Орталық Азия мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Тараптар Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі көршілес Ауғанстандағы жағдайды тезірек реттеу екенін растады. Олар ауған қоғамында азаматтық бейбітшілік пен келісімге тезірек қол жеткізуге барынша көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Президенттер өзара сауда құрудың маңызын және аймақтағы сауда рәсімдерін оңайлату мәселесін тиімді шешу үшін ортақ өзара тиімді тәсілдерді одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Тараптар Орталық Азия өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің бесжақты кеңесін құру қажеттігін айтты. Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ аясында Аурулар және биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру, сондай-ақ БҰҰ аясында арнайы көпжақты орган – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасына қолдау білдірді.
Тараптар ғылыми дипломатия арқылы өзара әрекеттестікті жандандыруға, медицина ғалымдары мен білім салалары мамандарының жүйелі байланысы үшін барлық қажетті жағдайды жасауға келісті.
Орталық Азия елдерінің басшылары вирустар мен басқа инфекциялардың шығу сипатын, олар тудыратын аурулардың көріну формаларын, жұқпалы ауруларды емдеу мен алдын алу әдістерін зерттеудің аймақтық механизмін құру мәселесін қарастыруды қажет деп санайды.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары сыртқы саяси ведомстволарға 2022-2024 жылдарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы жобасын бекіту жұмыстарын жуық арада аяқтауды, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының келесі Консультативтік кездесуінде XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюды дайындауды тапсырды.