• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2014

Сауданы заңдық қолдау өзара тиімділікке негізделетін болады

263 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысында зияткер­лік меншік, мемлекеттік жастар саясаты, ойын бизнесі және өзге де заң жобалары қорытынды әзірлеу үшін заңнамалық айналымға алынды. Сондай-ақ, депутаттар екі халықаралық құжатты қарап, ратификациялады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысында зияткер­лік меншік, мемлекеттік жастар саясаты, ойын бизнесі және өзге де заң жобалары қорытынды әзірлеу үшін заңнамалық айналымға алынды. Сондай-ақ, депутаттар екі халықаралық құжатты қарап, ратификациялады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жасады. Министрдің мәліметіне қарағанда, келісімге Вьетнам премьер-министрі Нгуен Тан Зунгтің елімізге ресми сапары барысында 2009 жылғы 15 қыркүйекте қол қойылған. Келісім экспроприация, ұлттандыру, инвесторға өтемақы төлеу және дауларды шешуге қатысты нормаларды қарастырады.

Сонымен қатар, бұл келісім тараптар арасындағы дауларды шешу мақсатында ұйымдастырылатын халықаралық төрелік соттарды қалыптастыру рәсімін егжай-тегжейлі регламенттейтін ережелерді қамтиды. 2005 жылдан бастап 2013 жылдың 9 айы­на дейін Қазақстанға ағылған вьетнамдық инвестиция көлемі 2,4 миллион АҚШ доллары болыпты. Жалпы, екі ел арасындағы сауда айналымы 221,8 миллион долларды құрағаны белгілі болып отыр. Қазақстанның экспорттық тауарлары асбест, темір прокаты, түрлі көліктік құрылғылар болса, ол жақтан шай, дәрі-дәрмек, тамақ өнеркәсібі үшін құрылғылар, компьютер және оларға қажетті жабдықтар жеткізіледі екен.

Депутаттар заң жобасына қолдау білдіре отырып, өздерінің ойларын да ортаға салды. Уәлихан Бишімбаев Вьетнам Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі екенін айта кетіп, 90 миллион тұрғыны бар ел халық саны жағынан 14-ші орында екендігін де тілге тиек ете кетті. Бұрын аграрлы ел қазіргі таңда өнеркәсібі өркендеген елге айналып отыр. Бұл сала Вьетнам ішкі жалпы өнімінің 40 пайызын құрайды екен. Әсіресе, кеме жасау­да қазір Вьетнам әлемде бесінші орында көрінеді.

Халықаралық келісімдерге кімдердің жауап беретіндігі тұрғысында сауалын қоя отырып, Рауан Шаекин олардың тек мұнай-газ саласында ғана жүзеге асып отырғандығына қынжылыс білдірді. Депутаттың пайымынша, аграрлық салада айтарлықтай табыстарға жеткен бұл елдің бізге берері де мол еді. Ол өз сөзінде сыртқы саясат ведомствосына қарайтын «Инвестицияларға ықпал ететін Қазақстан орталығы» АҚ жұмысын да сынға алды. Бұл ретте белгілі болғаны, бір вьетнамдық холдинг Астана қаласынан құны 100 миллион доллар болатын ғимарат кешенін салуды қолға алмақ. Сондай-ақ, Петро-Вьетнам мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен ынтымақтастыққа мүдделі екендігін көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, палата депутаттары «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Хаттамаға 2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттерінің басшылары қол қойған. Қазіргі уақытта хаттама ұйымның Қазақстаннан басқа барлық елдері тарапынан ратификациядан өткені мәлім болды.

Келісімді өзектендіру туралы бастамашылықты Ресей тарапы танытыпты. Бұл ретте хаттама бойынша келісімге құқық қорғау органдары мен арнайы жасақтарға арналған техника мен құралдарды жеңілдікті шарттармен жеткізуді жүзеге асыру кезінде шығыстарды еркін айырбасталатын валютамен де, Ресей рублімен де төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов депутаттар сауалына берген жауабында арнайы техника мен құралдардың 90 пайызы Ресейден сатып алынатынын алға тартты. Жалпы, бұл мақсатқа жыл сайын 5 миллиард теңге жұмсалып келсе, хаттама ратификацияланғаннан кейін арнайы техника мен құралдар бағасы 25-30 пайызға дейін төмендейтіндігі ерекше аталды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар