Бүгінде биотехнология, иммунохимия, иммунобиотехнология, инновация, нанотехнология деген сөздердің сөздік қолданысымызға енгеніне біраз уақыт болып қалды. Дегенмен, мағынасының бірін біліп, бірін біле бермейтін “таныс та бейтаныс” сөздер астарында тұтас ғылым жатқанын аңғарамыз. Жақында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс бабымен Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің “Қазақстан Республикасының ұлттық биотехнологиялар орталығы” РМК-де болған кезде, еліміздің жоғары технологиялық ғылыми дамуға зор көңіл бөліп, оның стратегиялық міндетке айналып отырғандығына тағы да бір рет көз жеткіздік.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов микроорганизмдердің республикалық коллекциясын қарап, биотехнологиялар және өсімдіктер селекциясы, иммунохимия және иммунобиотехнология лабораторияларының, сондай-ақ ұлттық биотехнологиялар орталығы ұжымының соңғы 5 жылда жеткен негізгі ғылыми жетістіктері қойылған Ұжымдық пайдаланымдағы биотехнологиялардың ұлттық ғылыми лабораториясының жұмысымен танысқан болатын.
1993 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы құрылды. Мақсаты – биотехнология саласы бойынша іргелі және қолданбалы ғылымды үйлестіру және жүзеге асыру. Әу баста ҰБО құрамына 3 еншілес мемлекеттік кәсіпорын мен Жамбыл облысы, Гвардейский ауылындағы “Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты” ЕМК, Алматы қаласындағы “Биология және өсімдіктер биотехнологиясы институты” ЕМК мен Астанадағы “Республикалық микроорганизмдер коллекциясы” ЕМК және Степногор қаласындағы ҰБО филиалы, “Биомедпрепарат” ғылыми-сараптамалық” ЖШС кірді. 2010 жылдың 1 наурызында Үкімет қаулысымен РМК санатындағы орталық құрамы өзгеріске ұшырап, қайта құрылған болатын. Нәтижесінде, “Биологиялық зерттеулер орталығы” РМК-дан үш еншілес кәсіпорын өз алдына бөлініп шықты. Ал бүгінгі күні ҰБО құрылымында Степногор қаласындағы ҰБО филиалы, Атырау филиалы, “Биомедпрепарат” ғылыми-сараптамалық орталығы” мен Алматыдағы өкілдігі бар. Орталықта 365-тен аса қызметкерден тұратын үлкен ұжым қызмет етуде. Оның 1-еуі ҰҒА академигі, 15-і ғылым докторы, 61-і ғылым кандидаты, 2-еуі PhD докторы екен.
Биотехнологиялық орталықтың ғылыми-зерттеу қызметінде жеткен негізгі жетістіктері қандай?
ҰБО өткен жылы 2009-2011 жылға арналған “Медицинада, ауыл шаруашылығында, қоршаған ортаны қорғау, тағамдық және қайта өңдеу өндірісінде гендік-инженерлік, жасушалық технологияларды қолдану және жасап шығару” атты ғылыми-техникалық бағдарламаны (ҒТБ) үйлестіріп, жүзеге асырды. Бағдарламаны қаржылық қолдау – 530,9 млн.теңгені құрайды. Осы қаржыға аталған салаларда бәсекеге қабілетті биотехнологиялық өнімді және оңтайлы ғылыми технологияларды жасап шығарып, оны қолданысқа енгізу мақсаты тұр.
Медициналық биотехнология саласында құрт ауруы қоздырғышының мультирезистенттілігін, сүт безі қатерлі ісігін, В,С және G жұқпалы гепатит ауруларын, Эпштейн-Бара, адам папалломасы вирустарын, сонымен қатар мерезді геномдық технологияны қолдана отырып жедел анықтауға арналған тест жүйесі жасақталды. Ал орыс ғалымдарымен біріге отырып, тұңғыш рет ішке қабылданатын адамның рекомбинантты эритропоэтинының түйірленген дәрі түрі жасалды. Бұл дәрі-дәрмек анемияның ауыр түрлерін емдеуге арналған. Әсіресе, отадан енді шыққан ауруларға түйірленген дәрі өте қолайлы болып саналады. Эритропоэтинге әлемде сұраныс өте жоғары, оның рыногы 8 млрд. долларды құрайды. Ресейдің бұл дәріге деген мұқтаждығы 200 млн. доллар болса, Қазақстан көрсеткіші 20 млн. доллар. Бүгінгі күні жаңа дәрі клиникаға дейінгі сынақтан өтіп, клиникалық зерттеулердің алғашқы фазасы басталды.
Қызылша мен паротитқа қарсы егудің микрокапсулалы түрлері өмірге келді. Бұл вакцинаның артықшылығы қазіргі денсаулық сақтау саласында 9 айдан бастап салынатын екпені 5 айлық сәби кезінде дәрі түрінде ішке қабылдайтындығында болып отыр. Дәрі алдын алу шараларының тиімділігін көтере түседі. Дәрінің клиникалық сынақтан өтуі биылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жаңа дәуірдің жараны тез жазатын дәрілері де жасалуда. Күйіктерді, трофикалық ойық жараларды, инфаркт пен церебральды тромбозды жазуда бірден бір тиімді ем болып табылатын ангиогенин, эритропоэтин генетикалық инженерияда жоғары технологиялық әдістерді қолдану негізінде алынған.
Ресей Ғылым академиясының Цитология және генетика инсти-тутымен біріге отырып, ауыр науқастарға терапевтік құрал ретінде діңгек жасушаларын қолданудың әдістемелік негіздерін жасап шығару жұмыстары жүргізілуде. Ал ветеринарлық биотехнология саласында ғалымдар соңғы жылдары 28 тест-жүйесі және 26 екпе түрін жасап шықты. Барлық дәрілерге де технология жасақталып, нормативтік-техникалық құжаттар бекітілді. Оған қоса тізімдік сынақ жүргізілді. Қазақстанда құс тұмауына (H5N1) қарсы екпе жасалып, нәтижесінде әлемде бұл ауруға қарсы жеке өз дәрісі бар санаулы елдердің бірі атанды. 2008-2010 жылдары мемлекеттік тапсырыс бойынша 22,3 млн. данасы дайындалып, қажеттілікті толықтай өтеді.
Биотехнологиялық әдістемені қолдану негізінде бидайдың “Мирас”, “Надежда”, “Әлем” және “Бәйтерек” атты жоғары өнімді 4 түрі ойлап шығарылды. Жаңа бидай түрлерінің бойында түрлі ауруларға және шөлге төзімділік қасиеті бар. Олар Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына аудандастырылды. Бүгінгі күні еліміздің басқа өңірлерінде жазғы жұмсақ бидайдың жаңа 5 түрі мемлекеттік түр сынағынан өтуде. Солардың ішінде “Раминал” жұмсақ бидайы өзінің жоғары өнімділігімен қоса, сары және қоңыр татқа төзімді болып келеді. Жаңа түрдің әлеуетті түсімі, шығымы гектарына 92 центнерге тең, ал құрамындағы шикізаттық протеині 17 пайыз. Сондай-ақ, “Бақанас” және “Мәдина” атты күріштің жаңа түрлері жасалды. Олар аталмыш дәнді дақылдың алдыңғы түрлеріне қарағанда сапасы мен шығымы мол болып есептеледі. Күріштің бұл түрлері өткен жылы Алматы облысында орналасқан “Агрофирма Бірлік” ЖШС базасында 5 000 гектарға егілсе, биылғы 2010 жылы 10 000 гектар аумаққа себілмек.
Ал Қарағанды облысындағы Абай ауданында “Астра-Агро” ЖШС тұқым өндіруші шаруашылығына вируссыз миниклубтар негізінде вируссыз картоп алудың технологиясы енгізілді. Үш жыл бойы шаруашылықта вируссыз картопты өсіріп-көбейту, жылыжайда және арнайы орындарда
өсіретін өсімдіктерді өсіру жұмыстары жүргізілді. 2008 жылы осы технология бойынша 5000 тонна тұқымдық картоп өсірілді. Қазіргі таңда “Астра-Агро” ЖШС-ге элиталы тұқым өндіруші шаруашылығы дәрежесі беріліп, осы картоп түрі Ақмола облысында өсірілуде.
Өнім түрлерін ғана көбейтіп қоймай, олардың өсуін тежейтін зиянкестерден қорғау да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, колорада қоңызына, өрмекші және құрт-құмырсқаларға қарсы “Аспорогенді биотурин”, “Битокситурин” дәрі-дәрмектері ойлап табылды. Бүгінде олар шаруашылықта өз қолданысын табуда. Ал “Нитрагин” дәрісі бойынша тәжірибелік-өндірістік регламент жасақталып, оған инновациялық патент алынды. Құрғақ және сулы биологиялық дәрі-дәрмекке жататын “Нитрагин” бұршақ тұқымдас өсімдіктердің өнімділігін жоғарылататын қасиетке ие. Оған қоса, тағамдық өндіріс салаларының түрлеріне қоспалар мен табиғи қосындылар алудың қалдықсыз технологиясы дайындалды.
2009 жылы “Еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін одан әрі бекіту мақсатында ауылшаруашылық өнімдерінің жаңа жоғары өнімді түрлерін жедел жасаудың молекулалық-генетикалық және биоинженерлік әдістемесін жасап шығару, сондай-ақ оны селекциялық тәжірибеге ендіру” бағдарламасы 80 млн.теңгеге бағаланса, құны 120 млн.теңге болатын “Қазақстан Республикасында гендік модификацияланған нысандардың айналымын мемлекеттік реттеуді ғылыми-техникалық түрде қамтамасыз ету” бағдарламалары жүзеге асуда. Ал “Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау үшін А /H5N1 тұмауына қарсы екпе дайындау” ҒТБ-ға 208,6 млн.теңге бөлінді. Бұл бағдарламалар аясында еліміздің биологиялық ғылым саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін жоғарыда атап өттік. Ғылым саласында жаңалықтар ашылып, жаңа технологиялар ойлап табылғанын ескерсек бұл тек еліміз игілігіне ғана емес, сонымен қатар адамзат игілігіне жатпайтыны даусыз деп ойлаймыз. Ал ғалымдардың суырмасында немесе ойларында жатқан тың ойлар қаншама десеңізші. Мемлекет тарапынан ҰБО-ға жасалып отырған қамқорлық олардың да жүзеге асуына мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Нәтижені түпкі мүддемен байланыстыру жөнінде айтқан Үкімет басшысының тапсырмасы орынды-ақ. Инновациялар да, қазақстандық мазмұн да, ғылымды дамыту да бір арнада тоғысатын болғандықтан ҰБО-дан күтер үміт мол.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.