Қазіргі балалар әдебиетінде өнімді еңбек етіп жүрген жазушының бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым ағамыз. Жақында белгілі қаламгермен жолығып, «Не жазып жүрсіз?» деген сауалымызды қойған едік.
Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Бір айтатын нәрсе – жазушы үшін кітап оқу мен шығарма жазудың ара салмағын тең ұстау керек-ау деймін. Біреулер төпеп, бастырмалатып, бас-көзге қарамай жаза береді деседі. Осыны өз басым түсінбеймін. Оқымаған адам қалай ойлануы мүмкін, «оқымаса ой тоқырайды» деген сөз өте орынды. Ал тек оқи беріп, жазуды мүлде ысырып қою да кемшілік болса керек», деп айтқан екен.
Өз басым кітап оқуға көп уақыт бөлем. Жуырда Мұхтар Мағауиннің сонау 1990 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген екі томдық таңдамалы шығармаларын қайталап оқыдым. Талантты суреткердің осыдан 35-40 жыл бұрын жазған «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары», «Өмір жыры», «Жыланды жаз», «Көк балақ», «Жүйрік» хикаяттары керемет, жан-дүниемді ерекше күйге бөледі. Содан кейін Әбіш Кекілбайұлы ағамыздан бастап, Юкио Мисиманы, Стефан Цвейгті, Марк Твенді, Бекен Ыбырайымды, Ғабиден Құлахметті, Рахымжан Отарбаев шығармаларын оқып шықтым...
Қалыптасқан дағдым бойынша, жазуды сағынып, аңсап барып отырам, Сондайда алғашқы туындымды ақ қағазға түсіргендей әсерленем, жазғанымды аямай сызам, шимайлаймын, сынаймын, содан соң ғана көңілім жайланатыны бар...
Биыл ересектерге арнап төрт, балаларға бес әңгіме, үш ертегі жаздым. «Жұлдыз» журналында (№7, 2021) бір топ әңгімелерім жарық көрді. «Балдырғанның» №8 санындағы «Айжанардың арманы» атты ертегі-әңгімем де жас оқырманды бейжай қалдыра қоймас деген ойдамын. Оншақты күннен бері біраздан басымда «пісіп» жатқан, балаларға арналған жаңа ертегі-повесімнің кілті табыла кетіп, соған кірістім. Онда бүгінгі қала баласының кескін-келбеті, тыныс-тіршілігі, арман-мақсаты, т.б. дүниелер қамтылады.