Қазақ фольклорының 100 томдығының жариялануы – елдігімізді еңселентер ерен оқиға. Парламент Мәжілісінің кешегі отырысында депутат Алдан Смайылдың Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына жолдаған сауалының мәнін бір сөйлеммен осылайша түйіп айтуға болады. Сауалда былай делінген:
* Мемлекет мерейі
Қазақ фольклорының 100 томдығының жариялануы – елдігімізді еңселентер ерен оқиға. Парламент Мәжілісінің кешегі отырысында депутат Алдан Смайылдың Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына жолдаған сауалының мәнін бір сөйлеммен осылайша түйіп айтуға болады. Сауалда былай делінген:
Құрметті Серік Нығметұлы!
Ұлтымыздың дәуірлерді сөйлеткен бай фольклоры – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайнар көзі, халықтың теңдесі жоқ рухани құндылығы.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов осы ауыз әдебиетіне қатысты мына бір оқиғаны аталған басылым бетінде (7.ХІІ.2013 ж.) былай деп еске алады: «2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын жаңа қолға алып жатқан шақта Ақпарат министрі ретінде АҚШ-тың сол кездегі елшісі Элизавет Джонс ханыммен кездесуім кезінде министрлік жұмысын әңгімелей келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 100 томдық қазақ фольклоры шығарылатынын айтқан едім. Сөзімді елшілік қызметкері аударып болысымен министрліктің адамы: «Дұрыс аударған жоқ», деп қалды. Сөйтті де, өзі бір тұсын қайта аударып берді. Сөйтсек, елшілік қызметкері менің «жүз томдық» дегенімді министр жаңылыс кеткен болар деп, өзінше «түзетіп» «он томдық» деп аударған екен... Сонда Батыс адамының ұғымында бізде жүз томдық фольклор болуы мүмкін, оның бәрінің басы қосылып, сондай көлемде шығарылуы мүмкін деген ойдың өзі болмай тұрғаны ғой».
Жақында Президент бастамашы болған осы «Мәдени мұра» бағдарламасының ең бір ірі жобасы – қазақ фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағын шығару жұмысы аяқталды. Мұндай басылым әлем мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болған емес. Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса, бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ екені анық. Бұл – әлемдік мәні бар оқиға, ұлт ретінде мақтаныш ететін рухани жетістігіміз. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әлемдік деңгейдегі фольклоршымыз, академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен басталып, жеріне жеткізілген, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қамқорлығымен Астанадағы «Фолиант» баспасында көркем безендіріліп, сапалы қағазға басылған «Бабалар сөзі» сериясының аяқталуы мемлекет өміріндегі елеулі рухани-мәдени белес ретінде қаралуы керек. Осы оқиғаға тиісінше мән беріліп, үкімет деңгейінде көңіл бөлінуі, елдің ішінде де, сыртында да лайықты насихатталуы қажет деп санаймыз. Атап айтқанда, 100 томдықтың ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Майндағы Франкфурт қаласындағы кітап көрмесінде тұсаукесерін өткізу, әлемдік тілдердегі салмақты журналдарда ғылыми мақалалар жариялау, осы оқиғаға орайластырылған халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыру, дүниежүзіндегі ең танымал кітапханалардың қорында осы құнды басылымның болуын қамтамасыз ету қажет. Осындай ауқымды да өзекті шараларды атқару жөнінде Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер министрліктеріне тиісті тапсырмалар беруіңізді сұраймыз. Біз осылай елдік рухымызды асқақтата түсейік.
Алдан СМАЙЫЛ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты.