мың халық тұрған еді. Қазір небәрі 6,5 мың ғана адам қалды. Дәл осы жағдай өзгермесе, енді аз уақытта Нарынқолда ел қалмай, көшіп кетеді. Бұл шекаралық ауыл ғой. Көрші ел олай істеп отырған жоқ. Қайта ауылдарын үлкейтіп, олардағы адам санын көбейте түсуде.
Бекболат БІРБАЕВ, Алматы облыстық мәслихатының депутаты: Кіндік қаным Нарынқолда тамып, осында өсіп еңбек етудемін. Елдің арманы шекаралық ауданды қайта ашып, оның орталығы етіп Нарынқолды бекітсе деген тілек. Сонда байырғы тұрғындар қайта көшіп келіп, күнкөріс қамын күйттеп жұмыс іздеп кеткен балалар мен қыздар да оралары анық. Шыны керек, оралмандар келгелі ауылда тіршілік нышаны байқалуда. Бірақ олардың еңбек етіп, табыс табуына жағдай жасалмақ түгілі, тыныштық берілмеуде. Жұмыссыз болған соң жастар жел сөзге ергіш келеді. Бірде ауыл жастары мен оралман ағайындар арасында қақтығыс болды. Ол шекісуді басатын құқық қорғау қызметкерлері жоқ. Бүкіл ауылдық округтегі жалғыз полицейді ешкім тыңдамайды. Сондықтан біз ел азаматтары жиналып барып әлгі қақтығысты әрең бастық.
Нарынқол өңірінің тағы бір проблемасы трактор мен комбайнның жетімсіздігі. Ел арпа-бидай егіп өсіреді. Сол өнім піскен кезінде жинай алмайды. Қардың астында қалады. Еңбек зая кетеді. Былтыр өзім велосипедке мініп, ауылды аралағанымда 200-ден астам үй сатылады деген жазуды оқыдым. Сөйтіп ел кетсе, мына шекараны кім күзетеді?!
Мемлекеттік шекарамыз қараусыз қалды. Бұрын бірінші линия ретінде сызылып, тартылған тікен темір үзілген. Одан арғы негізгі шекарада тікен темір атымен жоқ. Оны өз көзіммен көрдім. Бірде-бір сигнализация орнатылмаған. Он жылдан астам уақыттан бері көрші ел жақтан келетін мал ұрлығы пайда болды. Алдыңғы жылы сондай жымысқылар Таутай деген ақсақалдың 25 жылқысын Қытайға қарай айдап кетті. Із-түзсіз жоғалып жатқан мал өз алдына. Екі мемлекеттің ортасында түйісу деген бар. Сол белгіге біз «Газ 66» маркалы автокөлігімен жете алмаймыз. Ал арғы беттегі Қытайдың жолы тақтайдай тегіс. Жеңіл көліктер жүйткіп жүреді. Шекараның арғы бетіндегі салып жатқан қаласы анау. Сол қаладан шыққан музыка үні бізге жетіп, жарқылдаған электр жарығын көреміз. Ал біз жақ жым-жырт. Сонда біз ешкімге керек емеспіз бе?!
Жақсылық БАЙСЕРКЕЕВ, еңбек ардагері, зейнеткер: Аудан орталығының Нарынқолдан көшірілуі халық үшін дұрыс болған жоқ. Текес ауылында бұрын 6,5 мың халық тұрса қазір небәрі 4 мың адам қалды. Қандай да бір құжат үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығы Кегенге барып келуге қаражат та, уақыт та кетеді. Оны көтеретін жағдайымыз шамалы. Халық тұрғын үйлерін бұзып, жарамды құрылыс материалдарын алып қалаға қарай көшуде. Ауыл тозып кетті. Азын-аулақ малымен, шағын жер телімімен ел көрер күнін ілдәлдалап көріп отыр. Байырғы әдетімізге басып ескірген техникамен болса да жер жыртып, тұқым сепкенімізбен бірде-бір рет суара алмаймыз. Кезінде өсірген өнімді қозыкөш жердегі Байынқол өзенінен суаратынбыз. Қарлы таудан басталып көктемде таситын ағыны қатты өзен бойында шынжыр табанды алып трактор тұрақты тұрып, тасыған өзен суын Қытайға жібермей біздің арналарға аударып тұратын. Ал қазір ол техника жоқ. Тасыған су шекарадан арғы жаққа кетіп жатыр.
