• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2014

Тәрбие қазығы мықты болса игі

490 рет
көрсетілді

Ғасыр індетіне айналған жұқпалы иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС)  адамзатқа тырнағын шеңгелдеп салуда. Оның таралу қарқыны да бұрынғыдан  жылдамдай түскенін мамандар айтып отыр.  Ұрпақты аздыратын  кеселге қалай қарсы тұрған жөн? Бұл жөнінде Қостанай облыстық ЖИТС  алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Молдағали ХАМЗИН ой бөліскен еді.

Ғасыр індетіне айналған жұқпалы иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС)  адамзатқа тырнағын шеңгелдеп салуда. Оның таралу қарқыны да бұрынғыдан  жылдамдай түскенін мамандар айтып отыр.  Ұрпақты аздыратын  кеселге қалай қарсы тұрған жөн? Бұл жөнінде Қостанай облыстық ЖИТС  алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Молдағали ХАМЗИН ой бөліскен еді.

– Молдағали Хамитұлы, об­­лыста адамның иммундық тап­­шы­лығы вирусы (АИТВ) ауруы­ның таралуы қай дең­гейде?

– Осы кезге дейін тіркел­ген­дердің барлық саны 1384 адам болды. Ал өткен жылы 145 ауру тіркелген. Әрине, бұл біздің облысымыз үшін аз сан емес. Ол осы 145 адамның ғана емес, олардың балаларының, отбасының, туыс-жақындарының, одан қалса қоғамның қасіреті. Аурудың та­ралуы бойынша Қостанай, Руд­ный қалалары, Қостанай ауданы алдыңғы қатарда тұр. Сонымен қатар, облыс орталығынан шет­ке­рірек жатқан Меңдіғара, Жіті­ғара аудандарында тіркелген адам­ның саны отыздан асады. Әзірше Амангелді және Қамысты аудандарында мамандар аурудың тіркелмегенін айтып отыр. Алайда, ол өңірлер қасіретті кеселден тап-таза деген ұғым тумағаны дұрыс.

– Ғасыр қасіретіне айналған ауруды сөз еткенде, әрине, ұлт­қа бөлмейміз. Барлық адам­заттың бас ауруы екенін түсі­не­міз. Қазақы қаймағы бұзыл­маған Торғай өңірінен, Жан­гелдин ауданынан АИТВ-тың тіркелгені жүрегіңді ауыртады. Мұны айтып отырғаным, бас­қалар ауырғанда тек қа­зақ аман қалса екен деген сөз емес, қазақы тәрбиенің қазы­ғы бо­саңсығаны ма деген ой келеді...

– Өте дұрыс айтасыз. Соңғы жылдары ауру жұқтырғандар арасында өзіміздің ұлт азамат­тарының қатары жиі көріне бастады. Тіпті, көбейіп келеді десем де жаңылыса қоймаспын. Бұл ауру ұлт, жыныс, өңір немесе мемлекет, материк таңдамайды. Тек қазақ халқы емес, қай ұлттың болса да ұлттық, халықтық педа­гогикасының, тәрбиесінің, тіпті, ұлттық салт-сананың босаң­сы­ғаны осы қасіретке жол аша түседі. Мысалы, бұрын халқы­мызда азаматтық неке деген болып па еді? Міне, қазір жастар да, ересектер де азаматтық неке­мен тұра беретін болды. Олар не отбасы емес, не бөлек жандар емес, бір-бірінің алдында еш­қан­дай жауапкершілік алмайды. Тек төсектері бірге, қалған ой-мүд­делерінің бәрі оларды қос­пайды. Жастардың арасында да махаббат сезімі алдымен төсекке жүгіретін дөрекілікпен түсіндіріледі. «Қызға қырық үйден тыю», деп қазақ болашақ отбасы анасының тәрбиесіне қатаң қараған еді. Қазір осындай халықтық тәрбиенің қазы­ғы босаған. Ал адамның им­мун­дық тапшылығы ауруына қар­сы тұратын қару әзірше әркім­нің от­басылық тәрбиесі, халық­тық құндылықтарымыздың әл­сі­ре­меуі, әр адамның дұрыс жолмен жүруі, сезім тазалығы дер едім.

Бүгінде АИТВ-ға қарсы мем­лекеттік бағдарлама бар. Ол бойынша біздің мамандар мектептерде, мекемелерде, жалпы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, түрлі шаралар ұйымдастырады. Бірақ отбасындағы тәрбие мықты болмай, кесапат аурудан ұрпақты сақтай алмаймыз. Қазір теледидардан, интернеттен балалардың көрмейтін құбыжығы жоқ. Бұл да кері айналмайтын, әлеуеті мықты күш. Ата-ана одан баланы қадағалау, интернетте, теле­ди­дардың алдында көп отырғызбай, басқа пайдалы істерге бағыттау арқылы ғана тығырықтан шы­ғады.

– Қауіпті ауруға адамдар тек бей-берекет жүріс-тұрысы ар­қылы емес, еш күнәсіз, кез­дей­соқ тап болмауы үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Атың өшкір аурудың на­ша­қор­лар арасында үлесі мол. Өйткені, олар ортақ инені қол­данатыны белгілі. Ер де, әйел де кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болғаны жөн. Салондарда маникюр, педикюр жасау құралдары дұрыс тазартылмаса ауру адамның қаны арқылы вирус жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, қазір салондарда жасалатын денеге тырнап сурет салу, әшекейлеу (татуировка) жастар арасында сәнге айналған. Маманның құрал-жабдығы тазартылмаған жағдайда бұл да ауру жұқтырады. 

– АИТВ пайда болғанына, адамзатқа қауіп төндіргеніне отыз жылдан асып бара жат­қанын айттыңыз. Осы уақыттан бері адамдар арасында одан сақтану, өз денсаулығына жіті қарау мәдениетінің көтерілгені байқала ма?

– Байқалады. Жыл сайын АИТВ-ға қарсы ерікті тексеруден өтетіндердің қатары көбейіп ке­леді. Оның ішінде басым көп­шілігі негізінен жасырын өту­ді қалайды. Акция өткізілген уа­қыт­тарда аймақтық ЖИТС орта­лықтарында тестілеуден өтетіндер молайды. Акция уа­қытында жедел жасақталған топтар экспресс-тес­тер өткізеді. Бұл, әсіресе, жастар арасында кеңінен қолданылады. Тіпті, үйленейін деп жүрген жас­тар ЖИТС ор­та­лығына келіп, тек­серіліп алған жағдайлар да кездесті. Мұның еш­қандай ерсілігі жоқ. Бас қо­сайын деген жастардың бір-біріне сенімсіздігі деп те қарауға болмайды, қайта олардың өзінің денсаулығына, болашағына жау­ап­ты қарау мәдениеті деген сөз. Еуропалық және өзге жұрттарда бұл қалыптасқан дүние болса керек. Біздің қазақы сенгіштігіміз, ұялшақ менталитетіміз әзірге оған жібере қоймайды. Бірақ біз­дің жастардың көзі өте ашық, ақ­параты мол. Сондықтан бола­шағын, ұрпағын ойлаған жас­тар үйленер алдында біздің орта­лыққа келіп, тексерілуді дәстүрге, қажеттілікке айналдырса әбестігі болмас еді. Уақыттың талабына мойынсұнған дұрыс.

Соңғы жылдары тұрғындарды скринингтеу үдерісіне көп кө­ңіл бөліне бастады. Екіқабат әйел­дердің, жалпы адамдардың жұқ­тырғаны белгілі болғанда, оларды неғұрлым аурудың ертерек сатысында емдеуді қолға алу көзделеді. Ал, АИТВ-ға қарсы тес­тілеуде көбіне тұрғындардың ине шаншатын нашақорлар, ком­мерциялық секс өкілдері немесе азғындыққа салынған жандар сияқты осал топтарына басымдық беріледі.

