Елімізде «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесі таныстырылды. Мемлекеттік тапсырыс пен салынып жатқан құрылыс нысандарының ашықтығын қамтамасыз етуді көздеген жаңа жүйенің жұмысы туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Елімізде құрылыс нысандарының салыну барысының ашықтығына қатысты сұрақтар көп. Көп адамдар құрылыстың қалай жүріп жатқанын, оған қандай материалдар қолдынылып және қанша тұратынын біле қоймайды. Қазіргі уақытта нысанның салыну барысы журналға тіркеліп, сол жерге жазылады. Яғни бар қолмен жазылып көрсетіледі. Мемлекеттік бағдарлама немесе мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғызылып жатқан құрылыс насындарының ашықтығын жария ету мақсатында «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесі әзірленді.
Құрылыс нысанына жұмсалған әрбір теңге Blockchain-платформасы арқылы ақпараттық жүйеде көрініп тұрады. Нәтижесінде бюджеттен жұмсалған қаржының ашықтығына көз жеткізу мүмкіндігі туады», деді Қ. Өскенбаев баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде жаңа жүйе мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан құрылыс нысандарында қолданылады. Ал толықтай «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесі келесі жылдан бастап іске қосылады.
«Сонымен қатар ақпараттық жүйеде қолданылып жатқан құрылыс материалдарының тізімі, бағасы мен оның сипаттамасы көрініп тұрады. Осылайша құрылыс саласын автоматтандыра отырып, ашықтықты қамтамасыз етпекпіз», дейді ол.