Қазақ елінің білімі мен ғылымының алтын діңгегіне айналып отыр
Еліміздің тұңғыш университеті Әл-Фараби атындағы білім ордасының құрылғанына 80 жыл толды. Осы кезеңде ҚазҰУ Қазақстан экономикасының, мәдениетінің, ғылымы мен білім саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосып, Отанымыздың барлық жоғары мектеп жүйесінің тірегіне, барлық ортаазиялық аймақ бойынша кадрлардың ірі ұстаханасына айналды. Жоғары білім сапасы, халықаралық танымалдылық, ғылыми және зерттеу қызметтерінің, инновацияның белсенділігі, мықты оқытушы-профессорлар құрамы және талантты түлектер – бүгінде, ҚазҰУ-дың мақтанышына айналды.
Қазақ елінің білімі мен ғылымының алтын діңгегіне айналып отыр
Еліміздің тұңғыш университеті Әл-Фараби атындағы білім ордасының құрылғанына 80 жыл толды. Осы кезеңде ҚазҰУ Қазақстан экономикасының, мәдениетінің, ғылымы мен білім саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосып, Отанымыздың барлық жоғары мектеп жүйесінің тірегіне, барлық ортаазиялық аймақ бойынша кадрлардың ірі ұстаханасына айналды. Жоғары білім сапасы, халықаралық танымалдылық, ғылыми және зерттеу қызметтерінің, инновацияның белсенділігі, мықты оқытушы-профессорлар құрамы және талантты түлектер – бүгінде, ҚазҰУ-дың мақтанышына айналды.
Университет тарихы – бұл біздің еліміздің тарихы. Осы жылдар аралығында Отанымыздың жоғары мектебі жолбасшысының дамуы Қазақстан мемлекетінің елеулі кезеңімен, жан-жақты әрекет, түбегейлі өзгеріспен үздіксіз байланыста болды. ХХ ғасырдың күрделі 30-жылдарының басында Қазақстанның халық шаруашылығына ұлттық кадрлар дайындау мәселесі тұрғанда Халық Комиссарлар кеңесі Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университеті – ҚазМУ-ды ұйымдастыру туралы шешім шығарады. Нәтижесінде 1934 жылдың 15 қаңтарында оқытушы-профессорлар құрамы туралы және алғашқы 54 студентті физика-математикалық және биологиялық факультеттерге қабылдауға бұйрық қабылданды. Артынан химия, шет тілдері және филология факультеттері ашылып, қазақ жастары үшін дайындау бөлімдері ұйымдастырылады. Осы күрделі кезеңдерде басшылықта болған тұңғыш директор Федот Трофимович Оликов өзін жоғары мектептің талантты ұйымдастырушы ретінде танытты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында университетке қысқартылған бағдарламалар бойынша жұмыс істеуге тура келді. Ең алдымен, майдан үшін – мейірбикелер, дәрігерлер, радист-операторлар, рентгенологтар, аудармашылар және басқа да мамандар дайындау қажет болды. Майданға кеткен оқытушылар мен студенттердің көбісі ұрыс майданынан оралмады. Ерлігі мен қаһармандығы үшін білім ордасының білімгерлері мен қызметкерлері ордендермен және медальдармен марапатталды. Ал университет түлегі Александр Поповқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол соғыс жылдары ҚазҰУ-ға Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның үздік ғылыми-зерттеу институттары және зертханалары орналастырылды. Жетекші ғылыми мектептерді басқаратын академиктер және көрнекті ғылым докторлары келді. Зерттеулер ауқымы кеңейді. Мәселен, химия факультетінде көптеген техникалық мекеме мен әскери бөлімшелердің кеңес беру орталығы болған әскери химияның ғылыми мектебі дамыды. Сондай-ақ, осынау күрделі кезеңде астрономия, физика, тарих, тіл білімі бойынша қазақстандық ғылыми мектептер негізі қаланды.
