«Талибан» қозғалысы Тәжікстанмен шекарада орналасқан Тахар провинциясының әкімшілік орталығы – Талукан қаласын басып алғанын мәлімдеді.
Тахар провинциясының заңнамалық органы төрағасының орынбасары Рухолла Рауфи қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері Фархар уезіне көшкенін жеткізді. Оның айтуынша, тәлібтер барлық қоғамдық орындарға баса көктеп кірген. Сондай-ақ жергілікті түрмеден сотталғандарды босатқан.
Сонымен қатар содырлар Талуканға шабуыл жасай бастағанына екі аптаға жуықтаған. «Талибан» қозғалысының мәліметіне сәйкес, олар Талукандағы барлық қоғамдық ғимаратты өз қарамағына алған. Осылайша, «Талибан» басып алған Ауған провинцияларының әкімшілік орталықтарының саны беске жетті.
Бұған дейін «Талибан» Сари-Пул және Кундуз провинцияларының әкімшілік орталықтарын басып алған болатын. Ал бір күн бұрын тәлібтер елдің солтүстігіндегі Джузкан провинциясының астанасы – Шибирган қаласына кірді. «Талибан» қозғалысы Ауғанстан аумағының 80 пайызын бақылауға алғанын айтты. БҰҰ мәліметінше, соңғы бір айда тәлібтердің шабуылы салдарынан Ауғанстанның 1 мыңнан астам бейбіт тұрғыны қаза болды.