Орталық Азия елдерінің президенттері Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеде Ауғанстанда азаматтық бейбітшілікке тезірек қол жеткізуге дайын екендіктерін білдірді.
«Тараптар көрші Ауғанстандағы жағдайдың жуық арадағы реттелуі Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі болып табылатынын растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді», делінген мәлімдемеде.
Президенттер Орталық Азиядағы, Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты іске асыру бойынша өңір мемлекеттерінің белсенді ынтымақтастығын жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді және ядролық қарусыздану мен таратпау ісінде күш-жігерді шоғырландыру мақсатында басқа да ядролық қарусыз аймақтармен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшылары жаһандық климаттың өзгеруінің Орталық Азиядағы мұздықтарға теріс әсерін ескере отырып, Тәжікстан Республикасы Президентінің 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау және Мұздықтарды қорғау халықаралық қорын құру туралы ұсынысын қолдады.
Мемлекеттер басшылары Түрікменстан Президентінің Төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға бағытталған БҰҰ Стратегиясын әзірлеу туралы бастамасына, сондай-ақ БҰҰ аясында энергетикадағы басым бағыттардың бірі ретінде сутегін дамыту жөніндегі халықаралық «Жол картасын» құруға қолдау білдірді.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ аясында Аурулар және биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру, сондай-ақ БҰҰ аясында арнайы көпжақты орган – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасына қолдау білдірді.