Сұрапыл соғыстан соң факультеттердің саны артты, аспирантураға қабылдау саны өсті. Жаңа оқу ғимараттары салынып, биостанса, биологиялық мұражай құрылды. ҚазҰУ республиканың экономика және қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласына білікті кадрлар дайындайтын жетекші орталық болды. Жетекші кафедраларды академик, профессорлар Әбікен Бектұров, Ісмет Кеңесбаев, Сергей Покровский, Константин Персидский, тағы басқалар басқарды. Қазақстандық ғылымның іргетасын қалаған жұлдызды академиктер Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев дәріс оқыды. Әрине, университеттің дамуында оның ректорлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жетекші ғалымдар – Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин, Темірбай Дарқанбаев еңбектері өте маңызды. Олардың есімдері ҚазҰУ шежіресінде алтын әріптермен жазылған.
ХХ ғасырдың 1960-1980 жылдары білім ордасы заманауи және үздік оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және университеттік әлеуметтік инфрақұрылымын құрумен қатар, оның халықаралық білім беру жүйесіндегі тығыз қарым-қатынасын орнықтыруды бастады. ҚазҰУ республикаға ғана емес, шетелдер үшін де кадрлар дайындай бастады. Университет ғалымдары еліміздің азық-түлік бағдарламасы, қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, есептеу техникасын құру, басқа да салалардың өзекті мәселелері бойынша теориялық және эксперименттік зерттеу жұмыстарын жасады. Осы қиын да күрделі жұмыстарды атқаруда ҚазҰУ-дың білім мен ғылымның көшбасшысы болып тұруында оның мықты оқытушы-профессорлар құрамы, сонымен бірге, ректорлар: Асқар Закариннің, Өмірбек Жолдасбековтің, Еділ Ерғожиннің ұйымдастырушылық таланттары ерекше орында тұрды. Танымал ғалым және бірегей басшы Ө.Жолдасбеков жетекшілігі кезеңінде, ең алдымен, бүгінде әлемнің жетекші университеттерінен кем түспейтін «ҚазҰУ қалашығы» керемет оқу-ғылыми және тұрғын кешені құрылысының жүргендігін айтып өту әділдік болар.
Түбегейлі тарихи жандану 80-90 жылдар аралығында орын алды. Бұл уақыттағы саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістердің күрделі кезеңі Қазақстанға егемендік әперді, жаңа мемлекет, ашық экономика және заманауи әлеуметтік орта жасауға алып келді. Университет тәуелсіздіктен кейін Қазақстан Республикасында бұрынғыша жоғары білімнің көшбасшысы ретінде тарихтың жаңа парақтарын ашты. Бұл жерде Қазақстанның әлемдік қауымдастықта теңқұқылы мүше ретінде қалыптасуы басты фактор еді, осындай шарттарда таңдау біреу ғана болды. Ол – әлемдік білім беру жүйесіне сатылай көтерілу, маман даярлауда халықаралық стандарттарға өту. Университет дәрежесі де айтарлықтай өзгере бастады. 1991 жылдан бастап университет ұлы ойшыл Әбу Насыр ибн әл-Фараби есімімен атала бастады. 1993 жылы университет дербес мемлекеттік жоғары оқу орны дәрежесін иеленді, кейін Президент Жарлығымен Қазақстандағы бірінші оқу орнына маңызды ұлттық университет дәрежесі берілді. Кадрларды дайындауда халықаралық талаптарды енгізудің және ғылыми-инновациялық инфрақұрылым құрудың, маман дайындаудың екі сатылы «бакалавриат-магистратура» жүйесіне ауысудың, сонымен бірге, университет құрамында ҒЗИ жүйесін және технологиялық парк құрудың алғашқы қадамдары жасалды. Университет ректорлары, отандық білім мен ғылымның көрнекті қайраткерлері Мейірхан Әбділдин мен Көпжасар Нәрібаев университет дамуына зор үлес қосты.
