• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Тамыз, 2021

Тұтынушы құқы қалай қорғалып жүр?

1545 рет
көрсетілді

Қара базарда да, жылтыраған сауда үйінде де, одан бөлек сан алуан қызмет көрсету орындарында да клиент құқығы жиі тапталатыны белгілі. Былтыр арнайы жүргізілген сауалдамада ел тұрғындары тұтынушылар құқығын жиі бұзатын бес саланы атапты. Олар – медицина, темір жол, қалааралық және халықаралық автотасымал, білім мекемелері және байланыс қызметі. Кінәрат туризм, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызмет сектор­ларында да бар.

Жиі жасалатын шағымдар

Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтановтың өзі «Тұ­тыну­шылардың көрсетілген қыз­метке көңілі толмайтыны әлі де болса жоғары болып тұр. Са­тып алушыларды мазалай­тын сұ­рақтар жыл сайын қайта­лану­да», деп мойындаған болатын.

Былтырдың өзінде министр­лікке 30 мыңға жуық шағым жолданған. Соның нәтижесінде қазақстандықтарға 249 млн теңге қайтарылыпты. Тұтынушы­лар құқығын қорғау комитеті­нің хабарлауынша, азаматтар кәсіпкерлерге қатысты мынадай мәселелер бойынша жиі шағымданып жатады: сапасы тиісті деңгейдегі немесе тиісті деңгейдегі емес тауарды қайтып алудан немесе айырбастаудан бас тарту; сатушы немесе тауар туралы ақпаратты ұсынудан бас тарту; тауарды алғанын және қажетті сертификаты бар екенін растайтын құжатты көрсетпеу; жұмысты сапасыз орындау; қызметті сапасыз көрсету; келісімшарт толтыру кезінде тұтынушылар құқын бұзу; форс-мажор жағдайында келісімшартты бұзу кезінде алдын ала төлемді қайтарудан бас тарту.

«Сатыбалды» тұтынушылар құ­қығын қорғау қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Серік Мо­мышевтің айтуынша, тұты­нушылар құқығын көп бұза­тын­дардың бірі де бірегейі микро­қаржы ұйымдары екен.

– Негізінен «Банк және банк қыз­меттері туралы» заң талаптары жиі сақталмай жатады. Әсіресе, «Займер», «Тенге KZ», «Коке» сияқты микро­қар­жы ұйымдарын атап айта аламын. Тұ­тынушылар құқығына бейжай қа­рай­­­тын мекемелер қата­рынд­а пәтер жөн­деумен айналы­сатын құрылыс ұйымдары да бар. EKB Group ЖШС 3 млн тең­геден аса сомадағы келі­сім­шарт міндеттемесін орын­да­май қойған. Сарыарқа аудан­дық соты болса, шешімді зардап шегушілердің емес, заң бұ­зу­шылардың пайдасына ше­шіп берген. Көп жағдайда мик­ро­қаржы ұйымдарынан несие алып, оны уақытылы төлей ал­ма­ған зейнеткерлердің құ­қы­ғын қор­ғап, көмектесуге тура келеді. Іс сот орын­даушы­ларына кетіп қалса олар зейнет­ақы шотын бұғаттап тастайды. Ал бұл заңға қайшы. Олар зейнетақы төлемі бойынша мемлекеттік орталыққа қағаз жіберіп, өз кезе­гінде зейнетақының 50 пайыздан көп емес бөлігі ғана ұсталуы керек, – дейді С.Момышев.

Тұтынушылар құқығын қор­ғау саласындағы саясатты қалып­тастыру басқармасының басшысы Олжас Сейітбеков қолға алынған E-tutynushy онлайн қосымшасы әлі өз тиімділігін көрсете қоймағанын айтады.

– Онлайн жобаның басты мақсаты – кәсіпкер мен тұ­ты­нушы арасында дәнекер болу. Қазіргі талапқа сәйкес кәсіп­кер тұтынушының шағымына 10 күн ішінде жауап беруі керек. Жауап бермесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жоба енді ғана басталғандықтан бірқатар кемшілігі бар. Біз сол қателермен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді О.Сейітбеков.

 

Қоғамдық ұйымдар жұмысы нәтижелі ме?

Қазір елімізде тұтынушылар құқығын қорғауды мақсат еткен 50-ден аса қоғамдық бірлестік жұ­мыс істейді. «Әділет» қо­ғам­­дық бірлестігі төраға­сы­ның орын­басары Тұрсын Жағы­па­ро­ва­ның айтуынша, салада шеші­мін таппай дағдарып тұрған мә­се­­лелер көп-ақ. Соның бірі – қар­жы­­ландыру проблемасы.

– Тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл ішінде бұл салада үл­кен нәтижелерге қол жет­кі­зе ал­мадық. Заңға 2016 жылы енгі­зіл­ген өзгеріске сәйкес тұтыну­шылар құқығын қор­ғау­мен айна­лы­сатындарға де­меу­шілік жасалмайды. Бұл бір жағынан алғанда дұрыс та шығар. Себебі кейбір ұйым­дар кәсіпкермен бірігіп, тұты­ну­шылар құқығы назардан тыс қалуы кәдік. Алайда кез келген іс алға жылжу үшін қар­жыландыру керек. Онсыз көп шаруа шешілу кезегін күтіп қалады. Сондықтан бұл мәселеге министрлік те бас ауыртуы керек. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – бірыңғай ақпараттық жүйе де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Тұ­тынушылар құқығын шешу жо­лында тек министрлікке  сүйенбей, жергілікті билік орган­дарына арнап ыңғайлы жүйе жасауымыз керек, – дейді Т.Жа­ғы­парова.

Сондай-ақ С.Момышевтің айтуынша, тұтынушылар құқын қор­ғайтын бірлестіктер мен про­ку­ратура арасында бітіспес кү­рес бар.

– Біз істі сотқа немесе тергеу орган­дарына дейін жеткізбей шешу үшін ұйымдарға сотқа дейінгі айыптау жібереміз. 10 күн біткен соң талап арызымен сотқа немесе жеке шағыммен про­ку­ратураға жүгінеміз. Ал олар болса біздің позициямызды қолдай бермейді. Олар бізді сынған унитаз бен ыдыс-аяқ бо­йынша ғана шағымдануға құқы­лы деп есептейді. Бірақ олар тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға терең үңілер болса, азық-түлік пен жиһаз сатып алушы адам ғана тұтынушы емес, банк, жөндеу ұйымдары, химиялық тазалау мекемелері, сұлулық салондарының қызметін пайдаланушылар да тұтынушы екенін естен шығармау керек, – дейді құқық қорғаушы.

 

Құқықты қалай қорғау керек?

Тап қазір елдегі тұтыну­шы­лар саны – 18,7 млн адам. Олар күніне 6 млн-нан аса та­­­­уар са­тып алады және қызметтер тұ­тынады.

Заң бойынша тұтынушылар құқын қорғаудың үш сатылы жүйесі қалыптасқан. Бірінші кезеңде заң аясында мүддесі тапталған тұтынушы тікелей са­ту­шыға (дайындаушы, атқа­ру­шы тұлғаға) шағымдана алады. Бұл ретте қоғамдық бірлестіктер көмегіне де жүгі­ну­ге болады. Егер бұл істен нәтиже шықпаса мемлекеттік органға, яғни тұ­ты­­нушылар құқын қорғау ко­ми­­тетіне хабарласса болады. Өз кезегінде олар бизнес ие­сі­не қатысты әкімшілік шара қол­да­нады. Үшінші кезең – істің сотта қаралуы. Қос тарап ортақ келісімге келе алмаған жағдайда дау-дамайға сот араласады.

Қазіргі кезде «Тұтыну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау туралы» заңға түзетулердің 2-пакеті әзірленіп жатыр. Ко­­­­ми­теттің хабарлауынша, жаңа талаптар тізбегі әр­түр­лі түсіндірмелері бар құ­қық­тық олқылықтарды, анық емес нормаларды жоюға бағытталған. Пандемия бас­тал­ғалы бері онлайн сауданың өрістеуі де осы саладағы құқық бұзушылықтарды көбейткен. 2020 жылы 689 адам интернет-дүкендердің жұмысына және онлайн-қызметтерге қатысты шағым білдіріпті. Қабылданған шаралардың арқасында тұты­ну­­шыларға 13,2 млн теңге қай­­тарылыпты. 2021 жылдың бес айында 556 қазақстандық жү­гініп, оларға 7 млн теңге қайтадан тұтынушы қалтасына түскен. Осыған байланысты 2-пакетте электронды сауда­ны тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғауды күшейту жө­ніндегі бөлім көзделген. Ми­нистрлік 2025 жылға таман тұтынушылар құқығын қор­ғау саласында қа­нағаттану деңгейін 80 пайызға арттырамыз деп белсеніп отыр. Со­нымен қатар «саннан – са­паға» атты ұстанымды серік еткен ұлттық тұтынушылар қа­уым­дас­тығы құрылмақ. Атал­ған қауым­дастықтың іске аралас­уы тұтынушылар дау-дама­­йын шешудегі мемлекет үлесін азайт­­пақ.