«Бесінші қазына: Ұлттық байлығымыздың, әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Қазақстан мен қазақстандықтардың қолындағы қазіргі барша қазынаға біз тер төге еңбек етудің арқасында жеттік. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы күрделі жұмыс барысында туған біздің қазақстандық идеямыз».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзден.
Ел экономикасын өркендету мен демократиялық мемлекет құрылымын жетілдірудің тиімді жетістігіне қол жеткізуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызы арта түсуде. Тәуелсіздік алған кезден бері бизнестің кең ауқымда өркендеуі тек осы саланың ғана емес, сонымен бірге, мемлекеттік саясаттың қалыптасуына ықпалын тигізіп келеді.
«Бесінші қазына: Ұлттық байлығымыздың, әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Қазақстан мен қазақстандықтардың қолындағы қазіргі барша қазынаға біз тер төге еңбек етудің арқасында жеттік. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы күрделі жұмыс барысында туған біздің қазақстандық идеямыз».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзден.
Ел экономикасын өркендету мен демократиялық мемлекет құрылымын жетілдірудің тиімді жетістігіне қол жеткізуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызы арта түсуде. Тәуелсіздік алған кезден бері бизнестің кең ауқымда өркендеуі тек осы саланың ғана емес, сонымен бірге, мемлекеттік саясаттың қалыптасуына ықпалын тигізіп келеді.
Бизнес қауымдастығының өкілдері мемлекеттің әлеуметтік саясаты мен ұлттық экономиканы жаңғыртудың инновациялық жобаларын іске асыруға атсалысу арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге болатынын ұғынды. Әлеуметтік-еңбек қатынасының тиімді моделінің негізі мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы өзара серіктестіктің берік орнығуымен байланысты екені даусыз.
Кез келген бизнес құрылымы әлеуметтік жауапкершілігінің басты стратегиялық мақсаты ретінде ұзақ мерзімдік бәсекелестік басымдығына жетуді көздеп, өз компаниясындағы қызметкерлер мен жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мен деңгейін көтеруді мақсат тұтады. Әрине, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тек қоршаған ортаны қорғау мен экономиканы өркендетумен, сонымен қатар, әлеуметтік саладағы жетістіктерге қол жеткізумен шектеліп қалмаса керек. Корпоративтік жауапкершіліктің қазақстандық моделі іскерлік топ өкілдерінің мемлекет пен қоғамның құндылығы мен тұтастығы үшін ортақ мүддені көздегенде ғана нәтижесін берері ақиқат.
Тәуелсіз еліміздің игілігі жолында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін шынайы сезінетін қазақстандық компаниялардың бірі – «Косми Казахстан» ЖШС. Бұл компания Қазақстанның батыс аймағында сан алуан қызмет көрсетумен танылып келеді. Нақтылай айтқанда, мұнай-газ және энергетика секторына ең озық нысандар жеткізеді. Осы саладағы жобалау жұмыстарын атқарады. Техникалық қызмет көрсетуді де басты бағытының біріне айналдырып отыр. Ең бастысы, «Қашаған» кенішінің жобасын игеруге сенімді әрі белсенді қатысушылардың бірі ретінде өзіндік бағытын айқындады. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің өркен жаюына лайықты үлесін қосып келеді.
«Косми Казахстан» ЖШС Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2011 жылы механикалық бұйымдар шығару зауытының құрылысына қомақты инвестиция салды. Өңдеу өнеркәсібіндегі отандық тауарлар өндірісін қолдау мақсатында инновациялық технологияларды кеңінен қолдануға ұмтылыс танытты. Германия, АҚШ, Швеция, Корея секілді өркенді дамыған елдердегі үздік өндірушілердің ең озық үлгідегі қондырғыларын әкеліп, отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі маңызды жобаларды инвестициялауды қолға алуда. Мәселен, 2012 жылдан бері Батыс Қазақстандағы кен орындарында өндірілетін мұнай көлемін арттыру мақсатында кен қабаттарының қысымын жоғарылату (Enhanced Oil Recovery) жобасымен жұмыс жасайды. Осы мақсатта өндіріске инновациялық технологияларды қолдану арқылы тәжірибелік-өнеркәсіптік зерттеулер жүргізілді. Бұл зерттеулер ұңғымалардың сулануын азайту және забой маңын тазалау мақсатын көздеді. Соның нәтижесінде ұңғымалардың дебиті 40 пайызға ұлғайды. Осылайша, «Косми Казахстан» жергілікті өндірістің жоғары технологиялармен өркендеу көкжиегін кеңейтуге барынша үлес қосуды көздепті. Демек, мұны ұлттық экономиканың қарқынмен өркен жаюына қосылған лайықты үлес десек, артық айтқандық бола қоймас.
