• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Тамыз, 2021

Ақынды еске алды

727 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен елордадағы Қаламгерлер аллеясында «Өлеңім, сен аман бол бұл дүниеде...» атты өмірден ерте озған талантты ақын Марфуға Бекте­мірованы еске алу кеші өтті.

Айтулы ақын табиғаты көр­кем Көкшетауда өмірге келіп, жасынан поэзияға ға­шық болып, өлең өлкесіне ерте қадам басты. Алдымен аудандық, кейін облыстық, рес­публикалық газеттерде наз­ды нақыштарға толы жырлары жарияланып, оқырмандарға танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқ­тап, мерзімді басылымдарда қызмет атқарды.

Марфуға Бектемірова шы­­­­ғар­машылығының ең бір жар­қыраған шағы еліміз тә­уелсіздік алғаннан кейін болса керек. Ел еркіндігі мен ой еркіндігі ақынға қанат біті­ріп, өнімді еңбек етті. «Жа­на­­ры жәудір дүние», «Ай­дыным менің», «Ғашық жү­рек», «Ең­лікгүл», «Менің Атлан­тидам», «Аққуым менің, қай­да­сың?» деген жыр жинақтары жарық көрді. Бұл кітаптарға сыншылар қауымы да зер салып, парасатты пікірлерін айтты. Аузы дуалы ағалалары да ақын­ға жылы сөздерін аямады. Мә­селен, Ақселеу Сейдімбек оны «Шы­найы сезімнің ақыны» десе, Қойшығара Салғараұлы «Зер­­делі, ойлы ақын» деп ба­ғалады. Айтпақшы, шайырдың орыстың атақты ақыны Анна Ах­­матованың өлеңдерін өте сәт­ті тәр­жімалағанын айта кетуге болады.

Кеш барысында сөз ал­ған жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Әлібек Асқар: «Мен Марфуғамен КазГУ-дің журналистика факуль­тетінде бірге оқыдым. Сол кезде біз оның бола­шағынан үлкен үміт күткен едік. Ол үмітімізді ақтап, елге танымал ақын атанды. Тек өмірі қысқа болды. Бүгін Қа­лам­герлер аллеясында Мар­фу­ғаны еске алу кешінің өтуі құп­тарлық» деп әсерлі естелік өрбітсе, Қазақ­стан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы дирек­торының орынба­сары, ақын Олжас Қасым Мар­фуға лири­ка­сының көр­кемдік деңгейі тура­лы айта келіп, оның поэзия­дағы алар орны жоға­ры деп бағалады.

Ал ақынның жары, қаламгер Есенгелді Сүйінов өмірден өт­кен Марфуға Бектемірованың шығар­машылығы қазақ әдебие­тінің төрінен орын алып, оның есімін есте сақтау мақсатында Нұр-Сұлтан, Қостанай, Көк­шетау қаласынан көше немесе мектепке ақынның есімін берсе деген ойын айтты.

Сондай-ақ кеш аясында аяулы ақынның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндері орындалды.