Елбасы Жолдауы – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының берік негізі
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат.
Осы стратегиялық құжатта Президентіміз мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды. Бұл жолдағы негізгі бағдарымыз – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын орындаудың жеті бес жылдық кезеңді қамтитын маңызды міндеттерін атап көрсетті. Әр кезең сайын экономиканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бесжылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Әсіресе, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салалары осы Жолдаудың ең салмақты тұстары екені сөзсіз.
Елбасының Жолдауында әдеттегідей әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде, студенттердің стипендиясы, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау және «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақылардың өсетіндігі атап айтылды. Ал ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жарияланды.
Сондықтан бұл Жолдау жоспарлау саясаты, ұзақмерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен мықты мемлекетіміздің тағы бір Стратегиялық жоспары.
Бұл жоспар біздің дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатымызға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Жолдауда айтылғандай, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында Елбасының айналасына бірігу «Мәңгілік Ел» мұратына жетудің берік негізі болып табылады.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН,
Парламент Мәжілісінің Төрағасы.
Елбасы Жолдауы – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының берік негізі
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат.
Осы стратегиялық құжатта Президентіміз мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды. Бұл жолдағы негізгі бағдарымыз – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын орындаудың жеті бес жылдық кезеңді қамтитын маңызды міндеттерін атап көрсетті. Әр кезең сайын экономиканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бесжылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Әсіресе, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салалары осы Жолдаудың ең салмақты тұстары екені сөзсіз.
Елбасының Жолдауында әдеттегідей әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде, студенттердің стипендиясы, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау және «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақылардың өсетіндігі атап айтылды. Ал ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жарияланды.
Сондықтан бұл Жолдау жоспарлау саясаты, ұзақмерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен мықты мемлекетіміздің тағы бір Стратегиялық жоспары.
Бұл жоспар біздің дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатымызға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Жолдауда айтылғандай, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында Елбасының айналасына бірігу «Мәңгілік Ел» мұратына жетудің берік негізі болып табылады.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН,
Парламент Мәжілісінің Төрағасы.
Басты мақсат – ғылымға негізделген экономикаға қол жеткізу
Елбасы Жолдауының маңыздылығы сонда, бұл құжатта еліміздің болашақ бағыт-бағдары айқындалып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асу барысы белгіленді. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің әлемдік аренада дамыған отыз ел қатарына ену жолындағы жоспары екі кезең бойынша жүзеге асырылатын болады. 2030 жылға дейінгі алғашқы кезеңде бар мүмкіндікті пайдаланып, индустриялық-инновациялық тұрғыда дамудың даңғыл жолына серпіліс жасау, ал екінші кезеңде, яғни 2030 бен 2050 жылдар аралығында ғылымға негізделген экономикаға қол жеткізу басты мақсат.
Жолдауда Елбасы атап өткен 10 жаңашыл идея қазақстандықтардың патриоттық сезімін көтеріп, нық даму жолына бастайтын болады.
Сондай-ақ, Жолдауда Президент елдің әлеуметтік дамуына да ерекше тоқталып, студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өсетінін, дәрігерлердің жалақысы – 28, ал мұғалімдердікі 29 пайызға артатынын атап айтты. Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, ғылым саласын қаржылауды еселеуді тапсырды.
Бұл Жолдаудың тағы бір тарихи мәні – «Мәңгілік Ел» болу ұлттық идея ретінде нық бекітілді.
Қайрат ИЩАНОВ,
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары.
Бар жауапкершілікті мемлекетке жүктеуге болмайды
Өткен жылы Мемлекет басшысы еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жоспарын ұсынған болатын. Ал бұл жолы сол ғаламдық стратегияны жүзеге асыру үшін Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Біздерді, яғни, медицина саласының қызметкерлерін Елбасының адами капиталға ерекше көңіл бөлетіні қуантады. Әрбір Жолдауында отандық медицинаның ең бір өзекті мәселелерін қозғап, соны дамыту туралы ой қозғайтыны, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктейтіні рухтандырады. Бұл жолғы Жолдауда Президент алғашқы медициналық-санитарлық көмекті тиісті деңгейге көтеру қажеттігі туралы атап өтті. Осыдан 35 жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы конференциясында алғашқы медициналық көмек көрсетуде Қазақстан озық деп танылып, өзге елдерге үлгі ретінде ұсынылған. Бірақ, тәуелсіздігіміздің бастапқы қиын да күрделі жылдарында бұл саланың әлсіреп кеткені шындық. Ендігі жерде оны жандандыру қажеттігі дөп басылып айтылды. Ол үшін осы мекемелерді заманауи құралдармен жабдықтап, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру керек шығар деген ойдамын.
