Шынын айту керек, шаңы шығып жатқан Шаян ауылының шетінен салынып жатқан осынау алып ғимаратты алғаш көргенімізде «Айдалада аппақ болып тұрған бұл не қылған отау?» деп аң-таң болғанымыз рас. Аудан басшыларының аузынан «Бұл колледждің ғимараты ғой» дегенді естігенде, «Ойпырмай, бар-жоғы елу мыңның үстінде халқы бар Бәйдібек ауданынан бұл оқу орнын толтыратын оқушы табыла ма?» деген сұрақтың да көкейде тұрып алғанын жасыруға болмас.
Шынын айту керек, шаңы шығып жатқан Шаян ауылының шетінен салынып жатқан осынау алып ғимаратты алғаш көргенімізде «Айдалада аппақ болып тұрған бұл не қылған отау?» деп аң-таң болғанымыз рас.Аудан басшыларының аузынан «Бұл колледждің ғимараты ғой» дегенді естігенде, «Ойпырмай, бар-жоғы елу мыңның үстінде халқы бар Бәйдібек ауданынан бұл оқу орнын толтыратын оқушы табыла ма?» деген сұрақтың да көкейде тұрып алғанын жасыруға болмас. Жақында осы ғимараттың ашылу рәсімі өтті. Міне, сол салтанатты жиында жоғарыдағы ойымыздың мүлдем қате екенін, Шаянның шетінен орын тепкен бұл ақ шаңқан ғимараттың болашағы зор екеніне көз жеткізгендей болдық.
Ауыл шетінде тұрған осынау алып ғимаратты колледж емес, жоғары оқу орнының бірі ме деп қалатының анық. Бұл білім ордасы 360 оқушыға арналған. 180 орынды жатақханасы тура жанында тұр. 2009 жылы басталған нысан құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд. 454 млн. теңге бөлініп, «ШымкентГаз» ЖШС осы жұмыстың бәрін абыроймен атқарып шығыпты. Енді «Осыншама оқушыны қайдан табады?» деген сұраққа келсек, колледж бір Бәйдібек ауданы емес, бір күрежолдың бойында қатар жатқан бірнеше ауданның жастарына білім береді екен. Яғни аймақтық мәртебеге ие бұл оқу ордасында Түркістан қаласы мен Отырар, Созақ, Ордабасы аудандарынан келген жастар қалаған кәсіби мамандықтары бойынша дәріс алады. Фермер мамандығының қыр-сырын, одан бөлек тігінші, тракторшы-машинист, электромонтер мамандықтарын игереді.
Әрине, жастарға кәсіби мамандық беретін бұл колледж аяқ астынан пайда болған жоқ. Колледж директоры Лесбек Әлиасқаровтың айтуына қарағанда, аталмыш оқу орны 1958 жылы бұрынғы Алғабас ауданы, Жамбыл елді мекеніндегі Жүзімдік машина-трактор стансасының базасында құрылған. Арнайы ғимараты болмаған соң, әр жылдары Қызылжар, Жамбыл, Шаян елді мекендеріндегі ескі ғимараттарды паналап жүріпті. Яғни колледждің ғимараты жаңа болғанымен, тарихы тереңде жатыр. Содан болар бұл жаңа оқу орнында әртүрлі мамандық бойынша барлығы 338 жас білім алуда екен. Жаңа колледждегі 15 оқу кабинеті толық жабдықталған. Оның ішінде 6 арнайы технология, 6 лингафон және 3 информатика кабинеті бар. Бұдан бөлек химия, биология, физика пәндеріне арналған кабинеттер, әдістемелік көмек көрсету және ұстаздар бөлмесі мен зертханалар қызметке орайластыра салынған. Озық сәулет үлгісіндегі ғимаратта дәрігерлік көмек және жуыну бөлмелері, 8 оқу шеберханасы, 90 орынды асхана, 44 орынды кітапхана, 156 орынды мәжіліс залы және спорт кешені орналасқан.
Қостұраның қойнауында жатқан осынау сайын далада екі күннің бірінде Арыстанды Қарабастың желі арқырап тұратын болған соң ғой, дауылы қатты ауылды «Шаң басқан Шаян» деп айтып жатқанымыз. Әйтпесе, соңғы жылдары Бәйдібек ауданының орталығы Шаянның әжептәуір шырайы кіріп қалды. Көшелері кеңейіп, сәнді үйлері көбейіп, саябақтар салынды. Енді міне, жастарға мамандық беретін осы колледж Шаянның жарқын өмірінің тағы бір жаңа парағын ашып жібергендей. Ең бастысы, ауыл жастары бір кәсіпке маманданып, жастайынан еңбекке пісіп өсетін болды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.