Ауыл шаруашылығын дамытып, оны ел экономикасын өрлетуде негізгі арнаның біріне айналдыру мақсатында бірнеше бағдарлама жасалып, іске қосылған. Солардың бірі – «Мурабаха» исламдық несиелеу бағдарламасы. Біле-білген ауыл тұрғынына өз ісін ашу үшін аталған бағдарламаның қолайлы тұсы көп-ақ.
Ауыл шаруашылығын дамытып, оны ел экономикасын өрлетуде негізгі арнаның біріне айналдыру мақсатында бірнеше бағдарлама жасалып, іске қосылған. Солардың бірі – «Мурабаха» исламдық несиелеу бағдарламасы. Біле-білген ауыл тұрғынына өз ісін ашу үшін аталған бағдарламаның қолайлы тұсы көп-ақ.
Таяуда осы бағдарлама бойынша Қарағанды облысындағы Шет ауданының 5 шаруашылығы симментал тұқымды 40 сиыр сатып алды. Мамандардың айтуына қарағанда, ірі қараның бұл тұқымы сүтті мол береді. Жобаны «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жүзеге асырып отыр. Бұған дейін Шет ауданында өткен семинар-кеңесте сүт кластерін жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Сол кезде жобаны Қарағанды облысы әкімдігінің өндіруші компаниясы «Нәтиже» ЖШС мен аталған қор «Агробизнес-2020» бағдарламасының шеңберінде қанатқақты режімде жүзеге асыратын болып келіскен екен.
Игі жобаны қолдап, қаржыландыру барысында «Мурабаха» исламдық несиелеу жолымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несие беру шарасы да кең пайдаланылып, қатар жүргізілген. Елдік шараға қатысып, сүт өңдеп, өндіруге атсалысқысы келетін жандардың өзара байланысы мен іс-әрекетінің жүйесі жасалған. Ол бойынша, «Нәтиже» ЖШС сауын сиырларды сатып алғысы келетін, бірақ оған қаржысы жоқ адамдардың тізімін жасайды. Ал қолдау қорының қызметкерлері ауылдарға арнайы шығып, сүтті сиырларды иеленетін шаруашылықтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарын қабылдайды.
Негізі келешектегі қарыз алушы мал сатушы тараппен ниет шартын жасайды. Осы шартқа орай қолдау қоры сауын сиырды сатып алушыға несие бөледі. Бұл несиелік шарасы қарызды тауарлы түрде беру жүйесімен де жүзеге асырылуы ықтимал. Қарыз алушы қалаған малын алып, өндірген сүтін несие шартына орай «Нәтиже» ЖШС-ға келісілген бағамен тапсырып отырады. Шаруасы дөңгелеп, кіріс келе бастағанда қолдау қорынан алған қарыздарын қайтара бастайды. Қарызды қайтару шаралары тапсырылатын сүт есебінен, «Нәтиже» ЖШС тарапынан да орындалуы мүмкін. Ауыл тұрмысын түзеуге септігі тиер деген жобада, сүтті тасымалдауды несиелеу жүйесі де тәптіштелген. «Мурабаха» исламдық несиелеу бағдарламасы бойынша қарыз алушы сүт таситын көлікті сатып алуға да тиімді жолмен қарыз алып, оны бөліп-бөліп қайтаруына жағдай жасалған. Сөйтіп, «Нәтиже» компаниясымен келісе отырып, сүтті жинап, қабылдау орнына өзі жеткізуіне болады.
– Қарыз көлемі 3 млн. 750 мың теңгеге дейін жетеді. Кәсіпкер ол қарызды 4 жылдық мерзімде қайтару шартымен алады. Оның үстіндегі табыс үстемесі 9,5 пайыздан аспайды. Десек те, несиелеудің барлық талаптары орындалып, іс оңалған жағдайда 1 мал басына берілетін мемлекеттік субсидия 118 мың теңгені құрайды. Бір асыл тұқымды мал сүтті кәдімгі қарапайым малдан 3 есе көп береді. Сондықтан бұл жоба шаруаларға өте тиімді болатынына сенемін, дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары М.Тұңғышбеков.
Елімізде сүт өндірушілерге мемлекеттік қолдау жасалып отыратыны белгілі. Аталған жобада да мемлекеттік көмек шаралары толық ескерілген. Атап айтқанда, сүті мол асыл тұқымды ірі қара малдың төлін сатып алуға, сондай-ақ, селекциялық және малды асыл тұқымдандыру жұмыстарын жүргізу қызметін арзандатуға, бұлармен бірге аналық малдардың сапасын жақсартуға арнайы субсидия бөлінеді. Мұнымен қатар, мемлекеттік субсидияны пайдаланып асыл тұқымды бұқа өсіріп отырған шаруашылықтардан бағалы ұрық пен эмбриондарды трансплантациялау бағасын арзандатып алуға болады. Бұлармен бірге, малдың құнарлы азықтарын төмендетілген бағамен алуға субсидия арқылы қол жеткізуге мүмкіндік жасалған.
– Жобаны қаржыландыруға аудан бойынша жалпы 19 млн. 250 мың теңге қаржы қарастырылды. Бұл сүтті ірі қараларды «Нұр әлем», «Шалқар», «Нұр» шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер А.Майханов пен Е.Хасенов Павлодар облысындағы «Луганск» асыл тұқымды шаруашылығынан сатып алды. Бұйыртса, асыл тұқымды мал Шет ауданының экономикасын дамытуға септесіп, ауыл-аймақтың әл-ауқатын көтереді деген үмітіміз зор, – дейді М.Тұңғышбеков.
Қайсар ЖҮСІП.