ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Қазақстанның барлық сауда серіктестермен тауар айналымының көлемі артқаны туралы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«2021 жылдың 5 айында сыртқы сауда айналымы 36,4 млрд АҚШ долларына жетті, сондай-ақ былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда экспорт 5,5 пайызға өсіп, 22,9 млрд долларды құрады. Оның ішінде шикізаттық емес тауарларға 7,2 млрд доллар тиесілі болды», деді Жанель Кушукова министрліктің алқа мәжілісінде.
Оның айтуы бойынша, биылғы қаңтар-мамыр кезеңінде Қазақстанның импорты да 12,1 пайызға өсіп, 14,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде шикізаттық емес тауарлардың импорты 12,6 пайызға артып 13,5 млрд доллар болды. Ал шикізаттық тауарлар импорты 7 пайызға өсіп, 1,2 млрд долларға жетті.
«Барлық негізгі серіктестермен, яғни ЕАЭО, ТМД елдерімен, Қытай, Германия, Испания және басқа да елдермен сауда көлемі елеулі түрде артқаны байқалды», деді вице-министр.