Облыс әкімдігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының жаңартылуы мен жылыту маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Ақышов облыс әкімі Даниал Ахметовке халықты таза ауыз сумен қамту жұмыстары жөнінде есеп берді.
«Биыл сумен жабдықтау жүйесіне қатысты 110 жоба іске асырылуда. Осы жылдың соңына дейін 98 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Соның нәтижесінде, 50 мың тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі», деді ол.
Аймақ басшысы кеңес соңында Алмат Ақышовке электр, су және жылумен қамту жүйелерінің құрылысы мен дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды.
«Жуықта Семей қаласының іргесінде және Алтай Бесқарағай, Көкпекті, Катонқарағай аудандарында салынып жатқан сумен жабдықтау нысандарының құрылысын тексердім. Жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр. Сондай-ақ әр ауданның жылыту маусымына жауапты штаб өкілдерімен жиын өткізудеміз», деді басқарма басшысы өз есебінде.