Шетелдік және еліміздегі музейлерде, кітапханаларда, мұрағат орталықтарында сақтаулы қолжазбалардың, артефактілердің, кітаптардың, басқа да баспа, аудио және бейнематериалдардың толық тізімін қалыптастыру жұмыстары жаңа серпін алды десек қателеспейміз. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның тарих ғылымының жаңа өлшемде – дербес қазақстандық тарихи-ғылыми және тарихнамалық кеңістікте дами бастағанының көрінісі.
Шетелдік және еліміздегі музейлерде, кітапханаларда, мұрағат орталықтарында сақтаулы қолжазбалардың, артефактілердің, кітаптардың, басқа да баспа, аудио және бейнематериалдардың толық тізімін қалыптастыру жұмыстары жаңа серпін алды десек қателеспейміз. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның тарих ғылымының жаңа өлшемде – дербес қазақстандық тарихи-ғылыми және тарихнамалық кеңістікте дами бастағанының көрінісі.
Құбылмалы жаһандық әлемде Қазақстан өзінің тарихи орнын тапты, әлем тарихының бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Тарихты зерттеу басқа да қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты. Менің филолог ретінде Мемлекет тарихы институтындағы ғылыми қызметімді осымен түсіндіруге болатын шығар. Менің мақсатым тарихты жазу емес, керісінше, әріптестерімнің ауыр да, сонымен қатар игі істеріне қолғабыс жасау.
Мен 2013 жылы байқаудан өтіп, Қазақстан Президенті стипендиясының иегері атандым, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Кембридж университетінде тағылымдамадан өттім. Тағылымдамадан өту кезінде филологиямен қатар тарих бойынша да ғылыми-зерттеулер тақырыбын үйлестіруге тура келді. Ағылшын тілін жетік меңгергендіктен мен Кембридж университетінің кітапханаларындағы, Ұлттық кітапханадағы және Лондондағы Британ ұлттық мұрағатындағы деректермен танысып, Қазақстан тарихына қатысты материалдарды жинаумен айналыстым.
Осында жүріп тарихшылардың тарихқа қатысты құжат, факті не артефакт тапқанда қандай сезімде болатынын алғаш рет түсіндім. Қазіргі таңда ғаламтордан неше түрлі материалдарды алуға болады, бұған, әсіресе, жастар жағы әуес. Ал кітапханалар мен мұрағаттарда ғаламтор желісінен таба алмайтын дүниелер аз емес.
Сондай дүниелердің бірі Джон Уорделдің (John W. Wardel) «Қырғыз даласында (In the Kirgiz Steppes)» атты кітабы. 1914 жылы Британ компаниясының инженер-конструкторы бола жүріп, басқа да ағылшын мамандарымен бірге Джон Уордел Ақмола губерниясындағы Атбасар қаласына, кейін Спасск көмір зауытына келеді. Артынан ұзақ уақыт Петропавлда болып, Транссібір теміржолы арқылы Қиыр Шығысқа жол жүреді. Еуразияның бел ортасында жүрген еуропалықтың Бірінші дүниежүзілік соғысқа және 1917 жылғы революцияға деген көзқарасы қызығушылық тудырады. Кітапта сол кездегі Қазақстанға байланысты карталар мен суреттер берілген, сондай-ақ, экономикалық жағдайы, тұрмысы мен мәдениеті, табиғаты туралы да айтылған. 1919 жылы Д.Уордел Лондонға келе сала, кітап жазуға кіріседі. Автордың айтуына қарағанда, ол кітабын КСРО құлаған соң шығаруды жоспарлаған. Десе де, кітапты басып шығаруға тек КСРО-ның қырық жыл өмір сүруінен соң шешім қабылдап, 1960-жылы ғана жарыққа шығарады. Кітаптың құндылығы, автор өз құжаттарында сол кезеңдегі еліміздің теріскей өңірін шынайы суреттейді.
