• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Тамыз, 2021

Неміс теміржолшылары ереуілге шықты

221 рет
көрсетілді

Неміс теміржолшылары сейсенбі­ге қараған түні бүкілхалықтық ереуіл­ге шықты. Бұл туралы GDL кәсіп­одағының басшысы мәлімдеді. Кәсіп­одақ мүшелерінің 95 пайызы бұл қадамды қолдаған. Осыған байланысты жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келуі мүмкін. Теміржол қызметі мұны да ескеріп отыр.

GDL кәсіподағының басшысы Клаус Весельскийдің айтуынша, ереуілге алғаш болып бүкіл жүк пойыздарының қызметкерлері шықпақ. Олар сейсенбі күні кешкі 17:00-ден бастап шерулетеді. Содан кейін, сәрсенбі күні оларға жолау­шылар пойыздарының қызметкерлері қосылады. Жаппай ереуіл жұмаға дейін созылады.

Кәсіподақ жалақыны 3,2 пайызға көтеруді және 600 еуро көлемінде бір реттік «коронавирус бонусын» төлеу­ді талап етіп отыр. Германиядағы темір­жолға жауапты Deutsche Bahn опера­торы мұны қабылдаған жоқ. Ком­па­ния пандемия басталғалы бері мил­лиардтаған шығынға ұшырады. Бұған таяуда болған су тасқынын қосыңыз. Қысқасы, Deutsche Bahn-ның шығыны шаш-етектен.

Deutsche Bahn қалааралық пойыздар­дың төрттен бір бөлігі ғана сәрсенбі мен бейсенбіде жүретінін, Берлин мен батыстағы қалалармен, сондай-ақ Гамбург пен Франкфурт арасындағы байланыстарға басымдық берілетінін хабарлады.

Компания жолаушыларды қажет­сіз саяхаттан бас тартуға шақырды және әр орынға тапсырыс беру үшін коронавирусқа байланысты шектеулерді алып тастайтынын айтты.

Германия аумақтары қазір жазғы демалыста. Сондықтан саяхатшылар по­­йыз қызметіне жиі жүгінеді. Бірақ алдағы екі күнде темір жол қызметі бәсеңдеп қалатындықтан, жолаушылар сатып алған билетінің құнын қайтаруды талап етуі мүмкін.

Осылайша, GDL кәсіподағы өз мақ­сатына жетуі ықтимал. Ұйымға 35000 жұмыскер мүше. Бұған дейін кәсіподақ 2014 және 2015 жылдары сегіз рет жалпыұлттық ереуілге шығып, өз талаптарын орындатқан.