Туысқандар чаты мен әлеуметтік желілерде «Тойхананың артқы есігінен тығылып кіріп, тойлатып жүрген кезіміз» деп сурет салатын әумесерлер әлі де жеткілікті. Сондықтан бұл індеттің зардабы біразға дейін жалғасатынын жоққа шығаруға болмас. Егер оқырман есінде болса, еліміздегі ең алғашқы коронавирус індетін өңірлерге «экспорттаушылар» да осы құдалық пен тойдан қалмайтындар еді.
Тойлардан індетті «сарқытқа» әкетіп жүргендердің нақты мысалын баяндамас бұрын, коронавирус вакцинасына қарсы болғандардың көпшілігі қазір айналасындағы қайғылы оқиғаларды өз көздерімен көріп, көзқарасы өзгере бастағанын байқауға болады. Ең бастысы, қазіргідей жағдайда дұрыс және ғылымға негізделген нақты ақпараттар қажет.
Сонымен бүгінде біздің шаһарда безек қаққан жедел жәрдемнің 30%-ы коронавирус пен пневмонияға шалдыққандарды тасиды. Не десек те, Алматыда халі ауыр науқастардың саны артты, жансақтау бөлімшелері 44%-ға толды. Жансақтау және интенсивті терапия бөлімшелерінде 300-ден аса науқас болса, ал реанимациялық төсектік орындардың жалпы саны – 700. Қазіргі кезде ковидтік стационарлар бір мезгілде 7 045 пациентті қабылдай алса да, ковид орталықтарын кеңейту мәселесі қарастырылып отыр.
Қаланың Оқу-клиникалық орталығында, фтизиопульмонология орталығында, гуманитарлық-педагогикалық колледжінде індет жұқтырғандар үшін қосымша орындар ашылды. 4 тамыздан бастап «Хак» медициналық орталығына 130 төсектік орын қойылса, 3 жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен бірге жатыр.
Мысалы, Алматыдағы №36 қалалық емханасының бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Венера Тохтахунова вакцина алғандарда ауыр жағдайлар болмағанын атады.
Дәрігерлер вакцинаға қарсы болып жүрген пациенттермен шама-шарқынша әңгімелесіп, барлық мәліметті түсіндіріп отыр.
«Көбіне, КВИ-ге қарсы екпеден неге бас тартасыз деген сұраққа, пациенттер ол асқынулар тудырып, одан өліп кету мүмкін деп жауап беріп жатады. Айтарым, бүгінде бірде-бір қайғылы жағдай тіркелген жоқ және вакцинадан кейін аурудың асқынуы немесе өлуі мүмкін екені дәлелденбеген. Вакцина алған адамдардың КВИ инфекциясынан қорғалғаны дәлелденді, ал екпеден кейін коронавирус жұқтыратындар өте аз. Вакциналанған адам дерт жұқтырса, жағдайы жеңіл немесе симптомсыз өтеді», дейді дәрігер.
Өкінішке қарай, бәрі бірдей болмаса да, вакцинаға қарсылық танытушылар көбінесе егжей-тегжейлі ақпарат алғаннан кейін дәрігерлердің дәлелдерімен келісіп, екпе алуға шешім қабылдап жатады.
«Жеке қорғаныс құралдарын жою туралы айтар болсақ, біз ұсынғандай егер адам бір реттік маска тағып жүрсе, оны әр 3 сағат сайын, әсіресе 30-40 градус температурада ауыстырып тұрған жөн. Терлеген кезде маска тиімсіз. Маскалар А сыныбында, яғни тұрмыстық қалдықтар ретінде шығарылады. Бірнеше рет қолданылған маскаларды күн сайын жуып, булау керек. Содан соң оны ыстық үтікпен үтіктемесе, онда бетперденің пайдасы аз», дейді В.Тохтахунова.
Осы ретте вакцина түгілі індеттің барына сенбеген Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана пациентінің оқиғасына тоқталайық. Отбасымен Алматыға демалуға келген Қызылорда қаласының тұрғыны Жәмила Жанаеваның індет жұқтыру тарихы төмендегідей.
– Алматыға келгеннен кейін өзімді нашар сезініп, дене қызуым көтеріліп, әлсіздік пайда болды. Басында суықтадым деп ойлап, үйде бір апта бойы импровизацияланған құралдармен емделдім. Жағдайым нашарлай бастаған кезде ПТР тапсырып едім, тест нәтижесі оң болып шықты. Содан дереу жедел жәрдем шақырдым, олар мені Орталық қалалық клиникалық ауруханаға алып келді. Үшінші күні менің жағдайым тіпті нашарлап, жақсақтау бөліміне ауыстырды, онда төрт күн жаттым. Жағдайым өте ауыр халде болған бұл күндер есімнен шықпайды. Дәрігерлер жанымнан бір қадам да алыс кетпеді. Бетім бері қарағаннан кейін осы ауруханаға, осындай жоғары білікті мамандарға барғаныма өте қуандым. Өзім білім беріп отырған мұғаліммін, соған қарамастан коронавирус инфекциясы барын мойындағым келмеді. Жаһандық індет туралы әлеуметтік желілерде ұдайы оқып отырсам да, бірақ оның барына мен де, күйеуім де сенбеген еді. Ол вакциналауға қатты қарсы болып, маған да екпе жасатуға рұқсат бермеді. Айтқандай, күйеуім де ауырып қалды. Осы аурухананың барлық қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Олар әрбір науқасқа ыждағатпен қарайды екен. Оларға төзім тілегім келеді, өйткені олар осындай қиын жағдайда шыдамдылықпен жұмыс істейді және күн сайын өздерін қауіп-қатерге душар етіп отырғанын көрдім, – дейді Алматының қонағы.
АЛМАТЫ