Бас шаһардағы ЭКСПО іскерлік орталығы аумағындағы NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының алаңында шілдеден қыркүйектің соңына дейін қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты бірегей кеңістік ұйымдастырылды. Онда отандық және шетелдік суретшілердің, мүсіншілер мен фотографтардың көрмелері, музыканттардың жанды дауыста орындалған шығармалары ұсынылады.
Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына арналған мазмұнды жобаны «QazExpoCongress» ҰК» АҚ мен Еуразиялық мәдени альянсы іске асырып отыр.
Аталған аумақта қойылған өнер туындылары көрген адамға ашық аспан астындағы галерея секілді әсер қалдырады. Бірегей кеңістікте Саид Атабеков, Арыстанбек Шалбаев, Молдақұл Нарымбетов, Мұрат Ділманов, Валерий Казас және Андрей Люблинский секілді қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындылары мен бірқатар интерактивті объекті қойылған. Мәселен, 12 авторлық заманауи өнер туындысы жаяу жүргіншілер ағыны, орын архитектурасы мен шығармалар контексін ескере отырып орналастырылған. Айталық, Сәкен Нарынов («Уақыт пен кеңістікте», «Энергия сиқыры»), Марк Форнес (Minima/Maxima) және Эндрю Роджерс («Ашылмалы энергия») сияқты суретшілердің қолданыстағы төрт мүсінін толықтырып, Орталық Азиядағы мүсіндердің ең үлкен бірегей саябағын құрайды. Осылайша, халықаралық суретшілердің туындылары қазақстандық авторлармен диалогты жандандырып, әртүрлі мәдениеттер арасында жаңа қарым-қатынас қалыптастырады. Сонымен қатар мүсіншілер ансамблінен басқа, бұл аумақта апта сайын музыканттардың түрлі қойылымдары өтіп, көркем және заманауи әдебиеттің үлкен қоры бар екі интерактивті кітапхана жұмыс істейді.
Айта кетейік, қазіргі пандемия жағдайына байланысты іс-шара кезінде барлық қауіпсіздік сақталып, келушілерді ASHYQ қосымшасы арқылы қабылдайды.