Қазақстандық теннисші Зарина Диас Австралия ашық чемпионатында тағы да жеңіске жетіп, келесі кезеңге шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Екінші кезеңде ол әлемнің 150-ракеткасы, жаңазеландиялық теннисші Марина Эраковичпен кездесіп, қарсыласын 6:4, 6:0 есебімен ұтты. Енді келесі ойынын Зарина румын Симона Халеппен өткізеді.
Ал қазақстандық тағы бір теннисші Галина Воскобоева екінші кезеңнен өте алмады. Ол әлемнің 16-ракеткасы, испан Карла Суарес-Наварродан 6:7, 6:3, 6:8 есебімен жеңіліп қалды. Бұған дейін жарыстан Ярослава Шведова мен Юлия Путинцева шығып қалған еді. Содан кейін олардың жолын ерлер арасынан Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесов те қайталады. Олардың бәрі алғашқы кезеңнен ары аса алмады.
P.S. Қазір Австралия ашық чемпионаты уақытша тоқтап тұр. Турнирді ұйымдастырушылар Мельбурн қаласындағы 40 градус ыстыққа байланысты жарысты жалғастырмауды жөн көріп отыр.
Турнир ыстық басылғаннан кейін әрі қарай жалғасады. Бұл сында біздің елдің бар үміті қазақ қызына ғана артылып отыр. Осы жерде айта кететін нәрсе, жоғарыда жеңілген теннисшілеріміздің бәрі Қазақстан Теннис федерациясының қолдауымен жарыстарға қатысып жүрген спортшылар болса, Австралия ашық чемпионатында үшінші кезеңге шыққан Зарина Диас өз күшімен ғана жарыстарға қатысып келеді. Зарина мұндай үлкен турнирлерге әке-шешесі банктерден несие алғанда ғана қатысады екен. Бұл енді сөз ретінде айта кеткеніміз.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: http://www.ausopen.com