Елбасының міндетті медициналық сақтандыру туралы айтқан ойлары өте орынды деп есептеймін. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс үлкен мәселе. Мен бұны қолдаймын. Өйткені, нақ осыған қатысты өз жеке пікірім бар адаммын. Өкінішке қарай, көптеген қазақстандықтар Кеңес одағынан қалған ескі ұстанымнан айырылар емес. Олар медицина түгелімен ақысыз және өз азаматтарының денсаулығы үшін тек қана мемлекет жауап беруі керек деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Азаматтардың денсаулығын сақтауда үш мәселенің бірлігі болуы қажет. Денсаулық үшін жауапкершілік алдымен азаматтың өзіне, екіншіден қызметкерлерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасайтын, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететін жұмыс берушіге және ақысыз медициналық көмектің нақтылы мөлшеріне кепіл болатын мемлекетке жүктелуі тиіс. Сонда ғана әр адам өз денсаулығының жауапкершілігін сезініп, саламатты өмір салтын ұстануға, табысты әрі мықты болуға ұмтылады. Жалпы, денсаулық – ұлттың байлығы. Ұлттың дені сау болса, мемлекет те табысты болады.
Абай БАЙГЕНЖИН,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ бас директоры.
Ел мүддесімен ұштасқан
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму жолын айқындайтын стратегиялық құжат. Президент еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуіне қатысты толық жоспар ұсынды.
Біз үшін алдағы 15-17 жыл Қазақстанның кең ауқымды серпіліс жасауы үшін «мүмкіндіктер кезеңі» болатыны айқын. Осы ретте айта кететін бір жайт, Жолдаудың басымдықтарының бірі – инновациялық индустрияландыру трендін күшейту. Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығын әзірлеуді тапсырып, индустрияландыру басымдықтарының санын шектеу қажеттігін атап көрсетті.
Жолдаудың тағы бір маңызды бөлігі шағын және орта бизнесті қолдау болып табылады. Ең бастысы, біз экономиканың тұрақты өсуін, оны инновациялық жолға салуды сонымен байланыстырып отырмыз. 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің кемінде 50 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі етуді айтқан Президент қазір оның үлесі 20 пайыз екендігін де тілге тиек ете кетті. Ең бастысы, ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл ретте жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 4,5 есе, яғни 13 мыңнан 60 мың долларға дейін өседі.
Егер қазіргі қалыптасқан жағдайға көз жүгіртсек, елімізде 800 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі болса, оларда 2,4 миллион қазақстандық жұмыс істеуде. Осы сектордың шығарған өнімі 4 жылда 1,6 есеге артып, қазіргі таңда 8,3 миллиард теңгеден асып отыр. Бұл үрдісті арттыруды ұсынған Президент шағын және орта бизнес – біздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі екендігіне ерекше тоқталды. Сондықтан да нақты тапсырмалар берді: шағын бизнесті орта бизнеске айналдыра отырып, оның мамандануын дамыту шараларын қабылдау, осы субъектілердің банкрот болуына нақты тетік енгізу; жаңадан бастап келе жатқан бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасау; индустрияландырудың екінші бес жылдығы жоспарын «Бизнес-2020» Жол картасымен біріктіру және бизнесті дамытуға кедергі келтіретін құқықтық нормаларды жою жөніндегі ұсыныстар енгізу. Технологиялық парктер жұмысын жандандыру мәселесін қозғаған Президенттің венчурлық қаржыландыру бойынша заңнаманы жетілдіру, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі тапсырмалары уақыт талабымен үндесіп жатыр.
Осы тұрғыдан келгенде өзім басқарып отырған комитет алға қойған міндеттерді орындауда заңнамалық қолдаудан аянып қалмайтындығын айта кеткім келеді. Елбасының Жолдауындағы міндеттер елдік мүддеден туындағаны айқын. Олай болса, біз сол үдеден шығуға дайынбыз.
Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық
реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы.
Ұлттық ұлы ұранымыз
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауын зор ықыласпен тыңдадым. Жылдың басты құжатында Тәуелсіздігімізді баянды ете түсудің өзекті экономикалық мәселелері тыңғылықты сөз болды. Озық отыздықтан орын алуымыздың жай-жапсары жан-жақты қозғалып, ойдағымызды орындаудың жолдары саралана айтылды.
Байлықты игеру – барды сарқу деген сөз емес. Жоқты бар ету, азды көбейту деген сөз. Өнімді экономика түзу деген сөз. Өнімді экономика жаппай үнемді экономикаға көшкен жерде ғана ойдағыдай дамымақшы. Ондай экономика тәуелсіз мемлекеттің өркенін өсіреді, көсегесін көгертеді. Технология үздіксіз жетіле түскен сайын экономика мейлінше қуаттана түспекші. Еліміз көркейе бермекші. Тәуелсіздігіміз нығайып, бүгінгі дүниедегі алар орнымыз биіктеп, беделіміз артпақшы. Сондықтан да экономика – басты стратегиямыз. Оны бүгін де, ертең де, бүрсігүні де нығайтқан үстіне нығайта түскеніміз абзал. Ол үшін өзіміз шыңдалып, өзіміз кемелденгеніміз лазым. Сонда ғана Елбасы айтқан Мәңгілік Ел идеологиясы ойдағыдай жүзеге аспақшы.