2003 жылдың қыркүйегінде Болонья қаласында (Италия) ҚазҰУ университеттер Ұлы Хартиясына қол қойды. Сол арқылы Қазақстан жоғары оқу орындары және Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып еуропалық білім беру кеңістігіне енді. 2006 жылы сапа саласындағы жетістіктері үшін ел тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Бұл еліміздің барша жоғары білім беру ісіне, маман даярлауға берілген жоғары баға еді. Ғылыми мектептер қызметтерінің және бағыттарының кеңеюі жалғасып, жаратылыстану мамандықтары бағдарламаларына халықаралық сертификаттау жүргізіліп, ҚазҰУ жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып әлемдік рейтингке кірді. Елбасының үлкен қолдауымен оқу орны қалашығының екінші кезектегі құрылысы басталып, жаңа оқу ғимараттары пайдалануға берілді. Осылардың іске асуында академиктер, университет басқарған басшылар Төлеген Қожамқұлов пен Бақытжан Жұмағұловтың еңбектері елеулі. 2009 жылы қазанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚазҰУ-де оқыған дәрісінде біздің университетті «Жаңа Қазақстанның білімі мен ғылымының алтын діңгегі» деп атаған болатын. Осы жеткен жетістіктерде, университет алдында уақыт талабы қойған міндеттерді іске асыруда барлық ректорлардың, қызмет еткен барша оқытушы-профессорлар құрамының, сондай-ақ, өз еңбектерін төл университеттерін және туған елін өркендетуге қосып жүрген түлектердің еңбегі жатыр.
ҚазҰУ-дың заманауи даму кезеңі Елбасының Қазақстанды 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарымен, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған жаңа міндеттермен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, білікті мамандарды дайындау елдің инновациялық-индустриялық дамуымен сәйкес келуі керек. Жоғары білім беру сапасы халықаралық ең жоғары талаптарға жауап беруі қажет. Барлық жоғары оқу орындары әлемнің үздік университеттері рейтингіне енуге талаптануы тиіс. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде, ҚазҰУ Елбасы қойған міндеттерді орындауға белсене кірісіп, классикалық университеттен әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналудың кең көлемді бағдарламасын іске асыру жұмысын бастады. 2011 жылы университеттің кешенді құрылымдық модернизациясы жасалып, кластерлік әдіс негізінде факультеттер дамып, кафедралар ірілендірілді. Нәтижеге негізделген басқару жүйесі белсенді қолға алынып келеді, ғылым мен инновацияның дамуына, материалдық және ғылыми-зертханалық негіздерге, білім беруге қажет жағдай жасалуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары халықаралық стандарттарға және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқу-білім бағдарламаларына сай негізделген экспериментальді білім беру бағдарламаларын жасау базасына айналды. Маман даярлау үдерісі пәнаралық оқыту білікті тәсілдеме негізінде құрылды. Әлемдік білім беру жүйесінде қабылданған талаптарға жақындай түсу біздің білім беру бағдарламаларымызға AQUIN және ASIN жетекші шетелдік агенттіктерден халықаралық аккредиттеу алуға мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейде мойындалуымыздың бір көрінісі ол қосдипломдық білім беру бағдарламасының іске асуы болды. Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірнеше мамандықтар бойынша әлемдегі беделді университеттер деңгейіне жетті. Мысалы, Лотарингия университеті, Страсбург менеджмент мектебі, Валенсия политехникалық, Ланьчжоу және т.б. шетелдік университеттер. Жыл сайын халықаралық жүйедегі жоғары оқу орындары – Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеті мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы университетіне магистратураға қабылдау жүргізіледі. Студенттердің академиялық ұтқырлығы белсенді дамып келеді. Соның аясында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында тек магистранттар мен докторанттар ғана емес, бакалавриаттағы студенттер де барып білім ала алады. Соңғы үш жыл ішінде шетелдік ЖОО-ларда университетіміздің 3,5 мың студенттері оқу тағылымдамасынан өтті.