Осы сапарымда мен Ұлттық кітапхана мен Ұлыбританияның ұлттық мұрағатында да болдым. Ариэль Коэн «Тепе-теңдіктегі Еуразия. Америка және биліктің аймақтық өзгерісі» атты кітабында «Үлкен ойын» терминінің жаңғыруы, сол сияқты, Қытай мен Еуропаны жалғаушы құрал ретінде ежелгі Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіру идеясы, батыс зерттеушілерінің Қазақстанға деген қызығушылығының арта түсуінің басты аспектілерінің бірі екенін атап өткен. «Үлкен ойын» терминін алғаш рет 1834 жылы ғылыми айналымға Британ барлауының офицері, саяхатшы әрі жазушы Артур Конолли енгізген. Ол бұл терминді Орталық Азиядағы Ресей мен Британ империялары арасындағы күресті түсіндіру үшін пайдаланған. Кейінірек, Александр Кули жазғандай, бұл терминді Ридьярд Киплинг 1901 жылы өзінің «Ким» атты романында қолданған. Британ шенеуніктері «Үлкен ойын» терминін Ресей империясына қатысты қолданып келген, олардың ойынша Ресей империясы өз ықпалын тым кеңге жая бастап, Кавказ бен Орталық Азияға әсерін тигізді, осылайша Үндістандағы Британ колониясының өзіне қауіп төндірді. Бұл термин, әсіресе, посткеңестік кезеңде геосаяси жағдайда танымал болды. Қазақстан Орталық Азияның тұтқасы ретінде аймақтағы өзінің тарихи миссиясын таба білді. Осының барлығы мені Ұлыбританияның Үнді офисіндегі мұрағатқа барып ізденістерімді жалғастыруға итермеледі.
Қазақстан Үндістанмен тікелей шекарасының болмауына қарамастан, оның ыңғайлы орналасуы Орталық Азиядағы бәсекелес күштердің арасындағы жол бастаушы және дипломатиялық делдал ретінде қызмет атқарды. Үнді офисінің құжаттарында XVII-XVIII ғасырлардағы Орталық Азияға қатысты материалдардың сирек кездесетіндігін айта кету қажет. Бірақ XIX ғасырдың басына қарай саяхатшылар мен инспекторлар солтүстікке Үндістаннан Орталық Азияға үнемі шығып отырған. Олардың есептері Үндістан үкіметінің ерекше саяси қызығушылығын туғызбағаны және ақпараттардың жүйесіздігі байқалады.
Мәселен, 1812 жылы жылқышы әрі ветеринар хирург болған Уильям Муркрофт Гималай тауларында саяхаттап жүріп, ресейлік көпестердің Непал мен Тибеттегі белсенділігі туралы хабарлайды. Ол XIX ғасырдың орта шенінде Орталық Азияға тұңғыш жеткен ағылшын болатын. Оның есептерінде тұңғыш рет Орталық Азиядағы ағылшын-ресей сауда бәсекелестігі жөнінде мәселе көтеріледі. 1818 жылы ол британдық жылқы тұқымын асылдандыру үшін және әскери істер үшін жылқы жеткізу, сауда байланыстарын қалыпқа келтіру мақсатымен солтүстік-шығыс Азияға баруға рұқсат алады. Осы мақсатта ол қырғыз даласына ішкерілей еніп, Түркістаннан Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы қырғыз-қайсақтардың үш ордасы мекендеген көшпелі тайпаларға жетеді. Ал әуесқой-саяхатшы Артур Коноллидің есептері Орталық Азия аймағы туралы британ қызметі жинастырған бұрынғы ақпараттарды жаңа деректермен байытты. Орталық Азиядағы ресейліктердің іс-қимылдары туралы ақпарат бергені үшін, ол Тегерандағы британ министрі сэр Джон Макдональдтан алғыс алады. Муркрофттың Құпия бөлімге жазған хаттары (Еуропалық қолжазбалар) Үндістан туралы ресми есептер ретінде өтеді. Басылымға жіберілерде цензураға ұшырайтын тыңдалымдар туралы хаттамалар, есептер берілген. Аталған құпия құжаттар Британ кітапханасының Үндістан мен Африканы зерттеу бөлімінде сақтаулы.
