• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Тамыз, 2021

Заңнамамызда «кибербуллинг» термині жоқ

431 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда әлеуметтік желінің дамуы киберкеңістіктегі қылмыстардың көбеюіне алып келуде. Халық көбіне білім, медицина, әлеуметтік салалар, банк жүйесі бойынша түрлі қылмыстың құрбанына айналады дейді заңгерлер.

Бұл туралы мамандар MEDIA CLUB QAZAQSTAN алаңында өткен кездесуде баяндады. Жиында халықаралық заңгер, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің аға оқытушысы Дана Мұхамеджанова еліміздің заңнамасында кибербуллинг термині қарастырылмағанын атап өтті.

– Кибербуллинг түсінігі Қазақстан Рес­публикасының заңнамасында қа­рас­тырылмаған. Құқықбұзушылық пен залалдың нұқсанына байланысты әкімшілік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жала жабу немесе адамның жеке басына қол сұғу мәселелері, адамға ақпараттық жүйелер арқылы зорлық-зомбылық жасау, қорлау сияқты түрлі қылмыстары үшін жауапкершілік салааралық нор­ма­тивтік-құқықтық актілерде бекі­тіл­ген. Өз кезегінде технологиялық компанияларға қолданушыларын, әсіресе балалар мен жастар сияқты әлеуметтік желілер тұтынушыларын қорғау міндеті жүктелген. Халықаралық тәжірибеге қарайтын болсақ, кейбір мем­лекеттерде киберқорлықтың құр­бан­дары интернеттегі қауіпсіздігін арнаулы органдарға немесе әлеуметтік желілердің әкімшілігіне жүгіну арқылы сақтайды. Ол үшін әкімшілік қорлайтын ақпарат жіберуші адамның аккаунтын уақытша немесе біржолата шектейді не бұғаттайды. Көптеген мемлекетте кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қам­та­­масыз ету мақсатында заңдар қабыл­дан­ған. Соның бірі – 2000 жылғы Children's Online Privacy Protection Act заңы. Аталған құжаттың аясында виртуалды әлемде балаларды теріс пікірден, зорлықтан, әлімжеттіктен қорғайтын ережелер қарастырылған. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай бөлек құжат жоқ, – дейді халықаралық заңгер.

Кез келген адамның кибербуллинг құр­ба­нына айналуы ғажап емес. Пси­хо­лог Серікгүл Сали ондай жағдайға тап бол­ған адам кибербуллингті қиын­дық ре­­тінде емес, рухани дамуына жасалған қ­а­дам ретінде қабылдауы керектігін айтты.

– Әлеуметтік желіде кибербуллингке тап болмайтын адам жоқ. Өмірде барлығына ұнау мүмкін емес, виртуалды әлемде де сізді ұнатпайтындар табылады. Ондай жағдайда адам өзінің жалғыз емес екенін естен шығармауы қажет. Жақындарымен сөйлесіп, теріс пікір жазушыларды бұғаттап, қажет болса, бірнеше күн әлеуметтік желіге кіруден бас тарту керек. Жалпы, мұндай жағдайды бастан кешірген адам еңсесін түсірмей, керісінше мұны рухани әлемді бекітуге арналған саты деп қабылдауы керек. Кибербуллинг балалар арасында көп кездеседі. Бұл жағдайдан бала өз бетімен шыға алмайды, жаман мен жақсыны ажыратуды білмейді. Сондықтан ата-анасы, мұғалімдері, мектеп психологы көмектесуі керек. Оған үлкендер араласпайынша, буллинг тоқтамайды, – дейді психолог маман.

Заңгерлердің айтуынша, кибербуллингке тап болған адам, ең алдымен, аккаунтына үшінші тұлға кіре алмайтындай жабуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік желі әкімшілігіне балағаттау және қорлау мақсатында жазылған пікірлердің скриншоттарын жіберіп, фактіні растау керек. Бұл әрекеттер тиімсіз болған жағдайда, құқық қорғау органдарына немесе компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметіне kz-cert.kz өтініш жазу немесе «жедел желіге» 1400 хабарласу қажет.