Іргелі де ірі оқу орны әлемдегі заманауи зерттеу университеттері сияқты Вильгельм фон Гумбольдттың: «Оқыта – зертте, зерттей – оқыт» басты қағидасына сүйенеді. Мұнда еліміздегі өзге университеттерде әлі орныға қоймаған бірегей ғылыми-технологиялық инфрақұрылым жұмыс істейді. Мықты ғылыми-технологиялық парк құрылды. Онда көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жобасын жасайтын 30 шақты ғылыми-зерттеу институты мен орталық бар. Еуропалық одақ жоғары рангы сарапшылары бағалауынша, ҚазҰУ ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуеті Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында теңдессіз көшбасшы делінеді. Соңғы екі жылда ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу және құрастырмалы-тәжірибе дайындау, өңдеуді қаржыландыру көлемі 3,8 есеге өсіп, бүгінде 4,5 млрд. теңгені құрайды. Біздің ғалымдарымыздың дәйектемелік индексі еуропалық көрсеткіштерге шықты. Оған 20-дан жоғары импакт-фактор қазір қалыпты жағдайға айналды. Университетіміздің халықаралық ғылыми мүмкіндігінің мойындалуының бір белгісі әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft» компанияларының оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының бізде ашылуы дер едім. Мұндай бағыттағы орталықтар мен зертханалардың жұмыс істей бастауы алдағы уақытта оқу бағдарламасына әлемдік деңгейдегі жаңаша оқыту технологияларын енгізуге, білім мен бизнесті үйлестіруге мықты қозғаушы күш болмақ.
Оқу-зерттеу және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлесімділік жүйесі негізінде жасалуы бітіруші түлектердің, магистранттар жұмысының тақырып аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Ғылыми жұмыспен айналысатындардың белсенділігін арттыруға студенттерді ғылыми жұмыстарға ынталандыруға бөлінетін гранттық қаржы сомасы 10%-ды құрайды. Мұның бәрі ертең студент диплом алып шыққанда жұмыс іздеп жүрмей, кіші инновациялық кәсіпорын ашып, жұмыс берушіге айналуы үшін жасалуда. Сол үшін университетте студенттік бизнес-инкубатор қарқынды қызмет етіп келеді. ҚазҰУ студенттері алғаш рет «UNIFORM Project» халықаралық консорциумы аясында Токио университетімен бірге бірінші қазақстандық наноспутникті жасауды іске асыруға кірісті. Бұл жұмыс өзге де жобалармен бірге ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылатын болады.
Жұмыс берушілер тарапынан түлектердің кәсіби құзыреттілігіне деген үлкен бағасы ҚазҰУ-дың үлкен мақтанышы. Түлектердің сұранысқа ие болуы және жетістігі университет қызметінің негізгі көрсеткіші болып табылады. Университет түлектері өндірісте, ғылымда, бизнесте жетекші рөл атқарады. Олардың көбісі бүгінде әлеуметтік серіктестік қағидасы негізінде түлектер қауымдастығы жұмысына тартылған.
ҚазҰУ Орталық Азиядағы Халықаралық ЖОО-лар қауымдастығы құрамына енген және Қазақстандағы университеттер арасынан БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына кірген жалғыз университет десек, бұл халықаралық жоғары деңгейде мойындалғандығының бір көрсеткіші болып табылады.
ҚазҰУ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің энергия экологиялық стратегиясын және «Жасыл көпір» бастамасын қолдау бойынша «Рио+20» тұрақты даму бойынша БҰҰ Жаһандық саммитінде өзінің секциясын ашқан ТМД елдері ЖОО-лары арасындағы жалғыз университет.
