Өскемен қаласындағы Үлбі өзеніне 18 жастағы жігіт батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1 тамызда үйден шығып кеткен 18 жастағы жігіт сол-күйі қайтып оралмаған. Келесі күні Үлбі өзенінің жанынан өтіп бара жатқан адамдар оның жеке заттары мен ұялы телефонын тауып алып, туыстарына хабар берген.
«3 тамыз күні хабар-ошарсыз кеткен азаматтың туыстары құтқарушылардан көмек сұрады. Сөйтіп, іздестіру жұмыстары дереу қолға алынды. Өкінішке қарай, бүгін Үлбі өзенінен ер адамның мәйіті табылды», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, департамент мамандары өңір жұртшылығына жабдықталмаған жерлерде шомылмау қажеттігін ескертеді.