Абай ИСАБАЕВ, Нарынқол ауылының тұрғыны, зейнеткер: Ауыл шекарадан 3 шақырым, тіпті, кей тұстары 1 шақырым ғана жерде орналасқан. Салыстырмалы түрде алсақ шекараның арғы бетіндегі қытайлар дәл іргемізге сән-салтанаты артқан он қабатты үйлерді салып, көшелерін жарқыратып қойды. Ал шекараның түбіндегі Нарынқол ауылының халқы Алматы қаласына қарай үдере көшіп жатыр. Оның себебі, әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешім таппауы болып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жастар ауылға келгенімен, олар тұратын баспана жоқ. Жиындарда, мінберлерде айтылғанымен былтыр да, биыл да ешқандай тұрғын үй салынбады. Ауылдағы мәдениет үйі мен кітапхананы сан рет ағымдағы жөндеуден өткізді. Бірақ әлі күнге шаруасы көп. Мұны елдің алдында үлкен жиындарда айтсақ жексұрын көрінеміз, бірақ бәрібір айтып та жүрміз. Қысқасы ауылда жағдай нашар.
Бақберген ЖЕЛДІКБАЕВ, Нарынқол ауылдық округі әкімінің орынбасары: Қазақстан Республикасының, Алматы облысындағы Райымбек ауданының Нарынқол ауылы тұсындағы мемлекеттік шекара мен Қытай елінің Текес аймағы қатар орналасқан. Көршіміз күннен-күнге мал басын көбейтіп келеді. Онда, әсіресе, тау бөктеріне орналасқан халықтың саны көбейіп, жайылымдық жерлерге тұрғын үй салғызып, әртүрлі демалыс орындарын көбейтуде. Соның бәрін көріп Қытай елі неге шекаралық аймағын дамытып келеді деген ой түйеміз. Нарынқолдан небәрі 15 шақырым жердегі қалашықта 5,6,10 қабатты тұрғын үйлер асқақтап, шекаралық аймақ күшеюде. Ал, біздің елде қозғалыс жоқ. Шекаралық аймаққа көңіл бөлінбесе болашағымыз бұлыңғыр ғой. Түптің түбінде жақсылыққа апара қоймас.
Шаруа қожалықтары заңдастырып алған жерлерін тастап кетулерінің бірінші себебі, ауылда жұмыс орны жоқ. Екіншіден, шекаралық аймаққа көңіл бөлінбей, аудан орталығы Кеген өзіміз сөз етіп отырған Нарынқол ауылынан 100 шақырым жерде болғандықтан, түрлі қажеттіліктерге барып келу қиындығы туып, халық көшуде. Жерін тастап, үйін сатып кетуінің тағы бір себебі, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы. Шекараның ішінде 2500 гектарға жуық жайылымдық жер бар. Сол егістік жерлерде былтыр жұмыс жақсы жүрді. Әйткенмен, бейтарап аймаққа кіріп-шығу кестесі біздің көңілімізге қонбайды. Негізі күн сайын таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 20-ға дейін ашық тұратын шекарамен арадағы бейтарап зонаны әскерилер түскі мезгілді сылтауратып 3-4 сағат жауып тастайды. Бұл заңнамаға сай ма, сай емес пе оны ешкім ашып айтпайды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен келген адамдар «бұл шекара бекеті тұрақты ашық тұру керек» дейді. Ал, іс жүзінде әлгіндей жағдай орын алып тұр. Райымбек ауданында орын алған келеңсіз жайдың тағы бірі шекарадағы Нарынқол – Байынқол – Қаратоған – Текес – Қызылшекара – Жамбыл – Сүмбе және тағы басқа ауылдар арасындағы көлік жолдары өте нашар. Малын баға алмаған зейнеткерлер тоғайға айдап жіберсе сол малы ұры-қарының қолында кететіні тағы бар.
Тілші түсініктемесі.
Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының Панфилов ауданы шекарасындағы жағдай мүлдем бөлек. Рас Райымбек ауданы мен Панфилов ауданы әлеуетін салыстыруға еш келмейді. Өйткені, Панфилов ауданы аумағында ел кеденінің күретамыры Қорғас бекеті орын алған. Тағы бір артықшылығы дәл шекарадан 15 шақырым жерде Нұркент қалашығының бой көтеруі болып отыр. Қазақстан теміржолы акционерлік қоғамы қаражатымен салынған бұл қалашық аталған ұжым иелігіне жатады. Көп қабатты тұрғын үйлер тұрғындары пайдаланған коммуналдық қызмет ақыларын Қазақстан теміржолы акционерлік қоғамы төлеп, сол үйге керекті жиһаз, тіпті, ыдыс-аяққа дейін алып берген. Халықтың жағдайы өте жақсы болғандықтан, аталған ұжым арқылы жұмысқа орналасып, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Достық кеденінен Нұркентке келушілер баршылық. Елбасының шекаралық өңірлерді өркендету, көркейту сынды сарабдал саясатына сәйкес, бұл өңірде жүйелі жұмыс жүруде. Небәрі бір жылдың ішінде теміржол төселіп, Алтынкөл стансасы салынды. Нұркент қалашығында 2500 халық тұрады. Бұрын жұмыссыз жүрген адамдардың барлығы теміржолда түрлі мамандықтарды меңгерген. Жұмыссыз адам жоқ. «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 100 млн. теңге бөлініп, Қорғас ауылындағы ауызсу мәселесі шешімін тапты. Шекара болған соң сауда-саттық та жақсы дамыған. Ауыл азаматтары шетелдік паспорттарымен арнаулы автобустарға отырып ешқандай визасыз бір күнде кіріп-шыға алады. Нұркентте жаңадан монша, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, 500 орындық орта мектеп, 150 орындық балабақша, 100 орындық амбулатория салынып, жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Тағы бір айта кетер жайт, жүргізушілік куәлігі бар азаматтар күн сайын шекарадан өтетін жүздеген көліктерді фирма басшыларымен келісіп, Алматы, Ақтау қалаларына тіпті, Ресейге дейін айдап апарып беріп, қаражат табуда.
Қытай Халық Республикасымен шекаралас жатқан Алакөл ауданында да халықтың жағдайы жақсы. Бір қуанарлығы бұл ауданнан шыққан қалталы азаматтар халыққа жақсы көмектесуде. Аталған ауданның орталығы Үшарал қаласының күннен-күнге дамып келе жатқаны соның жарқын дәлелі. Лепсі өңіріндегі көлік жолдарын қайта жөндеуден өткізуде танымал кәсіпкер Бауыржан Оспанов зор еңбек сіңіруде. Тұтастай алғанда, Алакөл ауданындағы шекарамыз берік.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» 2012 жылғы 25 мамырдағы № 683 қаулысында « Ірі қалалардан және негізгі көліктік дәліздерден шалғайлығы (75 шақырым және одан артық немесе 1 сағаттық қолжетімділік)», «Соңғы 10 жылдағы көші-қон сальдосының теріс серпіні (халық санының азаюы негізінен жоғары білікті еңбекке қабілетті халық есебінен іске асады)», «Су, электр, жылу инфрақұрылымының тозуы 80 %-дан, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет объектілерінің тозуы 70 %-ға түседі», «Жұмыссыздық деңгейі» сынды критерийлерге сәйкес келетін моноқалалар экономикалық әлеуеті төмен қалаларға жатады. Осы критерийлерге сәйкес әлеуеті жоғары және төмен қалалар қатарына кірмеген моноқалаларды облыс әкімдігі әлеуеті орташа елді мекендер тізіміне енгізеді деп көрсетілген. Рас, Нарынқол ауылы бұл критерийлерге кірмек түгілі жоғарыда аталған бағдарламасы жасалған 47 моноқала тізіміне де, тіпті, әлеуеті орташа елді мекендер қатарына да енгізілмеген. Жоғары жақтың нұсқауынсыз, тілдей қағазынсыз атқарушы билік мызғымайтынын, елдің мұң-зарына назар аудармайтынын жазып, мәселенің мәнісін басқа арнаға аудармаймыз. Елбасының айтқаны қалай да заңнама шеңберінде жүзеге асуы керек. Бұл – талап. Сондықтан, ел шекарасын нақтылай түссек, Нарынқол өңірінің өзекті мәселесін тиісті орындар назарына ұсынамыз. Елбасының саясатына сай әрекет ете білсек, 1997 жылы мемлекеттік мәселеге қатысты көп жайт ескерілмей (бұрынғы Нарынқол ауданын) Райымбек ауданы құрамына қоса салған шекаралық өңірдің бағы жанар. Ең бастысы, ел шекарасы бекіген үстіне бекіп, күллі қазақстандықтар бейбіт өмір сүретіні анық.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Райымбек ауданы,
Нарынқол ауылы.