• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2014

Қоғамдық қабылдаудың жаңа әдісі

357 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс-тілектерін ескеруде жаңаша әдіс қолдануға көшті. Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ұйымдастырған қоғамдық қабылдаудың онлайн форматында өтуі – осының көрінісі.

«Нұр Отан» партиясы азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс-тілектерін ескеруде жаңаша әдіс қолдануға көшті. Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ұйымдастырған қоғамдық қабылдаудың онлайн форматында өтуі – осының көрінісі.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай жаңаша әдіс арқылы азаматтарға қызмет көрсету олардың уақытын үнемдеуге де белгілі бір деңгейде ықпал етпек. «Қоғамдық қабылдау бөлмесінің мұндай тәжірибесі өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап жүзеге асырыла бастаған. Сол күні Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, қоғамдық қабылдау бөлмесінің жаңа ғимаратын ашты. Бүгінгі таңда біз «электронды үкімет» арқылы халыққа үлкен мүмкіндік туғызып отырмыз. Яғни, әр азамат ешқайда шықпай, орталыққа келмей, бейне байланысқа шығып, өзін толғандырған мәселе бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтіп жатқан мемлекеттік органдар басшыларының, Мәжіліс депутаттарының қабылдауларында бола алады, оның кестесі «электронды партияның» порталында жарияланған», деді «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмажан Қамкенұлы.

 Сонымен, кеше партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова арнайы келіп, әуелгі кезекте бірқатар азаматтармен жүзбе-жүз кездесіп, олардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Аталған ведомство басшысының қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың әрқайсысын сан түрлі мәселе толғандырып, әртүрлі сауал мазалайды екен. Мәселен, министр бұл жолы зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы, әлеуметтік материалдық көмек, жұмысқа орналасу, жеке кәсіп ашуға шағын несие алу, мүгедектік тағайындау, өндірістік жарақат алған жұмысшыларға төленетін өтемақы сынды мәселелер төңірегінде жұртшылықты толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Министрдің қабылдауына келген азаматтардың арасында Астана қаласының 64 жастағы тұрғыны Тұрсын Қабыкенова деген азаматша да бар екен. Бүгінде 3 немересін бағып отырған ана өзінің қоғамдық қабылдау бөлмесіне келу себебін былайша түсіндірді. «Менің немерелерімді 4 жыл бұрын анасы, яғни менің келінім тастап кеткен еді. Ол кезде немере қызыма 1 жас 7 ай болса, ал одан кейінгі егіз немерелеріме 4,5 ай енді ғана толған болатын. Осы уақыт аралығында ешқандай жәрдемақы алған жоқпын. Өзімнің жұмысым жоқ, зейнетақыға да шықпағанмын. Бәріміз ұлымның аз-маз жалақысымен күн көріп отырмыз. Біздің материалдық жағдайымыз қиын. Немерелерім балабақшаларға бара алмайды. Себебі, жиі ауырады, өте әлсіз. Өкпелеріне суық тиген, демікпе ауруына шалдыққан.

Әрине, мемлекет тарапынан екі рет квота берілді. Сол квоталар бойынша талай рет емделдік, жылынан 3-4 рет ауруханаға жатамыз. Қанша жыл баспана деу­ге ауыз бармайтын «үйлерді» жалдап, тұрып келдік. Қазір де сондай жерлерде тұрып жатырмыз. Баспанамыз жоқ. Туысқандарымыз бізге аяушылық танытып, көмек көрсетіп отырады. Мәселен, биылғы қыс бойы бір ай бір туысымыздың үйінде, тағы бір ай басқа туысымыздың үйінде тұрдық. Мені немерелерімнің жағдайы алаңдатады. Аналары 4 жыл бұрын кеткеннен бірде-бір рет төбесін көрсеткен емес. Министрге осы жағдай түрткі болып, мүмкін көмегі тиіп қалар» деген ниетпен келген едім. Міне, осылай деп мұң шаққан ол Тамара Дүйсенованың: «Өтініш жазыңыз, жағдайыңызды қараймыз», деген сөзіне үміт артып отырғанын жеткізді.

 Сонымен қатар, бұл күні алғаш рет аймақтармен онлайн пішімі негізінде қабылдау жүргізілді. Мәселен, ведомство басшысы еліміздің 3 өңірі – Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыс­тарымен тікелей байланысқа шығып, аталған өңірлердің 6 тұрғынының талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады. Онлайн байланысқа шыққан өңір тұрғындары еліміздің «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына өзгерістер енгізу, еңбек ардагерлерінің дәрежесі туралы заң жобасын әзірлеу, ауыл шаруашылығында қызмет атқарған зейнеткерлердің зейнетақысын өсіру, мүгедек балалардың күтіміне қажетті әлеуметтік көмек көрсету туралы ұсыныстарын жеткізді.

 Азаматтарға қоғамдық қабылдау жүргізілгеннен кейін Т.Дүйсенова мұң-мұқтаждарымен келіп, өтініш айтқан азаматтардың мәселелерін шешу жөнінде аймақтық органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан». 

 

Соңғы жаңалықтар