• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Тамыз, 2021

«Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпаздары анықталды

252 рет
көрсетілді

Бүгін «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының ІІІ кезеңіне қатысқан ЖОО студенттері мен ересек тұрғындары марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тіл мәдениеттің негізгі элементі және ұлт пен оның бірлігін қалыптастырудың мүлтіксіз шарты болып табылады. Қазақ тілін сақтау және дамыту біздің мемлекетіміздің мәдени саясатының аса маңызды міндетін құрайды. Сіздер де мемлекеттік тілдің сақталуы мен дамуына баға жетпес үлес қосып отырсыздар», деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілген акцияға еліміздің 14 өңірінен 171 адам қатысты.

19 этнос өкілдері белгілі қазақ ақындарының туған ел, туған жер, ана тілі тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды.

Өз өлеңдерін оқыған дарынды қатысушылар да болды.

Қатысушылар арасында орыс ұлтының өкілдері басым – 70 қатысушы. Өзбек, татар, дүнген, күрд, неміс, әзербайжан ұлттарының өкілдері де белсенді қатысушылардың қатарында болды.

Шараға қатысушылардың басым көпшілігі Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан.

Барлық материалдарды мұқият зерделеген қазылар алқасының шешімімен Саметова Хамида (ШҚО), Кочеткова Галина (Ақтөбе обл), Кефер Ольга (Ақтөбе обл), Корчемкина Анна (БҚО), Адеева Масрур (Шымкент қ.) акция жеңімпаздары болып танылды.

Ынталандыру дипломдарымен Виктория Дорошко (Қостанай обл), Мариям Точиева (Ақмола обл), Кахрабо Юлдашева (Нұр-Сұлтан қ.), Анюта Трегуб (Ақтөбе обл), Анастасия Гросс (ШҚО), Индира Бельская (ШҚО), Мажит Герфанов (Қостанай обл), Светлана Тарасова (Нұр-Сұлтан қ.) марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, акцияның 5-8 сынып оқушылары арасында өткен І кезеңіне 22 этностан 326 адам қатысты.

9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен ІІ кезеңге 14 этностан 213 адам қатысты.

Келесі кезең 6 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында құқық қорғау, ішкі істер органдары өкілдерінің арасында өтеді.

Қатысушылардың материалдары Instagram желісінде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегі бойынша қарауға болады.