Менің қызығушылығымды тудырған деректердің бірі 1929 жылы жарыққа шыққан «Who is who in Central Asia» (General Staff. India, 1929. Simla. Government of India Press) атты шағын анықтамалық болды. Бұл сарғыш тартқан ескі құжат «құпиялық» таңбасымен корольдің қолы арқылы ғана тапсырылатын шенеуніктің жеке бақылауында сақталған. Мұнда Орталық Азияның сол кездегі басты тұлғалары туралы ақпараттар кездеседі. Бірнеше мысал келтірейін: «Веденский – соғыс алдында Бұхарадағы Ресей резиденциясының шенеунігі әрі Әмірдің досы болған, 1919 жылы большевиктер тұтқындаған. Әмір оны босатып алу үшін ірі көлемде қаржы ұсынғанмен, дегеніне жете алмайды. Кейін бостандыққа шығып Ташкентте өмір сүрген, 1920-жылдың басында Миссия Бройдомен бірге Бұхараға өткен. Контрреволюционер, бірақ ұлтшыл және шовинист. Бондарев – 3 дивизияның командирі. Білімі төмен. Путилов зауытының жұмысшысы болған. Азамат соғысында белсенділігімен көзге түскен. Билікқұмар, қаталдығы және араққұмар. Бобровский – орыс, ақтардың өкілі, бұрынғы коммунист, большевиктердің ақшасын ұрлап, Мешедке қашқан. Мінезі нашар, сараң әрі сенімсіз, Уразбеков – еш ықпалы жоқ жартылай білімді қырғыз. Қырғыз Республикасының ОАҚ-тың президенті. Осындай мазмұндағы Орталық азиялық саяси қайраткерлер туралы сыңаржақ пікірлер басым. Десе де, Тұрар Рысқұлов турасындағы пікір бұларға тіпті қарама-қайшы. Қазақ көшбасшысына үлкен құрмет сезіледі. № 671 Рысқұлов – жасы 35-те. Қара сақалды. Қырғыз. Мұсылман мектебінің мұғалімі болған. Ташкент Кеңесінің хатшысы, қыркүйек, 1919 ж., Коммунистік Мұсылман бюросының президенті және Коммунистік Кеңестің, Түркістан Комиссиясының мүшесі, наурыз, 1920 ж. Сондай-ақ, Провинциялық Коммунистік Мұсылман бюросының президенті, большевиктік ұйымның ең көрнекті және басты өкілі. Ресейлік большевизмнің әдістерімен жақсы таныс әрі оны меңгерген. Түркістан Коммунистік партиясының Мұсылман бюросының төрағасы, (1919ж.) ол Абдусаффаровпен бірге «Ортақшыл» ретінде беделге ие және оны сақтап қала алған. Жігерлі, батыл мінезді. Мұсылмандар арасында ықпалы төмен, ресейлік большевиктердің қолдауына сүйенеді. Түркістан-Сібір теміржолы құрылысы комитетінің төрағасы, 1929 ж.
Сол кездегі арнайы қызметтің қызметкерлері өз хабарламаларында ресейлік Түркістандағы немесе Жетісу аймағындағы геосаяси жағдайды баяндаумен қатар, сол өлкенің тұрғылықты тұрғындары туралы ойларын да жеткізіп отырған. Мысалы, қазақтар туралы былай делінген: «Большевиктер қазақтардан өз мақсаттары үшін жақсы материал тапқанға ұқсайды. Көшпенді ғұмыр кешкендіктен оларда қала тұрғындарына қарағанда, шеттен әкелінген мәдени немесе діни дәстүрлер аз болды, сондықтан оларда ешқандай ұлтшылдық сезімдер болмады. Қалай болғанда да, Жетісу деген атпен белгілі болған аймақта қазіргі кезде орыс қоныстанушыларының саны артып отыр, бұл деген қазақтарды елемеу, кемсіту орын алып отырған империяның шекарасы біртіндеп өшіріледі деген сөз. Кеңестік тәртіптің соңғы 20 жылы тұрғылықты халыққа қазіргі кеңестік өркениеттің жақсы да, жаман да жақтарын алып келгені сөзсіз».
Меніңше, осы қысқа деректердің өзі-ақ Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы шешімдерінің өзектілігін көрсетеді. Ұлт тарихына қатысты деректер әлі де зерттеушісін күтуде.
Мадина АНАФИНОВА,
Мемлекет тарихы институтының
еуразиялық және салыстырмалы
саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы.