Жыл басынан бері Алматы тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 49 мыңнан астам қызметтің түрлі кемшілікпен көрсетілгені белгілі болды. Тексеріс нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 995 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қызметтен 44 мың кемшілік анықталып, 124,9 млн теңге қайтарып алынды.
Сонымен бірге, ақаумен көрсетілген 4,6 мың қызмет стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі екені елгілі болды. Олар 870,2 млн теңге айыппұл төледі.
«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтар. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», деді Тілеухан Әбілдаев.
Бұдан былай Қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылап отырады. Көрсетілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді. Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.