Қытай ұлттық бірлікке қауіп төндіреді деген желеумен «заңсыз мазмұны бар» караоке әндеріне тыйым салмақ. Осылайша, Бейжің билігі елдегі 50 мыңға жуық ойын-сауық орнын бақылап, аумақтық тұтастыққа, діни саясатқа қауіп төндіретін әндерді шектемек. Оның орнына мәтінінде Коммунистік партияның ұстанымына қарсы келмейтін әндер қойылуға тиіс.
Қытай Мәдениет және туризм министрлігінің хабарлауынша, 1 қазаннан бастап, бүкіл елде «заңсыз мазмұны бар» әндерді қоюға тыйым салынады. Осы мерзімге дейін «қара тізімге» енген өлеңдер туралы толыққанды мәлімет берілмек.
Министрліктің айтуынша, ұлттық бірлікке, егемендікке немесе территориялық тұтастыққа қауіп төндіретін, культтерді, ырымдарды насихаттау арқылы мемлекеттік діни саясатты бұзатын немесе құмар ойындар мен есірткі тәрізді заңсыз әрекеттерді насихаттайтын мазмұндағы әндер «қара тізімге» енгізілмек.
Караоке қожайындары шырқалатын әндердің мазмұнына жауапты болмақ. Әйтсе де, Қытайда 50 мыңнан астам ойын-сауық орны мен 100 мыңнан астам ән бар. Бұл бақылауды қиындатпақ.
Министрлік караокелерге «заңсыз мазмұны бар» әндердің орнына саясатқа сай, көтеріңкі музыка қоюға кеңес берді.
Қытай зорлық-зомбылықты, порнографияны насихаттайтын бүкіл контентке тыйым салған. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен веб-сайттарды бақылап, саяси тақырыпта сыни пікір жазатындарды қудалайды.