Бүгінгі таңда қазақстандық өңдеу өнеркәсібінің ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтудағы әлеуеті молайды деуге болады. Алайда, өнім өндіру көлемі, отандық тауар мен қызмет көрсетудің үлесі импортпен салыстыра қарағанда, соншалықты мол емес. Міне, осы себептен, «Косми Казахстан» ЖШС қазақстандық үлесті дамыту үшін отандық тауарлар мен қызмет көрсету, сонымен бірге, еңбек ресурсы көлемін арттыруға ұдайы басым бағыт береді. Компания басшылығы 2008 жылы алғашқылардың қатарында Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданының әкімдігімен Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп тарту, олардың еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сол 2008 жылдан бері аталған компания жаңадан 500-ден аса жұмыс орнын ашты. Ал 200-ден астам жұмысшы халықаралық стандарттар бойынша кәсіптік оқыту курстарынан өтіп, кәсіби біліктілігін жетілдірді.
«Косми Казахстан» ЖШС-нің өңірдегі қызметін жетілдіре түсуіне Ықылас Мұқамбетқалиұлы Қалиевтің айрықша үлес қосқанын айтқан ләзім. АҚШ-тың беделді оқу орнының бірі – Гарвардтағы жоғары Бизнес мектебінде (Harvard Business School ) бизнесті сәтті жүргізудің, оны тиімді басқарудың қыр-сырын жетік меңгерген іскер жігіт 2008 жылдан бері аталған компанияның бақылау кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Әке қанымен, ана сүтімен дарыған ана тіліне де, шетелдің бірнеше тіліне де жетік, жүрегі Отан деп соғатын қазақтың іскер жігітінің компанияны тиімді басқарудағы және жұмысты оңтайлы жүргізудегі толымды тәжірибесінің арқасында ISO 9001:2008, ISO 14001:2004, BS OHSAS 18001:2007 секілді халықаралық сертификаттарды иеленді. Үнемі іскерлігін ізденумен шыңдайтын іскер жігіт бірнеше әлеуметтік бағдарламалар тобын да сәтті іске асыра бастады. Бұған мысал ретінде алдымен, компанияда жұмысшылар үшін сан алуан әлеуметтік жеңілдіктер барын алға тарта аламыз. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа қабылданған жұмысшылар тегін тамақтанады, жұмыс орнына және үйіне дейін автокөлікпен жеткізіледі. Жалақы тұрақты төленеді. Өмір болған соң, кездесіп жататын әртүрлі қиындықтарға орай әлеуметтік қолдау да ұдайы көрсетіледі. Әр отбасында болып жататын қуанышты сәттерде де солай. Медициналық қызмет көрсету, спорттық-сауықтыру бағытындағы шараларды өткізу, жұмысшылар балаларының жазғы лагерьлерде демалысын ұйымдастыру, міне, осының бәрінің шығыны компания есебінен өтеледі. Компания жұмысшылардың жоғары оқу орнын бітірген балаларын жұмысқа орналастыру арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды өз міндетіне алыпты.
Бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілікті дәл осылай сезіне алар болса, еңбек дауларына жол берілмейтіні «Косми Казахстан» ЖШС-нің мысалынан айқын аңғарылады. Олай дейтініміз, бұл компанияда бірде-бір рет еңбек дауы орын алған емес. Керісінше, компания мен жұмысшылар өкілдері ұжымдық шарттың жобасын бірлесе дайындап, оған 2009 жылдың наурызында қол қойылыпты. Әлеуметтік жауапкершілік мәселесінде үнемі жұмысшыларының бірде-бір ұсынысын назардан тыс қалдырмайтын «Косми Казахстан» ЖШС 2012 жылғы «Парыз» республикалық конкурсының ірі кәсіпкерлік саласындағы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша алтын жүлдегері атанды.
– Бізге бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктеді. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының маңызы туралы «Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік табуының өмірлік маңызы бар. Мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін нақ осыдан көремін» дегенін басты қағида ретінде ұстанамыз. Біздің компанияның басты байлығы – жұмысшыларымыз ғой, – дейді Елбасының қолынан «Парыз» конкурсының алтын жүлдесін алған «Косми Казахстан» ЖШС бақылаушылар кеңесінің төрағасы Ықылас Қалиев. – Біз жұмысшыларымыздың өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруының арқасында экономикалық өсімге, тұрақты табысқа қол жеткізіп келеміз. Сондықтан, жұмысшыларымыздың ұсыныстары негізінде оларға жұмыс орнында қолайлы жағдай туғызуды басты міндетіміз деп білеміз. Бізде жұмыс жасаушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі жобаларымыз олардың тарапынан жауапкершілікті, жұмыс өнімділігін арттыруына оң ықпалын тигізіп отыр.
«Косми Казахстан» ЖШС-нің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысында жан-жақты ойластырылған өзіндік саясаты кадрлар қызығушылығын оятқанына мына бір дерек дәлел болатындай. Бұл компанияға жұмысқа орналасуға отандық оқу орындарын бітірушілермен бірге, халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің ең үздік, ең беделді оқу орындарында білім алған түлектер де көптеп ынта танытып отыр. Қазір мұнда «Болашақтың» грантымен шетелден білім жетілдірген жиырмадан астам жас маман жұмыс жасайды. Демек, «болашақтықтардың» жұмысқа орналасуының өзінен бұл компанияның жас мамандарға сенімді жұмыс беруші екенін, сондай-ақ, келешегі кемелдене түскенін анық байқатады.
Дегенмен, компанияның әлеуметтік жауапкершілігі тек өз қызметкерлеріне ғана әлеуметтік қолдау білдірумен шектелмейді. «Косми Казахстан» ЖШС-нің ұстанған бағыттарының бірі – өңір тұрғындарының тұрмысын жақсартуға қайырымдылық таныту, оған қоса әлеуметтік салаға инвестиция құю. Мәселен, Ақтау қаласындағы облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына бірнеше велосипед, әдістемелік әдебиеттер мен көрнекі құралдар сатып алынуына демеушілік жасалды. Компанияның қаржылай қолдауымен компьютерлік сыныбы толықтай жабдықталып, ағылшын тілі мұғалімінің штатын ашып берді. Ал аудандық әкімдіктің сұрауымен тұрмысы төмен отбасыларының балалары мектеп киімдерімен қамтылды. Бұған қоса, Атыраудағы «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін кеңсе және мектеп құралдары, маусымдық киімдер сыйға тартылды. Жыл сайын соғыс және тыл ардагерлерін, зейнеткерлерді газет-журналдарға жаздырып береді.
Компанияның бақылау кеңесінің төрағасы Ықылас Қалиевтің пікірінше, көрші отырған қос облыстың қамкөңіл жандарына көрсетілген қолдау алдағы кезеңде де жалғасын табады. Қарапайым еңбек адамының қадірін білетін компания басшылығы әлеуметтік серіктестікті одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Бұл ретте жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы әріптестік қарым-қатынасты реттеудің тиімді әдістері тәжірибеге енгізілмек. Әрине, әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын арттыра түсетін жобалардың желісі үзілмейтіні даусыз. Болашақта инновациялық жобаларды кеңінен енгізе отырып, сервистік қызмет көрсету аясын кеңейтпек. Жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыру мақсатымен серіктестер арасындағы байланысты дамытудың жоспары да бар.
– Біз еліміздің бәсекеге қабілеттілігін отандық өндіріске жаңа инновациялық технологияларды көптеп енгізу арқылы арттыра аламыз, – дейді Қазақстанның қуатты мемлекет ретінде әлемге кеңінен танылғанын қалайтын Ықылас Қалиев. – Осы орайда, әсіресе, шетелдік мамандармен бәсекелес болуға отандық жас мамандардың қабілеті де, кәсіби біліктілігі де жетеді. Сол себептен тек өз мамандарымызды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік тұрғыдан қолдауды көздеп отырмыз. Әр маманның атқаратын жұмысына, кәсіби тәжірибесіне құрметпен қараймыз. Өзімізде жұмыс жасайтын отандастарымыздың тұрмысы жақсарғанын, олардың балаларының жоғары білім алғаннан соң жұмыссыз қалмағанын қалаймыз.
Бүгінгі нарықтық бәсекенің дәуірінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін шынайы сезінетіндердің, адал еңбекті қадірлей білетіндердің ғана абыройы биіктейді. Толағай табысқа кенеледі. Осы тұрғыдан айтқанда, Ықылас Қалиевтей отаншыл, ізденімпаз, іскер кәсіпкер басқаратын «Косми Казахстан» ЖШС-нің өзіндік қалыптасқан жолы, әлеумет алдындағы жауапкершіліктен шет қалмайтын өзіндік бағыты, ең бастысы, өзгелер үшін өзіндік үйренер үрдісі бар. Демек, бұл компанияның тәуелсіз Қазақстанның ұлттық экономикасын өркендетуге қосқан үлесінің молая түсері өз алдына, сонымен бірге, келешегінің кемел боларына сенім мол.
Суреттерде:
*Ұйымшыл ұжымның спортта да бәсі биік.
*«Парыз» конкурсының алтын жүлдесі.
*Іскер кәсіпкер Ықылас ҚалиЕв.
*Өндірістегі жұмыс сәті.
*«Наурыз» мерекесінде ұлттық нақышқа баса көңіл бөлінеді.
*Жұмысшылар кәсіби біліктілігін ұдайы арттырады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».