Мәңгілік Ел болу, баянды мемлекет болу, Тәуелсіздігімізді мәңгілік ете білу ежелгі бабаларымыздың да ең ділгер арманы еді. Енді сол бабалар армандаған асыл мұрат бүгінгі ұрпақтың басты мақсатына, нақты мақсатына айналмақшы. Ұлттық ұлы ұранымызға, ұлттық идеямызға айналмақшы. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл бастамасын бүкіл халық болып қуана қолдап жатыр. Бұдан туатын өрелі міндеттер де Жолдауда жан-жақты айтылды. Соның бәрі жан қуантар жақсы істерге айналғай деп тілейміз.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Еңбек Ері.
Жүректен шығып, жүрекке жетер сөз
Дәстүрлі Елбасы Жолдауы Қазақстан халқына жол тартты. Тәуелсіздік сарайынан оралысымен қолға жедел қалам алған жайымыз бар.
Биылғы Жолдаудан менің айрықша есімде қалған екі-үш тұсына тоқталғым келеді.
Біріншіден, Жолдауда Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа дәуірдегі тағдыр-талайын анықтар 2050 Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында дамуымыз бен өркендеуімізді қамтамасыз етер қандай-қандай тұстарға мән беріліп, нендей-нендей шаралардың жүзеге асырылуы керектігі туралы нақты айтылды.
Елбасы Жолдауында Жер есімді жұмыр планетаның қазіргі таңда басынан кешіп отырған жаһандық сипаттағы қиындықтары жан-жақты саралана келіп, Қазақстанның сол алып ғаламдық жаратылыстағы бүгінгі орны қалай, ертеңі қалай болмақ, дейтін іргелі сауалдарға негізді, байыпты, байсалды жауап берілді.
Екіншіден, Тәуелсіз Қазақ Елінің экономикалық, саяси, рухани тұтастығын бекіте түсер қажетті біраз шарттарға Елбасы айрықша назар аударды.
Атап айтқанда, Қазақ Елінің бүгіні мен болашағын қамтамасыз етер шарттардың бірі ретінде бағаланар – аграрлық саясатымызды барынша ел игілігіне, халық мұқтажына тікелей қызмет етуге бұру, бағыттау туралы тапсырмалары менің ғана емес, ел-елде, жер-жерде тұратын біраз отандастарымыздың да көкейлерінен шығып, көңілдеріне қонады-ау деп ойлаймын... Шынында да, ауыл шаруашылығы үшін жалға берілген жерлердің игерілмей жатқандарын кері қайтарып алып, қолынан іс келетін, жер қадірін білетін, өз тағдырларын ауыл шаруашылығына байлағандарға ұстату әділ шешім болар еді.
Жердің асты да, үсті де бүгінгі ұрпақтарымызға ғана емес, Алла жеткізсе, алыс болашақтағы ұл-қыздарымызға да толық қызмет етуі тиіс.
Жер – мемлекетіміздің басты байлығы екеніне Елбасы айрықша тоқталды.
Өскелең өндіріс – мемлекеттің қуаты. Өндірістің дамуын ғылыммен ұштастыра отырып жүргізу туралы барынша кең айтылған Елбасы пікірі мен ұсыныстары ел қуатын арттыруға, ел тұрақтылығын бекітуге бағытталғаны айдан-анық.
Сонымен қатар, Жолдауда еліміздегі рухани тұтастық пен дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етер басты нышан ретінде бағаланар ұлт мәдениетіне айрықша мән берілуі бізді қанаттандырады.
Ұлт мәдениеті дегеніміз не?
Ұлт мәдениеті дегеніміз – ұлттың жандүниесі.
Жолдауда мәдениетті қолдаудың алғы шарттарына да жан-жақты жол ашу керектігіне мән беріліп отыр.
Биылғы Жолдаудағы жүректен шығып, жүрекке жетердей айтылған келелі, келісті бір сөз – Мәңгілік Ел мен Ана тілінің егіздің сыңарындай болған терең тамырлы тағдырлы байланысы жайлы айтылған қанатты пайымдары.
Ұлттық ұлы мұраттарды тануда, жаратылысын жан-жақты талдауда, тани отырып, талдай отырып, қазіргідей аса күрделі жаһандану дейтін күрмеуі қиын дәуірде ел болып сақталудың басты нысаны деп ана тілінің айтылуы, менің ойымша, жүрекжарды сөз.
Өміршең сөз!
Жүректен шығып, жүрекке жетер сөз!
Елбасы өз Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталды. Ойын шегелеп, сөзін қадап айтты.
Енді кезек – Елбасы саясатын жүзеге асыруға міндетті, құжатта көрсетілген бағыттар мен бағдарлардың орындалуына жауапты билік орындарында.
Елбасы тапсырмаларын орындауда солқылдақтық танытып, салбөкселікке жол беруге болмайды.
Жүректен шыққан сөз бен пәрмені мықты ойға қанат бітіріп, оны қаз-қалпында жүректерге жеткізу – бәріміздің ортақ парызымыз. Бұл әуелі билік пен сан салалы атқару орындарында қызмет ететін басшыларымызға сын екені күмәнсіз.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.