Мұның барлығы да АИТВ таралуын тоқтатудың, бәсеңдетудің шаралары екені сөзсіз. Ал әр адам бұл қасіреттің шеңгеліне түсіп қалмауы үшін ішкі мәдениетін, тәрбиесін дұрыстап, саламатты өмір салтын ұстануы қажет.

– Өткен жылы интернетте бұл аурудың АИТВ-1 түрі таралып жатқандығы жөнінде ақпарат болды.

– Иә, «Российская газетаның» АИТВ-1 жаңа түрі пайда болып, Ресейдің Новосібір өңірінде жайыл­ғаны, оның Қазақстан, Қыр­ғызстанда, Чешенстанда тір­кел­гені жөнінде таратқан ақпа­ратына орай, ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Марат Түкеев жауап берген болатын. Аурудың жаңа түрі Қазақстанда тіркелген жоқ.

– Қазір АИТВ ауруына шал­дыққанын естігендер оны қа­лай қабылдайды? Олардың өмір салтындағы өзгерістер, тағ­дыры қалай болады?

– Тестілеуде, тексеруде алын­­ған қанның қорытындысы біз­де шығарылмайды, оны рес­пуб­ликалық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының лабораториясы анықтайды. Қо­рытынды ақпарат келгеннен кейін, ауру жұқтырғандарды ЖИТС орталығына шақырып, кеңес­тер беріледі, оның диагнозы ту­ралы ауруға психологиялық жағдай туғызылады, алдағы уақытта ауруды емдеу туралы жоспар жасалады, клиникалық және лабораториялық толық тексерулерден өткізіледі. АИТВ жұқтырған науқас диспансерлік есепке алынады. Қажет болғанда ауруды амбулаторлық немесе стационарлық түрде емдейді. АИТВ жұқтырған әйел бала көтеретін жаста болса, онымен жүк­тілікті жоспарлау жөнін­де әңгіме өткізіледі. Егер әйел бала тапқысы келсе онда вирус­тың анадан балаға жұқпауы үшін медициналық жұмыстар жүр­гі­зіледі. Қазір осы вирусқа қар­сы күшті дәрі-дәрмектер бар. Бірақ олардың барлығы да вирусты жойып жібере алмайды, тек нау­қас­тың меңдеуін кідіртеді. АИТВ жұқ­тырған адам емделуге ықтият­ты қараса, оның өмірі де ұзара түседі.

Ендігі бір әңгіме оларға қоғам­дағы көзқарас туралы. АИТВ жұққызғандардың барлығының тағдыры өте ұқсас. Олардың диаг­нозы туралы кейде медицина қыз­меткерлерінің құпияны сақта­майтыны, медицина қызмет­керлерінің оларға қызмет көрсе­туден бас тартуы, жұмыстан ық­тияр­сыз босатуы, жұмыс тап­пауы, қоғамның оларды құбы­жықтай көріп, жиіркенішпен қарауы науқас өмірін қиындата түседі. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып жасаған жобалар арқылы АИТВ ауруына шалдыққан жандарға қоғамда толерантты көзқарас қалыптастыру жұмыстарын жолға қою керек. Бұл орайда, облыста «Помощь» үкіметтік емес ұйымы өзге де ұйымдардың күшін біріктіріп, жымысқылана тырнағын салып келе жатқан эпидемияға бақылау жасап, ауру таралмауының алдын алу үшін тер төгіп келеді. Ендігі мақсат оның жұмысына қоғамдағы басқа күштерді де топтастыра білгеніміз мақұл. Сонда қоғам тазалығын сақтап, болашақты жарқын етуге үлес қосамыз.

Әңгімелескен

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.

Соңғы жаңалықтар