1 тамызда өңірде КВИ инфекциясын жұқтырған 238 адам тіркелсе, 2 тамыз күні науқастанғандар саны 356 адамға жетті. Соңғы күннің дерегі бойынша Алға, Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау аудандарында КВИ-ге шалдыққандар саны күрт өсті. Бүгінде өңірде КВИ жұқтырған 960 науқас ауруханаға жатқызылса, 6 594 адам үй карантиніне алынды.
Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның хабарлауынша, қаладағы тойханалар мен мейрамханаларда жасырынып той өткізіп, ас беру тоқтар емес. Өткен аптада мониторингтік топтар 55 нысанды жоспарсыз тексеріп, карантин тәртібін бұзған кәсіпкерлерге 8 млн теңгеден аса айыппұл салды. Жалпы жыл басынан бері карантин ережесін бұзған кәсіпкерлерге 60 млн теңгеден аса айыппұл салынған еді.
Ақтөбе қаласында КВИ науқастарын облыстық фтизиопульмонологиялық орталық, теміржол ауруханасы мен Ақтөбе медицина орталығы қабылдайды. Дәл бүгінде осы үш емдеу мекемесіндегі кереуеттер жүктемесі 80 пайыздан асса, реанимациялық кереуеттер жүктемесі 47 пайызға жетті. Ауруханаға жатқызылған 960 науқастың 91-і реанимацияда, 12-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Мутацияға ұшыраған «Дельта» штамының таралуымен жүкті әйелдер мен балалар арасында да ауру көбейіп тұр. КВИ-ге шалдыққан 260 бала, 128 жүкті әйел дәрігерлер бақылауында тұрса, 47 жүкті әйел, 19 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 5 әйелдің жағдайы ауыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров ауырғандар саны күрт көбейер болса, науқастарды жатқызатын жер де болмай қалуы мүмкін екенін айтады.
Облысқа жыл басынан бері 422 мың доза вакцина жеткізілсе, оның бірінші компонентін 227 681 адам (49 пайыз), екінші компонентін 145 912 (31 пайыз) адам салдырды. Осылайша өңір тұрғындарының 35 пайызы коронавирус инфекциясы бойынша толық иммундаудан өткен.
2 тамыздан бастап Ақтөбе қаласындағы барлық емханаларда шұғыл жағдайдағы науқастар болмаса барлық амбулаториялық емдеу, скринингтер, жоспарлы медициналық тексерістер уақытша тоқтатылды. Енді учаскелік дәрігерлер науқастарды алдын ала жазылым бойынша қабылдайды.
Биыл жыл басынан бері өңірде 260 адам коронавирустан қайтыс болды. Шілдеде осы індеттен марқұм болғандардың саны 43-ке жетті. «Дельта» штамының адамдар арасында жедел таралуына байланысты дәрігерлер тұрғындардан барынша сақтық шараларын сақтауды өтініп отыр. Пандемия басталғаннан бері Ақтөбе облысының 17 017 тұрғыны коронавирус инфекциясына шалдығып, 12 861 науқас жазылып шыққанын айта кеткен жөн.
Ақтөбе облысы