Соңғы екі жылда жаңа 270 жұмыс орны ашылды, университеттің 127 қызметкері мен оқытушылары «Ақкент» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтер кілттерін алды. Жыл сайын талантты студенттерді қолдауға 30 млн. теңгеден жоғары көлемде атаулы демеушілік шәкіртақы беріледі. Ұжымдық мәдениет кодексінің қабылданғанына орай, ұжымдағы адамгершілік-психологиялық ахуал көтерілді. Кураторлар институты даму үстінде, соның аясында студенттік топтарға оқытушылар педагогикалық тәлімгерлік жасайды. Бізде әлемнің үздік университеттерінде кең таралған әрі қолдау тапқан студенттермен клубтық жұмыс формасы да қолға алынып жатыр. ҚазҰУ үш маусым қатарынан еліміздегі жоғары оқу орындары арасында жазғы универсиадада жеңімпаз атанып, студенттік спортта ешкімге дес бермей келеді. Бірінші рет университеттің 11 студент-спортшы-жастары Лондондағы Олимпия ойындарына қатысса, олардың арасынан Светлана Подобедова ауыр атлетика бойынша Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Жоғары рухани-адамгершілік орта қалыптастыруға «Айналаңды нұрландыр!», «Саламатты және мәдениетті дене», «100 кітап», «ҚазҰУ-Гринкампус» сияқты кең көлемді инновациялық әлеуметтік жобалар септігін тигізуде. Бұлардың барлығы студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамының жаңа әлемдік көзқарасының мықты интеллектуалды тұғырнамасын дамытқан «өсу нүктесіне» айналды.
Университеттің қарқынды дамуын жаңа инфрақұрылыс нысандарының бой көтеруінен де байқауға болады. Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа әл-Фараби ғылыми кітапханасы ашылды. Жуық арада «Керемет» жастар ресурстық орталығының тұсауы кесіледі. Жаңа сапалық ұстаным негізінде мұнда «Бір терезе» қағидасымен студенттер барлық қажет қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Жаңа 500 орындық ыңғайлы жатақхана тұрғызылды. Магистранттар мен докторанттарға арналған жас ғалымдар үйінің, заманауи жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Ағымдағы жылы әлемдік стандарттық сапаға сай қызмет көрсететін медициналық диагностикалық орталық қолдануға беріледі. Әлемдік тәжірибе негізінде университетті дүниежүзілік деңгейге көтеретін инновациялық және биомедициналық екі ірі кластер жасалуда. Бұған мемлекеттік, жекеменшік серіктестік қағидасы нарықтық әдісін пайдаланып, инновациялық және биомедициналық кластер құруға Оңтүстік Кореяның, Гонконг және Сингапурдың жетекші компаниялары тарапынан жарты миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып жатыр.
Соңғы жылдардағы менеджмент жүйесіне, оқу-тәрбие үдерісіне және ғылыми-зерттеуге енгізілген инновациялар халықаралық рейтингіде секіріс жасауға мүмкіндік берді. Біздің университет 2013 жылы Орталық Азия және Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып QS World Universiti Rankings халықаралық рейтингісіне еніп, дүние жүзіне мойындалған 800 университет арасында 299-орынды бағындырып, әлемнің үздік топ – 300 университеттері құрамына енді. Бұл топқа ТМД елдері ЖОО-лары арасында тек – М.Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-Петербург университеті және әл-Фараби университеті ғана енді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент білімге негізделген экономика құру мәселесіне зор көңіл аударады. Бұл үдерісте басты рөл университеттерге жүктеледі. Еліміздің инновациялық жүйесінде үштік тұтастық «университет-бизнес-мемлекет» құруда қазақстандық ЖОО-лар өзінің интеллектуалдық орнын анықтауы қажет және біздің елімізді дамудың жаңа сапалы деңгейіне бастайтын қабілетті жаңа рухани-интеллектуалды элитаны тәрбиелеуі керек. ҚазҰУ өзінің көп қырлы қызметін әлемнің