Кеше Астанада «KAZENERGY» қауымдастығы кеңесінің 15-ші отырысы өтті. Кеңеске қауымдастықтың жетекшісі Тимур Құлыбаев төрағалық етті.
Кеше Астанада «KAZENERGY» қауымдастығы кеңесінің 15-ші отырысы өтті. Кеңеске қауымдастықтың жетекшісі Тимур Құлыбаев төрағалық етті.
Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев пен бірқатар ведомство басшылары мен Мәжіліс депутаттары қатысты. Кеңесте Қазақстан аумағында жұмыс істейтін әрі қауымдастық қатарына қабылданған ірі отандық және шетелдік мұнай-газ бен энергетика компанияларының басшыларынан құрылған консультативтік кеңес органының мүшелері болды. Сондай-ақ, отырысқа Астанада іссапармен жүрген Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры Мария Ван дер Ховен арнайы келіпті.
Жиналысты ашқан төраға қауымдастықтың энергетика саласында осыған дейін атқарған жұмыстарына тоқталып, күн тәртібіндегі тақырыпты бірлесе талқылауға шақырды. Сөйтіп, бүгінгі таңда қауымдастық энергетикалық мәселелер бойынша халықаралық шараларға белсене атсалысып жүргенін тілге тиек етті. Төрағаның айтуына қарағанда, биыл Қазақстан тұңғыш рет Халықаралық энергетика конференциясына төрағалық етіп отыр екен. Осы арада аталған конференцияға Қазақстан тарапынан Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалиннің төраға болып тағайындалғанын айтты.
Әсет Исекешев кеңес отырысына қатысушыларды кезекті игі шараларымен Үкімет атынан құттықтап, елімізде энергетика саласының даму үрдістері жөнінде әңгімеледі. Қазақстанның біртіндеп «жасыл экономика» мен «жасыл энергетиканы» игере бастағанын айтты. Халықаралық талаптарға сай қуат көздерін тиімді әрі үнемдеп пайдалану шаралары елімізде қанат жайып келе жатқанына басымдық берді.
Мұнай және газ министрі табиғи ресурстарды игеруде қолданылып жатқан жаңа технологиялар мен саладағы ғылыми негіздердегі жетістіктерге тоқталды. Ол Қазақстанда қазіргі таңда алдағы 50-60 жылға жететін мұнай мен газ анық бар екенін айтты.
Отырыста Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры да баяндама жасады. Ол бүгінгі күнде әлемнің бет-бедері тез өзгеріп жатқанына тоқталды. АҚШ сияқты кешегі энергия ресурстарын импорттаушы алпауыт елдердің енді экспорттаушыға айналып бара жатқанын айтты.
Отырыста ерекше назар аударарлық тағы бір оқиға болды. Онда «KAZENERGY» қауымдастығы дайындаған ұлттық энергетикалық баяндама ресми түрде таныстырылды. Іргелі құжатта мұнай-газ саласына және жалпы бүтіндей отандық энергетиканың болашақтағы дамуын жоспарлауға қажетті еліміздің энергетикалық балансының негізгі тетіктері айқындалыпты.
Отырысты қорытындылаған Т.Құлыбаев жиынның нәтижелі өткенін айтып, «KAZENERGY» халықаралық аренада ел беделін нығайта беретінін білдірді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».