Өткен жылы Өскеменде «Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан» атты Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының өңіраралық интеграция форумы өткені белгілі. Форумда облыстар арасындағы байланыстарды кеңейту және өзара іс-қимыл туралы бірнеше келісімге қол да қойылды.
Өткен жылы Өскеменде «Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан» атты Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының өңіраралық интеграция форумы өткені белгілі. Форумда облыстар арасындағы байланыстарды кеңейту және өзара іс-қимыл туралы бірнеше келісімге қол да қойылды.Ал, келесі кезекте Павлодарда болып өткен «Жергілікті қамтудың өсуі – бизнесті дамытудың негізі» атты өңіраралық форумда жоғарыда аталған төрт облысқа ортақ мәселелер тағы да назарға алынды. Басты мақсат – өңірлердің өзара байланысын арттыру және қазақстандық үлесті көбейту. Отандық тауар өндірушілер арасында қазақстандық үлесті арттыру туралы Елбасы тапсырмасы бар. Жиынға еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, облыстардың өкілдері, өңірлерді дамыту институттарының, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ сияқты жүйе құраушы кәсіпорындар мен тауар өндірушілердің өкілдері қатысты. Облыстардан келген тауар өндірушілердің көрмесі көрсетілді.
Жиын барысында өткен жылы Павлодар облысы әкімдігі мен кәсіпорындары арасында қазақстандық үлесті арттыру мақсатында 448 млрд. теңгенің келісімшарты жасалғаны және өңірде 15 жүйе құраушы кәсіпорын бар екені айтылды. Мәселен, «Кастинг», «Қазэнергокабель», «КSP Steеl» секілді кәсіпорындар белсенділіктері айтылды. Келесі кезекте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Ермек Ғизатов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ төрағасының орынбасары Нұрлан Рыспановтар төрт облыс арасындағы әріптестікті дамытуға дайын екендіктерін айтты. Облыс әкімдіктері мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ арасында қазақстандық үлесті дамытудағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстандық үлесті дамыту департаментінің директоры Серік Кәмелінің айтуынша, форумда қазақстандық үлесті арттырудағы облыстардың мүмкіндіктері көрінді. Бұл форумда «Нені жасай аламыз?», «Қолымыздан не келмейді?» деген сауалдарға жауап ізделді. Қазақстандық үлесті арттыруда Павлодар облысының өнімдерін шетелге экспорттауға болады, Ал, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталовтың айтуынша, өңіраралық байланыстардың ел дамуына қосар үлесі мол. Мәселен, Алматы облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Соған орай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы өндіріс өркенді. Сондықтан, өзара байланыс өңірлер үшін тиімді. Біз, алматылықтар, үш өңірден өндіріске қажетті тауарларды алсақ, оларға ауыл шаруашылығына қажетті өнімдерді жеткіземіз. Өскемендегі форумда Астана қаласынан төрт облыстың өнімдерін сататын сауда үйін ашу туралы жоспарланған көрінеді. Сондықтан жиын барысында бұл жоспар-жоба жүзеге аса ма, жоқ па деген сұраққа жауап ізделді. Сөйтіп, Астанада сауда үйін салу мәселесі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жүктелді. Алып сауда үйінің болашақтағы көрінісі, қанша қаржы қажеттігі де айтылды. Құжаттық жұмыстар реттелгеннен кейін облыстар арасында келісімшарт жасалады. Сауда орталығы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне лайықталып бой көтеруі тиіс деген шешім қабылданды. Форум барысында 2014 жылы еліміздегі ұлттық компаниялар мен ірі жүйе құраушы кәсіпорындардың қажеттілігі үшін облыс тауар өндірушілерінің тауарлары, жұмыстары мен қызметтерін жеткізу жөніндегі хаттамалар мен ұсыныстар бойынша кездесулер өтті. Және де «NADLoC» жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ қатысуымен тауар өндірушілерге арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.