Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.
Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен, өнер саласында беткеұстар қабілетті де қарымды Димаш Құдайбергеновтің бір өзі төбе емес пе?! Ол – Қытай елінде ұйымдастырылған халықаралық Im a singer байқауының жеңімпазы. Сонымен қатар Ержан Максим, Данелия Түлешова сынды мықты әнші балапандар үлкен сахналарды бағындырып, жарыстардан олжалы оралды. «Новая волна – 2021» байқауында Жан Маким ұлымыз қазақ елінің көк туын аспанда қалықтатып келді. Junior Eurovision 2020 байқауында тағы бір жерлесіміз Қарақат Башанова 2-орынды иеленді. Витебскте өткен «Славянский базар» халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін талдықорғандық жерлесіміз, әнші Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Кейбір қатысушылар үшін бұл шынымен қиын сынақ болып шықты. Соған қарамастан үздіктердің үздігі болып, суырыла шыққан Рухияны жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, өнерінің ұштала беруін тілейміз!
Токиода өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан халқының атын шығарып, қола жүлдегері атанған ауыр атлет Игорь Сон 2015 жылы Жетісу төрінде өткен Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының «Үздік жас спортшы» номинациясын, сондай-ақ Грек-рим күресінен Азия чемпионы Демеу Жадыраев 2017 жылы «Үздік жас спортшы» номинациясын иеленген. Тағы бір мақтаулы жерлесіміз, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы, әлем бойынша 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, Гарвард университетінің оқу грантына ие болған Сезім Ертанатов бар. Ол өзінің арман-мақсаттарына еңбек пен білімнің арқасында қол жеткізді. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жетісулық жастарымыздың жеткен жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді.
Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен аудандарда Жастарға қызмет көрсету орталықтарына арналған мекемелер бой көтермек. Алматы облысының аудандық және қалалық мәслихаттарында 65 жас халық атынан дауыс берсе, облыстық мәслихаттағы 37 депутаттың алтауы – жастар. Яғни барлығы 71 жас депутатымыз бар. Осыны ескере отырып, жастармен тұрақты түрде байланыс жасап, түйткілді мәселелерінің шешімін табуға үлес қосатын «Облыстық жас депутаттар» лигасы құрылды.
Еліміз егемендік алғаннан күні бүгінге дейін өңірдегі балалар үйінен 1541 түлек шыққан екен. Олармен тығыз байланыста болып, қоғамда өз орнын табуға, тұлғалық дамуына қолдау көрсету – өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте біз «Алматы облысының балалар үйі түлектерінің» қауымдастығын құруды жөн көрдік. Қауымдастық мақсаты балалар үйіндегі және постинтернаттық өмірді қадағалауға, балалар үйінен шыққан түлектерді жұмыспен қамтуға және псилогиялық қолдау көрсетуге бағытталған.
Тағы бір айтулы жоба жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, маргинал және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу және жастарды әлеуметтендіру бағытына негізделген. Яғни Namys жобасы аясында танымал спортшылармен кездесулер, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараға маргинал, девиантты, жұмыссыз жастар және қандастар қатысты. «Жетісу Жайдарман» лигасы облыс аумағында 7 мың жасты қамтып, әр аймақтағы көңілді тапқырлардың басын қосты. Нәтижесінде, республикалық лигаларда шамамен 30 команда өнер көрсетеді деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылғандай, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау туралы қаулы қабылдаған. Жоба аясында мемлекет тарапынан сан түрлі салада дарынды жастарға гранттар беріледі. Игі іс облысымызда да жалғасын таппақ. «Жас ғалым» жобасы өңір жастарының ғылыми әлеуетін арттыруға, жас кәсікерлердің тұлғалық және кәсіби дамуына септігін тигізеді. Ғылыми жобалардың байқауына Алматы облысының ғылыми танымы мен қызығушылығы бар кез келген жастары қатыса алады. Ал «Жас талант» – өнер байқауы. Өңірдегі шығармашыл жастарды іріктеп қана қоймай, түрлі мәдени бағыттарға қызығушылығы бар жастарды қолдау арқылы оңды қоғамдық пікірлерін қалыптастыруға үлес қосады.
Бүгінде Алматы облысының жастарға қызмет көрсету орталығының жанынан «Мейірімді Жетісу» облыстық фронт-офисі ресми түрде ашылып, азаматтарды волонтерлікке тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-офистердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін жүргізеді. Облыстың волонтерлік топтары жұдырықтай жұмылып, пандемия өршіп тұрған кезде демеушілерді тарту арқылы 30 мың отбасыға әртүрлі көмек көрсетті, 100 мың данадан астам бетперде таратты, 9 мың шамасында қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Нәтижесінде, облысымыздың белсенді 15 волонтері ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында азаматтарды қайырымдылық жасауға тарту, волонтерлікті дамыту мақсатында әртүрлі ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Осы орайда жыл басынан еріктілер ұйымдарының саны ұлғайып, 95 бірлікті құрады, 7 мың ерікті тіркелді. Жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтіліп, 2021 жылы 76 млн теңге бөлінді. Мемлекет басшысы айқындаған еріктіліктің жеті бағыты және «Қайырымды істер марафоны» аясында облыста 1 216 акция өткізілді. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болып, 9 мың отбасына 170 млн теңгенің азық-түлік себеттері таратылды. «Біргеміз. Таза әлем» жобасы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға қызмет көрсетті. Бұл істердің барлығы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналады.
Елдар САПАРОВ,
облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы