Олимпиадаға қатысқандар қуанта алмай ұнжырғамыз түсіп жүргенде солтүстікқазақстандық Асыл Ахметова деген қызымыз аттың үстінде түрегеп шауып, бір серпілтіп тастады. Оның Instagramдағы парақшасына бірнеше сағаттың ішінде ғана жазылушыларын 15 мыңға жеткізген.
Асыл Жамбыл ауданындағы Озерный ауылының тумасы. Кезінде Ербол Шәймерденов ағамыз осы түкпірдегі ауылдың мектебін күміс медальмен бітіріп, алыстағы Алматыны бағындырған еді. «Ат аунаған жерде түк қалады» дегендей қызымыздың қайсарлығы да елді елең еткізіп отыр.
Нұр-Сұлтан қаласында информатика бойынша жоғары білім алып келген Асыл ауылында мұғалім болып істейді. Әлеуметтік желіде ауылдағы өзінің өмірі туралы жазып, роликтер түсіріп, салып тұрады. Мектептегі жұмысынан шыққан соң ол әкесімен бірге жылқы бағысады. Ең бастысы аттың құлағында ойнайды. 24 жастағы бойжеткен цирк әртістерінен бірде кем емес, жортқан аттың үстінде тік түрегеп жүре береді. Сонымен бірге кең жазираны әсем күйге бөлеп, аттың үстінде тұрып, қазақтың халық әндерін сыңсыта айтып, еркін шырқағанда бүкіл дала ән салғандай әсер қалдырады. Астына мініп жүрген есті сәйгүлік қыздың барлық қылықтарына көнген, маңдайынан сипағанда, жалын тарағанда тыпыр етпей, оған сүйкеніп, еркелеп тұрады.
Қыздың жылқыға құмарлығы 5 жасынан басталыпты. Әкесімен бірге жылқы бағуға шығып ол күні бойы аттан түспейді екен. Қыздың шешесі оның құмарлығын ұнатпаса да қойдыра алмапты. «Мектептен келе сала тамақ та ішпей, атқа жүгіретін оны қалай қойдырайын. Ат қыз баланың қолы емес екенін талай рет айттым. Бірақ бәрібір әкесінің қасына жүгіріп, атқұмарлығын қоймады. Жүрегі қалап тұрған соң қолын қақпайын деп ойладым», дейді анасы Мәрзия.
Ал әкесі Есенғали қызының өзіне серік болып, жанында жүретініне, жылқыға деген айрықша құштарлығы бар екеніне керісінше сүйсініп қарайтын секілді. «Жасынан атқа құштар болды. Алдымен атқа мінгізші деп қыңқылдайтын. Ал ерге отыра алатын кезден бері аттан түскен жоқ. Бәлки менің атқұмарлығым оған жұққан шығар», деп жымияды ол. Ішінен масаттанып тұрғаны да көрініп тұр.
Қыздың өзі жылқыны жасынан жақсы көретіндігін айтады. «Аттың үстінде өзімнің өзгеріп, ерекше күш алып, құлшынып кететінімді сезінемін. Басыма да түрлі арман-қиялдар, нақты жоспарлар келіп, фантазиям шарықтап, идеялар қаптап береді. Бұл менің жылқыға деген махаббатымнан шығар. Қазір мініп, бәйгеге шауып жүрген екі жүйрік атым бар. Олар да мені жақсы көреді, күнде оқыранып қарсы алады», дейді қыз.
Әлеуметтік желілер арқылы танылған оны шетелдік БАҚ-тар да түсіріп жатыр. Жуырда «Азаттық» радиосының тілшісі де арнайы келіп, түсіріп кетіпті. Асыл өзінің танылуын туристік жобаны қолға алуға ұштастыратынын айтады. Арнайы турфирма ашып, шетелдіктерге кең даламыздың қасиетін көрсетіп, адамның ең алғаш рет жылқыны қолға үйреткен өлкесін таныстырғысы келетінін, киноға түсіп, кеңірек танымал болғысы келетінін айтты ол. Біз оның армандары орындалып, сәттілік серігі болғанын тілейміз.
Солтүстік Қазақстан облысы