жетекші университеттерінің халықаралық тәжірибесін, сондай-ақ, «Назарбаев Университетінің» үлгісін негізге алады. Университет ұжымы жаңарудың белсенді субъектісі ретінде ұлттық зерттеу университетінің мәртебесін, сонымен бірге, дербес университетке айналдыруға байланысты жауапкершілікті қабылдауға дайын. Бұл оқу орнына экономикалық қатынасқа өздігінше қатысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ҚазҰУ-ға шетелдік стандартқа жақын келетін жағдайда қызмет етуге, өз кезегінде халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«Алатау» инновациялық технологиясының үшінші даму кезеңін 2014 жылдан бастап ҚазҰУ базасында жүзеге асыру шешімі үлкен маңызға ие. Аталған инновациялық кластерді құрудың сапалы нәтижесінің негізінде ғалымдардың және ғылыми ұйымдардың тиянақты еңбектерін өндіріске енгізу, шағын кәсіпкерліктің инновациялық аймағын дамыту күтілуде. Ғылыми өзін өзі басқару және экономикалық жеткіліктілік қағидаларын назарға алған жаңа кластер білімге негізделген экономиканың «өсу нүктесін» құруға жол ашады. Жақында ЮНЕСКО шешімімен ортаазиялық аймақ бойынша тұрақты даму хабын ҚазҰУ базасында құру шешімінің қабылдануы университет қызметіне жаңа мүмкіндіктер береді. ЮНЕСКО-ның аймақтық хабы жобасын жүзеге асыру университетке Орталық Азия бойынша аталған бағытта көшбасшы атануға мүмкіндік береді.
Университеттің жаңа формациясын жасау мақсатында ҚазҰУ биыл «Аl-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасын іске қосты. Жаңа үлгі ұлы ойшыл әл-Фарабидің ерекше қала ойларына негізделген. Ғұлама ғалым өзінің трактаттарында әділ және ізгілікті қоғамды көрсетуге тырысып, оны қайырымды қала деп атады. Оның маңызды белгілері әмбебап рухани құндылықтарды және ізгілікті өмірдегі әріптестік жетістіктерді сипаттайды. Бұған заманауи тұрғыдан қарастыратын болсақ: XXI ғасырда университет қалаларының аймақтық жағдайы үздік инфрақұрылымдармен, қаржылық және материалдық ресурстармен ғана анықталмайды. Заманауи университеттер жоғары рухани және адамгершілік деңгейді меңгерулері қажет. «Al-Farabi university smart city» жобасы технологиялық және рухани-адамгершілік тұжырымдардың біртұтастығы негізінде ғылыми, білім беру және әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа заманауи тәсілін ұсына отырып, университеттің жаңа ұрпақ дайындауына негіз болады. Smart-университеттер – бұл нәтижесінде Smart-Қазақстанды құратын біздің еліміздегі Smart-қалалардың негізі болмақ. 2020 жылдарға қарай еліміздің кемінде, екі жоғары оқу орны әлемнің үздік топ университеттері рейтингінің қатарына енуі қажет. «Al-Farabi university smart city» жобасы ел Президенті алға қойған осы мемлекеттік маңызды тапсырманы жүзеге асырудың методологиялық негізі болады. Мерейтойлық жыл қара шаңырақ үшін әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғамен ерекшеленіп отыр. Осы жылдың мамыр айында ҚазҰУ базасында Азия аймағы елдері университеттері ректорларының ІІІ форумы өтеді. Бұл университеттің халықаралық деңгейдегі беделінің, менеджмент тиімділігінің және дамудың стратегиялық курсының дұрыстылығының көрсеткіші болып табылады. Осы форумның, сондай-ақ, Жоғары білім беру бойынша еуразиялық форумның және басқа да мерейтойлық іс-шараларды өткізу университеттің үдемелі дамуының жаңа белесі, жаңа жетістіктерге жетудің мықты қозғаушы күші болмақ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы алға қойып отырған жаңа міндеттерді бар күш-жігерімен орындап, Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына қосуға өз үлестерін қосады.
Ғалым МҰТАНОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры.